• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Қараша, 2024

Тартысқа толы турнир

87 рет
көрсетілді

Қарағандыда футзалдан жас­өспірімдер арасында қоғам қайрат­кері, заңгер Балапан Әбеновті еске алуға арналған облыстық турнирдің дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанына алты жыл болды. Елдің игілігіне қыз­мет қылған арда азамат атын­дағы доп додасына биыл 12 команда қа­тыс­ты.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті билік, зия­лы қауым өкілдері арнайы келіп, қайраткердің есімін зор құрметпен еске алды. Балапан Зипатоллаұлы саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнады. Қарапайым тергеушіден Теміртау қаласы прокурорының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Әр жылдары облыстық прокуратурада, әділет департаменті бастығының орынбасары, кейінірек облыста соттар әкімшісі болып қызмет істеді. Облыс әкімінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

– Турнирдің лайықты деңгейде өтуіне лепті үлес қосқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жастар футбол мектебінің басшылығына, қайраткер азамат, руханият жанашыры Ерғазы Қадашұлына алғыс айтамыз. Жылда Б.Әбеновтің көзкөрген замандастары да демеушілік көрсетіп жатады. Жүлде қоры қомақты. Өңірде шағын футболды дамыту қашанда маңызды. Биыл іріктеуден өткен үздік командалар келді. Мектеп жасындағы жасөспірімдерге бұл – тың мүмкіндік, – деді еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай.

Екі күнге созылған жарыста Қараған­дының «Қыран» командасы турнир жеңім­пазы атанды. Екінші орынды Абай ауданынан келген футболшылар иеленді. Үшінші орын қа­рағандылық «Скаут» командасына бұйырды.

– Жарыстың деңгейі жыл өткен сайын жоғарылап, қатысушылар қатары көбейіп келеді. Бұл жолы Ақмола, Қарағанды, Ұлы­тау облыстарының футболшылары қатыс­ты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дене шынықтыру және спорт басқармасының кубоктары, медальдары, грамоталары­мен марапатталды. Бұған қоса Балапан Әбе­нов­тің туған-туыстарының, дос-жаран­дарының демеушілігімен ақшалай сертификаттар табысталды. Келесі жылы бұл турнирді рес­пуб­ликалық деңгейде өткіземіз деп отырмыз, – деді жарыстың бас төрешісі Балғабай Нұрланов.

Турнир Б.Әбеновті еске алу ғана емес, ең алдымен, жас спортшыларды қолдаудың өзгеше үлгісі. Дәстүрлі доп додасы балалар­дың футболға деген қызығушылығын арттырып, жас жеткіншектерге ынта-жігер сыйлайды.

 

Қарағанды облысы