Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бірегей жануарлар мен өсімдіктерді сақтап қалу мәселесі әлі де өзекті екенін алға тарта отырып, бұл бағытта қажетті шаралар қабылдауды тапсырған еді. Расы керек, ел аумағындағы жыртқыш құстардың саны бір кездері күрт кеміп кетті. Қызыл кітапқа енгені бар, енбегені бар, қаскөйлер қызығын көріп бақты. Қазірде мұндай құстар мемлекет қарауына алынған. Сарышаған теміржол стансасынан 8 шақырым жердегі «Самұрық» жыртқыш құстарды өсіру, мониторингілеу және оңалту орталығы Арқа көгіндегі жыртқыш құстың түр-түрін аман сақтап, самғатып тұр.
«Самұрық» жыртқыш құстарды өсіру, мониторингілеу және оңалту орталығы ұйымының бастамашысы – «Мидя» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2019 жылы құрылған ұйымның жалпы аумағы – 10 га. Бұл аймақта бірнеше блок бар. Алғашқы блогінде құстардың балапандарына арналған қоршау орнатылған. Сұңқар құстардың жұмыртқасын қалыпты температурада сақтайтын ғимарат, азық сақтайтын қойма өз жұмысын жүйелі атқарып тұр. Орталықта қызмет ететін мамандарға арнайы үй де салынған.
Бүгінде орталықтың қарауында 105 сұңқар, 6 ақсұңқар құс бар. Олар 2021 жылы «Cites» ұлттық әкімшілік мекемесінің рұқсатымен Қатар мемлекетінен аталық сұңқардың 37 балапанын, аналықтың 20 балапанын әкелген еді. Сонымен қоса сол жылы Алматының зообағынан 5 сұңқар балапанды қатарға қосқан. Орталық қызметкерлері биыл тағы да Қатардан 43 сұңқар, 6 ақсұңқар құс алыпты.
Мұндай жаратылысы аса нәзік құстардың күтіміне ерекше біліктілік керек. Орталықтың бұл бағытындағы шаруалары олжасыз емес. Екі маман Ресейдегі «Холзан» атты жыртқыш құстар орталығында бір ай тағылымдамадан өтіп келді. Тағы бір маман Біріккен Араб Әмірлігіндегі жыртқыш құстардың бас ветеринарлық госпиталінде тәжірибесін жетілдірді. Қазір құстарды қадағалаумен тікелей осы мамандар айналысады.
Орталық қызметкерлері жараланған жыртқыш құстарды емдеп алады. Мұнда текті құстардың генетикасын зерттейтін арнайы зертхана жұмыс істейді. Зертханадан жыртқыштардың популяциясына қатысты өзгерістер мен құбылыстарды анықтауға әбден болады. Сөйтіп, Арқадағы жабайы табиғатты зерттейтін мамандар шоғыры қалыптасып келеді.
Сұңқарлардың азығына келетін болсақ, көбіне тауық, бөдене, қоян етін жейді. Олардың ас мәзірінде 4-5 айлық жас тауық та бар. Орталық директорының ғылым және мониторинг орынбасары Шамиль Шәріпов жыртқыш құстарға көбіне бөдененің етін береміз дейді.
– Құстарды фабрикадан тірідей де, мұздатылған қалпында да жеткіземіз. Оларды арнайы герметикалық қаптамаларға салып тасымалдаймыз. Негізі құстар бөдене етімен қоректенгені жөн. Бөдене етін бермес бұрын қанаты мен аяқтарын алып тастаймыз. Ал балапан құстарға міндетті түрде ішегін тазалап береміз. Бауыр, жүрек, тері мен қауырсынын жейді. Сұңқарлардың өзіне тері, бауыр, аздап құс майы қажет. Бұл қорек құстардың терілері мен қауырсындарын қатайтуға сеп. Күнде олардың азығына дәрумен себеміз. Сұңқарлардың азығына бір тамшы балық майын қосамыз. Әр сұңқарға аптасына үш рет жұмыртқаның сарысын береміз. Текті құстарға берілетін азық түрі міне, осындай. Сапалы азықтың құстардың ағзасына жақсы әсері бар, – дейді Ш.Шәріпов.
Тауық еті айына екі рет Қарағанды құс фабрикасынан, бөдене еті Алматы қаласындағы құс фабрикасынан жеткізіледі. Қарағандыдан айына 500-600 кило ет әкелінеді. Азықтың барлығы тоңазытқышы бар камерада сақталады. Қояндар жеке фермалардан сатып алынады. Келер жылы орталық аумағында тышқан тәрізді кеміргіштерді өсіруге арналған виварийлік ғимарат іске қосылады.
Орталық директоры орынбасарының мәлімдеуінше, кейінгі 70 жылда әлемде сұңқар құсқа деген сұраныс жоғары. Әсіресе Парсы шығанағы елдеріндегі құс аукциондарында жақсы бағаланады. Кувейт, Бахрейн, Сауд Арабиясы елдерінде, еліміздегі құсбегілер тарапынан да бапталған сұңқарларға сұраныс байқалады.
– Орталық атадан балаға мұра болып келе жатқан аңшылық дәстүрді жандандыруға да септігін тигізеді. Қазақ халқының саятшылыққа жаны құмар. Астындағы атына, баптаған тазы иті мен сұңқарына ерекше ықыласпен қараған. Аңның соңынан тазы жүгіртіп, төбесінен сұңқар ұшырған елміз. Орталықтағы жыртқыш құстардың саны көбейген соң саятшыларға сату мүмкіндігі де пайда болады. Бұл шаруа қаржыдан бұрын саятшылыққа дем береді, – дейді Ш.Шәріпов.
Ия, сұңқар құсты сақтаған, күтіміне барын салып баптаған орталықтың атқарып жатқан шаруасы мақтауға тұрарлық. Тоғызыншы территория аспанында ақсұңқар құстар саңқылдап, самғап ұшар күн туса, оны қызғыштай қорып, қырағылық танытып отырған ұйымның есепсіз еңбегінің еш кетпегені болып шығады.
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы,
Сарышаған кенті