• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2015

Бас прокурор – аса беделді қызмет

434 рет
көрсетілді

Басқалар үшін қалай екенін кім білсін, ал қырғыз ағайындар үшін дәл солай. Соңғы бір ай көлемінде елдің бас прокурорын алмастыру елдегі үлкен саяси оқиғаға айналғандай болды. Бұл елдің саяси өміріне зер салып жүретін адам Қырғызстанның бас прокуроры Аида Салянованың атын талай естіген. Ол өзінің қағи­датшылдығымен, кейде артық­тау көрінетін қаталдығымен ерек­­шеленетін. Қандай қызмет ат­қарғанына қарамай, жемқор­лыққа қатысы барларға қырғидай тиді. Сондықтан да одан көп адам қаймығатын. Міне, сол Салянова қызметінен кететін болыпты деген сөз өткен жылдың аяғында шығып, оған ел басшылығы да түсініктеме беруге мәжбүр болған. Басшылық дегенде, президент Атамбаевтың өзі 27 желтоқсанда оны ежіктеп түсіндірді. Салянованың бұл жұмыстан кетуі үшін бірнеше рет өтініш бергенін, бірақ әзірге кетпейтінін, тек демалысқа шыға­тынын айтқан. Оның жұмы­сына жоғары баға беріп, тіпті, оның «құқықтық мемлекетті және демократиялық қоғамды нығай­туға қосқан үлесі үшін «Манас» орденімен марапаттаған да. Ал үкімет басшысы Жомарт Отарбаевтың пікірі де жоғары: «Мен жеке өзім Салянованың жұмысында қалғанын қалар едім. Мұндай адамнан айырылуға болмайды. Ол қоғамда үлкен беделге ие», деген. Арада бір ай өткенде Салянова жұмысынан кететін болды. Оның өтінішін президент Жогоргу Кенеш­ке ұсынып, 57 депутат өті­­ніш­ті қанағаттандыруға, ал 18 депутат оған қарсы дауыс бер­ді. Мәселе парламентте қаралып жатқанда, оның маңында шағын митинг те өтіпті. «Аида Салянова, халық сенімен бірге!», «Біз Салянованың кетуіне қарсы­мыз!», «Билік Салянованың кет­кеніне жауап береді!» деген плакаттар пайда болыпты. Митинг­те сөйлегендердің бірі оны қыр­ғыз­дың ел билеген қайраткер қызы Құрманжан датқамен де теңестірген. Қалай дегенде де, осының өзі елдің бас прокурорының кетуінің арғы жағында үлкен күрес болғанын аңғартады. Біреулер оны кетіруге мүдделі болған, екіншілерінің қалдырғысы келген. Бас прокурордың кетуі туралы әңгімеге қосарлана ол кетер болса, орнына кім болады деген әңгіме де өршіді. Талай адамның аты аталды. Сірә, бұл қызметке қызығушылар көп болғанға ұқсайды және оған жұртшылық айтарлықтай мән берген. Президент Атамбаев көпшілік күтпеген адамды ұсынды. Прези­дент аппаратының сот реформалары мен заңдылықты жүзеге асыру бөлімінің меңгерушісі Индира Жолдыбаева қадағалау органының басшысы болып шыға келді. Бұл елде біреу басшы қызметке келсе, қолдаушысы кім екен, кімнің туысы деген сұрақ қойылады. 32 жастағы бас прокурор конс­титуциялық соттың бұрынғы төрайымы Шолпан Баекованың және бұрынғы премьер-министр Аалы Карашовтың туысқаны екені енді белгілі болды. Жұрт одан да бұрын Жолдыбаеваның Аида Салянова мен жоғарғы сот төрайымы Феруза Жамашевамен жақын құрбылар болғанына ерекше мән беріп отыр. Қырғызстанда әйел азамат­тардың да белсенділігі жоғары. Саяси өмірде көзге түсіп жүргендер баршылық. Бұл ретте алдымен президент болған Роза Отынбаева ойға оралады. Салянова туралы жоғарыда айттық. Енді саяси аренаға тағы бір қайраткер шықты. Ол – Индира Жолдыбаева.