• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 08 Қараша, 2024

Романовтар тойына қатысқан қазақ

308 рет
көрсетілді

Мына бір фотода 12 адамның бейнесі тұр. Жетеуі – патшалық Ресей кезіндегі шенді офицерлер де, қалған бесеуі – азияттар. Бұл жәдігер қазір Орталық мемлекеттік архив қорында сақтаулы. Фотоның ресми анықтамалығында «1913 жыл. Жетісу делегациясы Санкт-Петербург қаласында Романовтар билігінің 300 жылдығын мерекелеу шарасында» деп жазылыпты.

Осы орайда оқырман қауым тарапынан «Романовтар кім?» деген сұрақ туары хақ. Тарихтан білеміз, 1612 жылы Польша королі Мәскеуді шапты. Патша халықты қорғай алмай тақтан тайды. Иесіз елге боярлар бас болып, басқыншы жауды жеңді. Сөйтіп, 1613 жылы Мәскеуде жаңадан патша сайлау үшін боярлар, дворяндар, шіркеу қызметкерлері, посадтар қатысқан зор жиын өтті. Осы жиын боярлар әулетінен шыққан 16 жастағы Михаил Федорович Романовты патша сайлады. Сөйтіп, Романовтар әулетінің билігі Ресей тарихында үш ғасырға ұласты. 1913 жылы соңғы император ІІ Николай Александрович Романовтың тұсында әулеттің билік құрғанына 300 жыл толған мерекесі Петерборда дүркіреп өтті. Ал мына фотода тұрғандар – осы тойға Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты әкімшілік аймақ Жетісу облысынан барған өкілдер.

Осындағы адамдар туралы ақпаратта: оң жақтан екінші ретте отырған шенді – сол тұста Түркістан өлкесінің губернаторы генерал-лейтанант Александр Василевич Самсонов екен. Одан кейін үшінші болып отырған тұлға – Жетісу облысының әскери губернаторы, ұлты неміс, генерал-лейтенант Михаил Александрович Фольбаум.

Ал бізді қызықтырғаны – әскери губернатор М.А.Фольбаумның сол жағында иық тірестіріп отырған келісті қазақ бейнесі. Ол кісінің аты-жөні – Құдайберген Тұрысбекұлы Мама­нов. Яғни тарихта байлығымен аты шық­қан Маман Қалқабайұлының немересі. Байыр­ғы жетісулықтар сүйсініп айтатын «Құйсаң толмайтын, төксең ортаймайтын, Маман Тұрысбектің байлығын берсін!» дейтін батада аталған Тұрысбектің бел баласы. Сондай-ақ алдыңғы қатарға алпамсадай болып жайғас­қан, кеудесі орденге толы ақсақал – ұлты қыр­ғыз, атақты болыс Қыдыр ата Байсарыұлы екен.

Осы Қыдыр ата 1843 жылы туып, 18 жасында Түрген болысы сайланып, бұл қызметін 1893 жылға дейін атқарады. Ақсақалдың бір ұрпағы ІV шақырылған Қырғызстан Жоғары кеңесінің депутаты Дүйшембек Қыдыровтың айтуынша, атасы 1896 жылдың көктемінде тақ мұрагері Николайдың үйлену рәсіміне, одан кейін екінші рет 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына қонақ болып барған.

* * *

Қош, сонымен... Бұл фотоны он шақты жылдан бері білеміз. Тіпті бір журнал бетінен қиып алып сақтап қойғанбыз. Содан өткен көктемде жұмысқа бір апай іздеп келді. Қолындағы папкасын ашып еді, ішінен мына фото жарқ етіп шыға келді. «Бұл суретті қайдан көріп едім, өте таныс». Менің ойланып отырғанымды ұққан болуы керек, апамыз ортада қасқайып отырған адамды «бұл – менің әкем» деп көрсетті. Басын басқалардан ерекшелеп қойыпты. Таныса келе Еңлік Құдайбергенқызы Тұрысбекова екенін білдік. «Суреттегі кісі әкеңіз екеніне дәлеліңіз бар ма?» дедім. «Дәл осы фото болмаса да, әкемнің басқа суреттері қолымызда. Анам Ғазиза мына суретті бірден таныды», деді. Айт­пақшы, фотоның бір нұсқасы шөбересі Мұрат Құдайбергеннің шаңырағында сақтаулы тұр.

Еңлік Құдайбергенқызы көзімді то­лық жеткізейін дегендей, тағы бір деректі алып шықты. Бұл құжат түп-тамыры көкшетаулық, Үпідегі (Уфа) «Ғалия» медресесін, одан кейін Қазан университетін бітірген ағартушы, қайраткер, ақын, жазушы, журналист Мұха­медсәлім Кәшімовтің 1913 жылы «Айқап» жур­налының №3 санында жарық көрген «Қапал уезінен» атты мақаласы екен. Онда былай деп жазылыпты: «21 февральда Петербордағы болашақ юбилейге (Романовтардың 300 жылдық тойын айтады) баруға Қапал уезі қазақтары атынан Құдайберген Маманов сайланды. Алыс сапарға шығар алдында Маман ұрпақтары Қапалдағы үйіне таныс адамда­рын қонаққа шақырды. Орыстардан ояз по­мощнигі, пристав, басқа бірнеше төре болды. Қазақтардан Барлыбек Сырттанов, част­ный выборный Көлбай Төгісов һәм бірнеше переводчик қатысты», деп жазыпты.

Фотоның тағы бір данасы Семей қала­сындағы Абай музей қорында болғаны туралы айтқан абайтанушы ғалым, көп жыл Абай қорық мұражайын басқарған Төкен Иб­рагимнің естелігін оқып қалдық («Шапағатты шырақ». Алматы: «Үш қиян», 2001. 61-б).

Сөйтіп, Құдайберген хақында іздендік. Бұл кісі 1871 жылы атақты Тұрысбек Маманұлының наманғандық өзбек әйелі Әбугүлден туған баласы екен. Әкесі оны жастайынан нағашыларына жіберіп, Самарқанд медресесінде оқытқан. Одан кейін 1891–1895 жылдары Орынбордағы төртжылдық мұғалімдер семинариясына жіберген. Құдакең бұл жерде Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлымен бірге білім алып, мәдениетті, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, сондай-ақ музыкаға қабілетті, прогресшіл тұлға болып қалыптасады.

Оқуын аяқтап елге оралған соң, ағартушы­лық ісімен айналысады. Арасан еліне болыс болып сайланады. Әкесі Тұрысбек қажы 1904 жылы өмірден озған соң, «Мамания» мектебі­нің ісін басқарады. 1909 жылы мектепті заман­ға қарай сегізжылдық оқу жүйесіне ауыстырып, бағдарламасына орыс тілін енгізеді.

Белгілі жазушы Шәкен Күмісбаевтың «Жетісу» газетінде жарық көрген естелігін­де: «Арасан елінің болысы Құдайберген Тұрысбекұлының Жетісу губерниясы­ның оқу инспекторына «мектеп бағдарлама­сы­на орыс тілін оқыту туралы» жолдаған өтініш хаты сақталған. Бұл өтініштің жүзеге асуы­на Барлыбек Сырттанов көмектескен. Нәтижесінде, «орыс тілі оқытылсын» деген шешім шығып, сарқандтық Захар Назаров деген орыс мұғалімдік қызметке алынған» деп жазыпты. Тағы бір деректе Құдайберген болыс 1911 жылы бірге оқыған досы Ахмет Байтұрсынұлының кеңес беруімен білімді ұстаз Ғабдулғазиз Мұсағалиевті «Мамания» мектебінің меңгерушісі қызметіне қабылдағаны туралы айтылыпты.

Мамановтар әулеті – Жетісу өңіріне ғы­лым-білім шырағын жаққан адамдар. Олар өз­дері құрған «Мамания» мектебін озат оқыған түлектерді Орынбор, Уфа, Қазан қалаларына оқуға жіберіп, шығынын көтерген. Соның бірі – Орынбордағы екіжылдық мұғалімдер семинариясына жолдама алған Біләл Сүлеев. Бұдан басқа Бейсенбай Кедесов, Мейірман Ермектасов, Әйсейіт Бағрамов, т.б. түлектер Уфада білім алған.

Құдайберген болыс өз тұсында Алаш арыс­тарымен достық қарым-қатынаста болған һәм ғасыр басында ұлттық ағартушылық бағыт ұстанған қазақ газет-журналдарына көмек­тесіп тұрған. Мысалы, ұлт айнасы «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 31 март (наурыз) күнгі №169 санында басылымға қамқорлық танытып, көмек берушілер тізімінде Құдайберген Тұрысбековтің де есімі жүрсе, 2001 жылы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген «Шапағатты шырақ» атты кітаптың 56-бетінде «Құдайберген болыс маңына білімді адамдарды жинаған. Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевпен дос болған. Тарихшы ғалым «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі» атты еңбегін жазу кезінде оған Құдайберген болыс ел арасынан дерек жинап көмектескен» депті. Сол сияқты Құдайберген болыстың кіші әйелі Ғазиза апаның естелігінде дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровті мектепке қабылдаған Құдайберген дейді.

Бұл кісі ақ қашып, қызыл қуған 1920 жылы атажұртынан байыз таппай, Шыңжаң – Құлжа өңіріне қоныс аударған. 1927 жылы туған жеріне айналып соққанымен, ентелеп келе жатқан байталау (кәмпеске) науқанын сезіп, бір түнде Қытай асып кеткен. Жарық­тық 1949 жылы Іле-Құлжа өңірінде дүниеден өтіпті.