• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қараша, 2024

Тойдан тамаша тәбәрік

1726 рет
көрсетілді

Жақында Орал қаласында жас жұбайлардың үйлену тойында әдемі бір бастамаға куә болдық. Манарбек пен Арайлым есімді жұп той қонақтарына тәбәрік ретінде кітап таратты.

Сөйтсек, «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен 2 мың дана болып басылған «Ер Едіге» атты кітап дәл осы жас жұбайлардың қаражатына шыққан екен. Той қарсаңында Манарбек пен Арайлым өзара ақылдасып, үйлену тойына деп жинаған қаражатының бір бөлігін осы кітапты шығаруға жұмсапты. Кітаптың арасында қос ғашықтың суреті бейнеленген тілдей қыстырма да жүр. Онда «Махаббаттың мәні» кітабынан алынған «Некенің мәні – тіршіліктен хикмет табуда бір-біріңе айнымас серік болу» деген бір ауыз цитата жазылған.

Шаңырақ көтеріп отырған жұбай­лардың кітапқа, әдебиетке құмарлығы тегін емес екен. Күйеу жігіт Манарбек Жұмабаев – Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, ал Арайлым Олжахан – Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің филология факультетін үздік бітірген. Оның үстіне Арайлым осы кітаптың корректурасын өз мойнына алыпты.

«Жұбайлық өмірдің маңызды күнінен осындай мәнді естелік қалдыруды жөн көрген қос ғашықтың шаңырағында Ер Едігедей ұрпақ дүниеге келсін. Екі жастың осындай игі ісі өзге жандарға да өнеге болсын»,  деді осы тойға арнайы келген «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының директоры Бағдат Құдияр.

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылыми талдауымен жарық көрген бұл «Ер Едіге» кітабы бұрынғы басылымдарды қайталамайды. «Алпамыс батыр» жырын заманға лайықтап шалқыма дәстүрімен қара сөзге тү­сірген Ақселеу Сейдімбектің, «Ер Тар­ғын» жырын қара сөзге айналдырған Мұхтар Мағауиннің жолымен «Ер Едіге» жыры да жаңаша түрленген. Бұрыннан белгілі бірнеше жыр нұс­қасы негізге алынып, бүгінгі күн­­нің тіл­дік ерекшеліктеріне, емлесіне ла­йық­­­талған, бірақ түпкі маз­мұны, Ал­тын Орда дәуіріне тән стилис­ти­­касы, батырлар жырына тән ру­хы сақ­­талған жаңа дүние болып шық­қан.

Айтпақшы, отау құрып жатқан ба­лаларының бастамасын олар­дың ата-анасы да қолда­ған көрінеді. Манарбектің анасы Жар­қынай апай өмір бойы кітап­ханашы болып қызмет етіпті. «Балаларым кітап­­құмар болып өссе екен деп тіле­дім, солай тәрбиеледім. Бүгін менен ба­­қытты жан жоқ!» дейді жүзі бал-бұл жанған Жарқынай ана.

 

Батыс Қазақстан облысы