• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 09 Қараша, 2024

Мемлекеттілігіміз 890 жылы араб картасында «әл-Қазақия» деп көрсетілген

13260 рет
көрсетілді

Шынайы тарихты қа­лып­­тастыратын сенімді негіз – картография ғылымы. Соның ішінде көне заманнан жеткен карталар – өткеннің дереккөзі іспеттес. Бұлар – мемлекеттердің, халық­тардың, жер-су атауларының тарихын зерттеп-зерделеуде таптырмас құрал. Елімізге белгілі ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров біраз жылдан бері осы салаға айрықша ден қойып, шетел архив­терінде сақталған көне кар­талар арқылы қазақ мем­лекеттілігінің тарихын айқындап жүр. Таяуда ол осыдан 12 ғасыр бұрынғы араб картасынан мемлекеттілігіміздің бастауына қатысты тың дерек тапты. Бұның құндылығы – 890 жылы араб картографтары жерімізді «Қазақия» деп айқын жазғандығында.

Біз осы өзекті ғылыми мәселе төңірегінде Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлымен сұхбаттасқан едік. 

– Мұхит-Ардагер мырза, бұл салаға қай кезден бері бет бұрдыңыз?

– Қазақ мемлекеттілігі­нің тарихын картография арқы­лы зерттеп келе жатқаныма 20 жыл­ға жуықтап қалды. Нақты­рақ айт­қанда, Еуропада оқып жүр­ген кезімде қызығушылығым оянды. Шетелдік студент ретінде бос уақытымда жергілікті музей­лер мен архивтерге жиі бас сұғып, картографиялық жинақтарды зерттейтін едім. Сонда Еуропа­ның ортағасырлық карталарын қарап отырып: «Қазақстанның бір ауданымен шамалас ала­қандай мемлекеттердің көне кар­талары бар да, біздің карта­ларымыз неге жоқ?» деп ойлайтынмын. Архивтердің құпия қатпарларында қазақ жеріне қатысты да тың дүниелер жасырылып жатқанын іштей түйсініп, тарих қойнауына тереңдеп бойлай бердім. Түйсігім алдамапты, көп өтпей Қазақ мемлекеті көрініс тапқан алғашқы орта­ғасырлық картаны қолыма түсір­генде төбем көкке жеткендей болды.

Содан бері үздіксіз іздену нә­тижесінде Еуропа елдерінің мем­лекеттік, ұлттық музейлері мен кол­лекцияларындағы, архив­­теріндегі, Еуропа, АҚШ, Таяу Шығыс, Азия елдерінің ко­роль­дік картографиялық кол­лек­ция­ларындағы, іргелі амери­ка­лық картографиялық орталық­та­рын­дағы Қазақ мемлекетінің, сон­дай-ақ өзге де бауырлас түркі мем­лекеттерінің 4 мыңнан аса көне картасын тауып, сипаттап, жүйеледім. Оның көбі – ІХ–ХІХ ғасырлар аралығындағы Қазақ мемлекетіне қатысты еуропалық, америкалық карталар, сондай-ақ ХХ ғасырға тән еңбектер мен араб графикасымен жазылған көптеген шығыс картасы да бар.

– Осы зерттеулеріңіз нә­ти­же­сінде «Қазақстанның үзі­ліс­сіз мем­ле­кеттілігі тарих тол­қы­нында. XVІ–XIX ғасыр­лардағы еуропалық және амери­ка­­лық карталардағы Қазақ мемле­кеті» атты іргелі еңбегіңіз жа­рық көргенін білеміз. Биыл Прези­дент оған жоғары баға берді. Осы кітапқа тоқта­лып өтсеңіз, оның ішінде қан­ша карта қамтылған? Өзіңіз тап­қан деректің бәрі енді ме?

– Иә, 2021 жылы Брюссельде осы кітабым қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл XVІ–XIX ғасырлардағы ­Қа­зақ мем­лекетінің еуропалық және амери­калық карталарының ал­ғаш­­қы мамандандырылған атласы болған­дық­тан, елімізде де, шетелде де үлкен қызы­ғу­шылық туғызды. Оған Италия, Нидер­ланд, Швейцария, Фран­ция, Бель­гия, Испания, Герма­ния, Аустрия, Пор­тугалия, Шве­ция, т.б. елдерден табыл­ған 130-дан аса көне кар­та енді. Өзім ар­­ман­дағандай, ал­ғашқы басы­лымның барлық дана­сын елі­міздің және шетелдің ұлт­тық кітапха­наларына тегін тараттым.

Биыл қыркүйек айында Брюс­сель­де осы кітаптың кеңей­тілген әрі толық­тырылған екінші басылымы жарық көр­ді. Онда то­лық­қанды авторлық сипаттама-дескрипторы бар 200 карта хро­ноло­гиялық тәртіппен бе­рі­ліп, шыққан уақыттары мен тех­ника­лық параметрлері егжей-тегжей жазылды.

Ибн Хаукалдың әлем картасындағы «Әл-Қазақия» мемлекеті, 970 жыл.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл кітап­тарға менің ұзақ жыл­ғы ізденісім нәти­жесінде табыл­ған құнды карталар­дың азған­тай бөлігі ғана енді. Енді­гі мақ­са­­­т­ым­ның бірі – Шығыс зерт­теу­шілері мен сая­­хатшыларының ХІ–ХІV ғасырларға жа­татын жүзге тарта картасын жеке кітап қылып жарыққа шығару.

– Таяу күндері әлеумет­тік желіде маңызды ақпарат­пен бөлістіңіз. ІХ–ХVІ ғасырлар­ға жа­татын түркі және араб карта­ларын желіге шығарып, қазақ мемлекеттілігінің тарихы 12 ға­сыр бұрын бастал­ға­ны жайында пікір білдірді­ңіз. Осыған кеңірек түсініктеме берсеңіз.

– Иә, мен мұны ел тарихына қатысты аса маңызды жаңалық деп есептеймін. IX–XIII ғасырлар­да жарыққа шыққан исламдық (түркі, араб, парсы) карталар Түркия, Таяу Шығыс, Аустрия, Нидерланд, АҚШ, т.б. елдердің карто­графиялық коллекция­­лары мен кітапха­наларында сақтау­лы. Көне түркі және араб карта­ларына қарап отырсаңыз, ең әрісі ХІІ ғасыр бұрынғы дерек­тер­ден Qazaqia, Cassackia, Kazakia, Кассакия деп жазылған поли­тонимдерді (мемлекет атауы) және Qazaq, Cassak, Kassak, Kazak деп жа­зыл­ған этнонимдерді (халық аты) кез­дестіресіз. Бұл атаулардың барлығы қазіргі біз­дің тұрып жатқан территория­мызда болған. Осыған қарап оты­рып, қазақ мемлекеттілігі­нің тарихы 12 ғасыр бұрын бастал­ған деуге толық негіз бар. Бұл карталарды қазақ жеріне және өзге де көршілес аумақтарға арнайы келіп зерттеген ғалымдар мен саяхатшылар жасаған. Бұл сол уақыттағы картографиялық зерттеулердің дәлдігін, ма­ңызын әрі сенімділігін арттырады. Сондай-ақ олар кейінгі ға­сырларда әлем­дік картография ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан.

– Осы тұста бір сұрақ туындайды. Біз Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды, яғни қазақ мем­лекеттілігінің тарихы да осы жылдан басталады деп оқып келдік емес пе?

– Расында, қазақ мемлекет­тілі­гінің, Қазақстан тарихының қазіргі қолда­ныстағы тұжырымы кейінгі уақытта табылып жатқан жаңа деректер, қайта зерттеу­ден өткен бұрынғы құнды дерек­көздер нәтижесінде қайта қарау­ды қажет етеді. Сондықтан қазақ мемле­кеттілігінің тарихын қазіргі айтып жүрген мерзімнен тым әріден бастауға толық негіз бар.

Осы орайда «қазақ этногенезі Жошы ұлысы тарағаннан кейін өмірге келді деген тұжырым­ды не істейміз?» деген сұрақ туындайды. Менің ғылыми ұстанымым: біз­дің ұл­тымыздың этногенезі мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы ІХ–Х ғасыр­ларда, яғни Шыңғысхан кел­­местен бұ­рын және өзінің империясын құрғанға дейін толық аяқталған.

– Сонда ХV ғасырда Қазақ хан­­ды­ғын құрған Жәнібек пен Керейдің ұлт тарихындағы рөлі қандай болмақ?

– Бұл бабаларымыз қазақ та­рихын­дағы орны айрықша ұлы тұл­ғалар болып қала бе­реді. Өйт­­кені олар алдымен Жошы ұлы­сы, кейін Шыңғысхан им­пе­рия­сының бір бөлшегі болған Шағатай ұлысынан кейін Қазақ мемле­кетін өзінің байырғы территориясында қайта қалпына кел­тірді.

Қазақтар XIII–XIV ғасырларда ғана, яғни екі ғасыр бойына Шың­ғысхан империясымен кон­­федерациялық құрылым­да бол­ды. Континуитет, яғни үзі­ліс­сіз мемлекеттілік теориясы­­на сәйкес конфедерацияда, отар­лық бағыныштылық­та болу, қу­ғындағы үкіметтің өмір сүру ке­зеңі, т.б. жағдайлар үзіліссіз мем­лекет­ті­лік тұжырымын жоқ­қа шы­ғармайды, ­ке­рісінше кү­шейте түседі. Сондықтан ­ІХ–Х ғасыр­ларда Қазақ мемлекеті қа­лып­тас­қан­нан кейін екі ғасыр бойы Шыңғыс­хан ­империясында болу Қазақ мем­лекет­тілігінің та­рихын үзген жоқ. Аталған им­пе­рияның соңғы бөл­шектері – Жошы ұлысы мен Ша­ғатай ұлы­сында әкімшілік, әс­кери-эко­номикалық құрылым әлсі­ре­генде, Қазақ мемлекеті қай­та құ­рылып, бұрынғы аумақта қал­­пына келтірілді. Оны белгілі ғалым Мұхамеджан Тыныш­баев «Қазақ хан­дығы» деп атады. Жалпы, біздің тарихымызда Қазақ мемлекеті­нің дәл осылай қайта қалыптасу оқиғасы екі рет орын алды. Бі­рін­шісі – өзіміз айтып отырған Жәнібек пен Керейдің Қазақ хандығын құ­руы болса, екіншісі – 1991 жылы КСРО тараған кезде тәуелсіздік алуымыз.

– Карталардан бөлек, көне гло­бус­тардан да Қазақ мем­­ле­кетіне қатыс­ты деректер тап­қаныңызды жазып едіңіз?

– Иә, жуырда атақты поляк астрономы, математигі, геогра­фы Николай Коперниктің Поль­шаның Торунь қаласындағы өзі тұрған үйінде оның ХVІ ғасыр­да жасалған глобусы сақталған. Онда Қазақ мемлекеті «Kasakki Tartari» (қазақ түркілері) деп жазылған.

Бұрын қазақ жерінде бол­ған мемле­кеттік құрылым, әлеу­мет­тік және қо­ғам­дық тұрмыс, этно­конфессиялық және этно­мәде­ни орта еуропалық зерттеу­ші­лер­­ге, саяхатшыларға, дипломаттар мен кар­тографтарға, діни миссионерлерге ХV ғасырдан бас­тап Азия мен әлем кар­та­ларын­да Қазақ мем­лекетін көр­сетуге мүмкіндік берген. Соның ішін­де Қазақ мем­лекеті көрініс тапқан ең көне еуропалық металдан жасалған глобустар 1540 және 1580 жылдары жасалған. Атап айтқанда, 1540 жылғы швей­цариялық алтын глобуста (қа­зір Францияда сақтаулы) және 1580 жылғы швей­цариялық алтын глобуста (АҚШ-та сақтаулы) Қазақ мемлекеті «Kosaki» деген атаумен берілген.

Бұлар – менің тапқан ең көне глобустарым. Алғашқы глобус­та қазақтардың солтүстік-шы­ғыс жағында Шағатай ұлы­сы (Zaga­tay) мен қалмақтар (Kalmvki), сол­түстігінде Вятка князьдігі, солтүстік-ба­тысында Қазан ша­һары (Cazan) көрсе­тілген. Оң­түстік-шығысында Хорасан (Corazine) мен Сырдария-Яксарт (Iaxart) өзенін көруге болады. Қазақ мемлекетінің батысында автор Ноғай мемлекетін көр­сет­кен.

Сондай-ақ бұл глобустан Деш­­ті-Қып­шақ (Comani), Соғды (Sogdia), Бак­триана (Bactrini), Амударияны (Oxian) байқауға болады. Каспий теңізінің батыс жағалауы Медиа деп көр­сетілген, бұл – Әзербайжан мем­лекетінің ортағасырлық поли­тонимінің бірі.

Бірде Францияның Ғылым ака­демия­сында картография­лық зерттеулер жө­ніндегі баян­­дамамнан кейін француз әріптесте­рім бұл деректер аталған глобус жасал­ған уақытта екіжақты француз-қазақ сауда-саяси байланысы бол­ға­нын білдіретінін айтты. Өйт­кені олардың айтуынша, картаға мемлекеттердің атауы жайдан-жай жазыла бер­мей­ді. Енді одан кейінгі ғасыр­лар­дағы француз-қазақ қа­рым-қа­тынастарының жазба құжат­тарын табу – уақыттың еншісін­дегі шаруа. Бұған екі елдің де ға­лымдары маңдай терін төгіп, атсалысуы керек.

– Қазіргі таңда қандай зерттеу жұ­мыстарымен айналысып жатырсыз?

– Мен қазір кезекті іргелі көп­томдық еңбекті дайындап жатыр­мын. Оған Қазақ мем­лекетіне қатысты көне карталарды көбірек салуға тыры­самын. Сонымен қатар түр­кі мемлекеттерінің орта­ғасыр­лық карталарының дербес көп­томдық атлас кітабын шыға­ру да ойда бар. Бәрі қаражатқа тіре­леді. Айта кету керек, осы уа­қытқа дейін тауып, жарияла­ған, Қазақ мемлекеті көрсетілген, ­қо­сымша ғылыми деректері бар, ХІ–ХІХ ғасырларға жата­тын еуро­палық және америкалық кар­та­лардың басым көпшілігі елі­міздің ғылыми-зерттеу, мә­дени, ақпараттық айналымына тұңғыш рет еніп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»