• RUB:
    5.97
  • USD:
    504.34
  • EUR:
    556.34
Басты сайтқа өту
Тұлға 04 Сәуір, 2025

Қалжыңы мықты құрдастар (Эссе)

362 рет
көрсетілді

Қазақ поэзиясының шынайы дүлдүлі Тұманбай Молдағалиев туралы айтар әңгіме көп. Жаны жайсаң ағамыздың қасында біраз жыл бірге жүріп, көңіл сырын өз аузынан талай тыңдаған бізде де арман жоқ шығар. Өз басым Тұмағаңдай ұлы ақынның көзін көріп, тірлікте жылы сөзін көп естігенімді мақтанышпен еске аламын, тағдырымның ерекше сыйы деп санаймын. Менің «Кие» атты жыр кітабыма Тұмағаң сияқты ғажайып сөз зергерінің өз тілегі бойынша алғысөз жазып қалдырғанын шығармашылық жолымдағы ең бақытты оқиға ретінде бағалаймын.

Тұмағаңмен жақын танысып, қоян-қолтық араласуыма өзім басқаратын «Қазығұрт» баспасы себепші болды.

2001 жылдың қоңыр күзі еді. Қыз­мет телефоным шырылдады. Тұтқаны көтер­ген баспаның бас редакторы Ұлан Оспанбай маған қарап:

– Темке, сені сұрайды, – деді.

– Кім екен?

– Тұманбай Молдағалиев.

– Тұмағаңның өзі ме? Әкел, – деп тұтқаны алдым.

– Темірғали батырсың ба, ей? – Ол кісі басалқалы даусымен көтеріңкі сөйледі.

– Иә, мен аға. Саламатсыз ба? Тыңдап тұрмын.

– Амансың ба, қарағым. Мен өзіңе жолықсам деп едім. Кеңсең қай жерде? Қашан барғаным дұрыс? Жұмыста боласың ба?

– Қазір келе беріңіз аға, – деп мекен–жайымызды айттым. Сүт пісірім уақыт өткен соң «Халқымыздың мақтанышына айналған алып ақынды кеңседе отырып күткенім ыңғайсыз болар» деген оймен есіктің алдына шықтым. Тұмағаңның қандай мәселемен келе жатқанын ішім сезеді. «Қадырдың көптомдығы шық­қан баспадан мен де кітаптарымды шығарамын» деп жүргенін естігенмін. Қадыр ағаның өзі де айтқан.

Тұмағаң келді. Мені бауырына басып:

– Бәсе, телефондағы дауысыңа қарап–ақ бас терісі келіскен жігіт қой деп едім. Мен де адам танимын ғой, – деді жылы жымиып, – Менің Қадыр құрдасымнан үйренетін нәрсе көп. Ол өліп кетсе де жаман адамды жағаламайды. Сенің мықты екеніңді содан-ақ білгенмін.

 – Көңіліңізге рахмет, аға! – дедім оның алғаусыз ақ пейіліне риза болып.

Ол кісіні ішке ертіп кірдім. Сырт киімін іліп, алдына шай әкелдірдім. Екеуміз ұзақ сонар әңгімеге кірістік. Тұмағаң баладай аңқылдақ, ақкөңіл адам ғой. Өзінің өлеңдері сияқты көңілі мөлдіреп тұр. Бала құсап, желпініп, мақтанып та қояды. «Қалай дейсің?», «Солай емес пе?» деп өзінің сөзін құп­татып отырады. Бар сырын баласына айтқандай ақтарып жатыр.

– Қадыр маған көптомдығын сыйлады,– деді бір кезде. – Ғажап шыққан екен! Тамсанып, қарай бердім. Пішіні де, безендірілуі де келіскен, сұлу дүние болып шығыпты. Кітап деген осындай болу керек! Қадырдың өзі сияқты, ешкінің асығындай екен.

– Пішінін Қадыр ағаның өзі таңдаған. Есениннің форматы дейді. Есенин өзінің кітаптарын үнемі осы пішінмен шығарған көрінеді. Нағыз поэзиялық пішін емес пе? – дедім Тұмағаңның қолына айтылып отырған кітаптың бір данасын ұстатып.

– Есенинді қайдам, нағыз Қадырға лайық формат екен, – деді ол кітапты аударып қарап. – Маған мұндай формат келмейді. Менің кітаптарым үлкен форматта болуы керек. Талай дүнием бар. Қадырдікі он екі томмен бітті ме?

– Жоқ аға, ол кісінің жазғаны отыз томнан асады.

– Қазіргісі он екі ғой?

– Иә. Он екі том.

– Менікі он төрт том болады. Үлкен форматпен. Мен де Қадырдан аз жазбағам. Әзірге он том етіп шығарып берсең, қалғанын кейін қоса береміз. Құрдасымен бәсекелесті демессің. Бірақ Қадырдан қалғым келмейтіні рас.

Тұмағаңның он төрт томын бес мың дана таралыммен шығаратын болып келістік. Қаражатын екеуміз бірлесіп қарастыратын болдық. Тәуекел!

– Мен саған Қадыр емеспін, – деді ол кетерінде тағы да құрдасын алға тартып. – Әлі-ақ өзіңе ат мінгіземін. Менің әкем соғыста кеткен. Ақшадан өлген жоқ. Сондықтан қаламақы бер деп сені мазаламаймын. Керегі жоқ. Тек көзім тіріде томдарымның толық шыққанын көріп кетсем болғаны.

– Аға, Алла жазса бәрі де шығады. «Әрекет түбі берекет» деген бар. Әрекетке кірісейік, – деп шығарып салдым.

Көпке созбай Тұмағаңның алғашқы томдарын тергізіп, беттете бастадым. Уақыт жылжып жатты. Тұмағаң облыс­тарды аралап, әкімдермен жүздесіп, кітаптарды өткізу үшін таралымға біраз тапсырыс жинап қайтты. Бір–екі өңірмен келісімшарт жасадық. Бюджеттің заңы бойынша мемлекеттік ұйымдар кітапты шығаруға жәрдем бере алмайды. Дайын кітапты сатып алуға ғана қаражат бөледі. Оның өзін жергілікті мәслихаттар құптауы керек. Мен өз тарапымнан Тұмағаңның көптомдығын өткізу мақсатымен бірнеше облыстың әкімдеріне ресми хат жолдадым. Жауап күтіп отырмыз.

Бір күні күтпеген жерден Тұмағаң кабинетіме кіріп келді. Жүзінде қуаныш­тың ізі бар. Үлкен шаруа бітіріп келген сыңайлы. Амандасқан соң сырт киімін шешпей орындыққа отыра кетті.

– Сен жинал! Талдықорғанға жүгір! Мен Шалбай ініммен келісіп келдім. Тезірек бар! – деді ол аптығып.

– Тұмаға, не келістіңіз? – дедім таңданып. – Көмек беретін болды ма?

– Кеше арнайы Талдықорғанға барып жолықтым. Мәселені айттым. «Баспаның бастығы келсін. Өзім жәрдем беремін», деді.

– Қанша беремін деді?

– Айналайын, ол жағын білмеймін. Алматы облысы менің туған мекенім. Біраз беретін шығар. Өзің барып сөйлес.

– Жарайды, аға! Әкімнің кеңесшісін жақсы танимын. Телефон соғып хабарласайын. Егер кел десе, таңертең жолға шығамын.

– Сөйте ғой, айналайын, – деп Тұмағаң қайтты. Талдықорғанға, облыс әкімінің кеңесшісі Серік Мұқановқа телефон шалдым. Серік ағамен танысқаныма көп бола қоймаған. Кейде адамды сыйлау үшін көп уақыттың қажеті жоқ. Ол кісімен бір-екі кездескеннен кейін-ақ өзіме жақын аға тұтып кеттім. Ақжарқын мінезді, терең білімді, сыпайы, өте мәдениетті адам. Елге болса екен деп тұратын адал пиғылы анадайдан байқалады.

– Ертең әкім орнында болады. Ертерек шығып, сағат 12-ге дейін жетуге тырыс. Өзім ертіп кіремін, – деді ол.

Талдықорғанға сағат 11-де жеттім. Серік аға рұқсат қағаз дайындатып қо­йып­ты. Екеуміз етене жақын адамдай жы­лы­ ұшырастық. Амандық-саулықтан соң:

– Шәкеңде жиналыс болып жатыр. Сенің келгеніңді айтып қойдым. Жарты сағаттай күте тұрайық, – деп ол хатшы қызға шай әкелуді тапсырды.

– Тұмағаң жіберді, – дедім жайғасқан соң, – Шалбай аға қатты сыйлаған көрінеді. Көңілі өсіп барды.

– Иә, ол кісіні бірге күттік. Үлкен адам ғой. Бәріміздің мақтанышымыз. Шәкең де ағамызға қатты риза болды. Оның айтқан әңгімелеріне әлі күліп жүр.

Әкімнің қабылдау бөлмесінен телефон соғылды. Серік аға: «Шәкеңдегі жиналыс бітіпті. Жүр, бірге барайық» деп мені ерте жөнелді. Қабылдау бөлмесінде іркілмей, салтанаты келіскен үлкен кабинетке тура кіріп бардық. Серік аға мені таныстырды.

– Ағаң қалай? Жақсы жетіп пе? – деді Шалбай аға Тұмағаңды меңзеп жымиып.

– Сізге рахметін айтып жатыр. Көңілі өссе адам құстай ұшады ғой. Бірден маған барды. Сол кісінің айтуымен келдім.

– Біз ол кісінің көптомдығын облыс кітапханалары үшін сатып алсақ деп шештік. Бес жүз елу мың теңгеге алсақ дейміз, – деп Шәкең Серік ағаға қарады, – Облыстық мәдениет басқармасының бастығын шақырып, ақылдасыңдар. Тездетіп мәслихаттың сессиясына ұсыныстарын енгізсін.

«Бес жүз елу мың теңге» дегенді естігенде көңілім пәсейіп қалды. Бірақ дәл осы сәтте Тұмағаңның көптом­дығының тағдыры шешіліп тұрғанын ойла­дым да, ойымды ірікпей сөйлеп кеттім.

– Шалбай аға! Егер сіз айтқандай «бес жүз елу мың теңге» ғана болса әуре болып, бекер келген екенмін. Тұмағаңның қуанып барғаны да әншейін екен, – деп кесіп салдым. Шәкең аңырып қалды.

– Неге? Енді қанша керек еді?

– Тұмағаңның көптомдығына қазір бүкіл облыстардан тапсырыс жинап жатырмыз. 14 томды бес мың таралыммен шығару үшін біздің есебімізше ең кемі 25 миллион теңге керек. Соны құрастыру қиын болып тұр. Солтүстік Қазақстан облысы 2 миллион теңгеге, Ақтөбе облысы 3 миллион теңгеге алатын болып, келісімшартқа отырдық. Оңтүстікпен, Атыраумен, Жамбылмен келістік. Бәрі де шама-шарқынша алатын болды.

– 25 миллион көптеу емес пе? – деді Шәкең Серік ағаға. – Қане санап көріңдерші. Меніңше қымбаттау сияқты.

– Санасақ санайық. Ең төмен бағамен санаймыз, – дедім де портфелімнен есептегіш құрал алып, екеуінің көзінше есептеп бердім. 25 миллион болып шықты. Олардың көзін жеткіздім. – Шалбай аға! – дедім сосын, – Сіздерге кітаптың таралымын түгел алыңдар деп отырған жоқпыз. Оның үстіне кітап­тың өзіндік құнынан да төмен бағаға ұсынудамыз. Қалыңдығы кірпіштей 14 томды қазір 5000 теңгеге кім береді. Ол бір мәселе. Екіншіден, сіз Тұманбай аға мен Қадыр ағаның қалжыңы мықты құрдастар екенін білетін шығарсыз?

– Әрине, білем ғой, – деді Шәкең.

– Мен жақында ғана Қадыр ағаның он екі томдығын шығарып болдым. Қадыр ағаның туған жері Батыс Қазақстан облысы сол көптомдықтың бір мың комплектісін сатып алды. Онымен тұрмай Қадыр ағаға Орал қаласынан екі қабатты коттедж берді. Ол аз десеңіз, астына машина берді. Соның бәрін Тұмағаң құрдасы көрмей отырған жоқ. Бәрін де біледі. Бірақ сіздерге салмақ салуға қысылады ғой. Кеше ол кісі маған келіп, сізге қатты арқа сүйейтінін айтты. «Менің туған жерімнің азаматтары да көмектеседі» деп үміттеніп отыр. Сондықтан ақын ағамыздың еңсесі түспесін десеңіз облыстың мәдениет, білім ошақтары үшін бір мың комплектіге тапсырыс берсеңіз дұрыс болар еді.

– Айтқаныңның бәрі дұрыс екен. Мен түсіндім, – деді Шәкең. Содан соң кеңесшісіне қарап: – Темірғалидің айтқаны болсын. Тұмағаңның алдында ұятқа қалмайық. Бағанағы «бес жүз елу мың теңгенің» үстіне бес миллион қосыңдар. Сөйтіп, көмектесейік, – деп нақты тапсырма берді.

Бірден сөзге тоқтаған Шалбай ағама риза болып, рахметімді айттым. Кейін кітаптар шығысымен басқа облыстармен қатар Талдықорғанға Тұмағаңның көптомдығының бір мың комплектісін жеткізіп бердік.

Осылайша, Тұмағаң мен Қадыр ағаның құрдастық салтпен «есептесіп» жүретін қасиеттері игілікті істің пайдасына асты. Кейін Қадыр аға осы әңгімені естіп, құрдасына: «Көрдің бе, Тұмаш, Шалбайдың өзі де саған мені сыйлағандықтан көмектесіпті. Мен сияқты ағаң тұрғанда жаман болмайсың!» деп әзілдейтін.

Екеуі құрдас. Араларында сыйлас­тықтың шегінен шықпайтын әдемі қалжың жүреді. Ұлы адамдардың қал­жыңы да ұлы болады. Бірде:

– Тұманбайды бір жолы қатырдым, – деді Қадыр аға күліп, – Оның менен үш ай кішілігі бар. 50-ге толғанда да, 60-қа толғанда да мерейтойларымызды тойладық. Тұманбай маған қарап отырады. «Қадыр не істер екен?» дейді. Содан кейін тура менің істегенімді айнытпай қайталайды. Мен де оны біліп алғам. 1995 жылы 60-қа толдық. Тұманбай әдетінше маған қарап отыр. Алматыда да, туған өңірім Оралда да той өткізілді. Жымпиты ауданында жиын болып, өскен жерімдегі өзім оқыған орта мектепке менің атым берілді. Елге рахмет! Сый-сияпаттан кем қылмады. Алматыға оралған соң Тұманбай іздеп келді. «Ал не болды?» деді. Бәрін тәптіштеп айтып бердім. Бірақ мектепке менің атымды бергенін бүгіп қалдым. Әдейі айтпадым. Жазға қарай Тұманбай да тойға кірісті. Құдды менің айтқанымдай қылды. Айнытпай жасады.

Арада екі-үш жыл өткен. Бір жиында Тұмаш екеуміз оңаша сөйлесіп отыр едік, сөздің орайы келгенде:

– Қадеке, осы сен қай мектепте оқығансың? – деп сұрады ол.

– Мен ауылда, өзімнің атымдағы мектепте оқығанмын, – дедім мақтана сөйлеп. Тұмаштың аузы ашылып қалыпты.

– А-а! Қалайша? Қашан беріп еді атыңды? – деп көздері шарасынан шығып бара жатыр.

– Тұмаш! – дедім арқасынан қағып қойып, – 60-қа толғанымда өзім оқыған мектепке менің атымды берген.

– Сен, сен... Айтпадың ғой, – деді ол қипақтап.

– Есіңде болсын, нағыз ұстаз шәкір­тінен әрқашан бір құпияны жасырын ұстайды. Мен сенің әрі ағаң, әрі ұстазың емеспін бе? – деп едім, ол күйіп-пісті.

– Әй, Қадыр-ай, қусың ғой. Бұл жолы сен мені қатырдың, – деді күліп.

Негізі оның да мені сөзден ұтқан кезі көп. Жастау күнімізде бір өлең жаздым. «Хулиганский» өлең еді. Ең соңғы түйіні «Абай менен екеуміздің арамызда бала жоқ» деп бітетін. Абайдан кейінгі мықтың менмін деген сөз ғой. Ол өлең газетке де шықты. Тұманбай құрдасым не дер екен деп жүрдім. Ол ештеңе байқамағандай, үндемеді. Арада біраз уақыт өтті. Бір күні ол:

– Қадыр, сен жалпы сол өлеңде өте дұрыс айтқансың, – деді. Оның бірдеңе айтатынын сезіп, ішім қылп ете қалды.

– Қай өлеңді айтасың?– дедім түк білмегенсіп.

– «Абай менен екеуміздің арамызда бала жоқ» дегеніңді айтам. Дұрыс. Мен сенен үш ай кішімін ғой. Сондықтан мен ол тізімге кірмеймін. Демек, менің сенен де мықты екенімді мойындаға­ның ғой, – деді ыржиып. Сол жолы мен жеңілдім.

Қадыр аға Тұмағаң құрдасы туралы көп айтатын. Қалжыңмен со­йып отырғанмен, оны баладай жақсы көреді. «Қысыр сөз күлмекке жақсы» деп қойып, сөзінің арасына Тұмағаңды қыстырып жібереді.

Бірде Тұмағаң да Қадыр құрдасы ­туралы қызық әңгіме айтты.

– Мына Қадыр кіп-кішкентай болып алып, үнемі менің алдымда жүреді,– деді ол,– Үнемі солай. Менен үш ай ғана үлкендігі бар. «Маған аға деп сөйле. Сен менің өкшемді басып келе жатқан інімсің ғой» деп күледі. Ол менен бір жыл бұрын Ленин комсомолы сый­лығын алды. Менен бір жыл бұрын Мем­лекеттік сыйлықты алды. Енді міне, көрмейсің бе, менен бір жыл бұрын көп­томдығын шығарып тастады, – деп Тұмағаң күлімсіреп маған көзін қысып қойды. Содан соң даусын бәсеңдетіп, қулана сыбырлағандай болды. – Мен енді ойлап жүрмін. Біз де 95-96 жасқа келеміз ғой. Сол кезде бұл Қадыр ана жаққа да менен бір жыл бұрын кететін шығар деймін.

Мен Тұмағаңның бұл сөзіне күліп жібердім. Ол өзі де алақанымен ауызын басып, рахаттана күліп алды. Әлден соң ғана қалтасынан беторамалын алып, жасаураған көздерін сүртіп жатып:

– Жоқ, олай болмайды екен, – деді ол көкірегін кере дем алып. – Зиратының ба­сында мен еңкілдеп жылап тұрсам, Қадыр­ға одан асқан бақыт жоқ қой. Жоқ, бол­майды екен. Мен бірінші кетуім керек.

– Қойыңызшы, Тұмаға, жаман сөз айтпаңыз, – дедім күліп.

– Жаман сөз айтқан жоқпын ғой. Сона–а–ау 95–96 жасқа барған соң деймін. Соған жетейік. Әй, бірақ Қадыр онда да менің алдыма түсіп кетеді-ау. Өйткені оның алда жүруі табиғи заң­ды­лыққа айналып кеткен.

Қазір ойланып отырсам, Тұмағаңның сол сөзі көп жыл бұрын айтылған зілсіз әзіл болғанмен, негізсіз емес екен. Олар 95-ке жетпеді демесеңіз, Қадыр аға бұл жолы да құрдасының алдын орап кетті. Қаралы жиында сөйлеген сөзінде Тұмағаң нағыз ақын ретінде ішкі сезімін іркіп қала алмады. Қоштасу өлеңін оқыды. «Үш ай ғана үлкен болсаң да аға деп айт деуші едің, енді сендей ағаны қайдан табамын» деп егілді. «Бақұл бол, асыл ағам!» деп жылады. «Сенсіз енді не қызық бар?» деп шерленді. Қадыр ағаның зиратының басында тұрып, қабырғасы қайыса еңкілдеді. «Ағасы» ана жақта жалғызсырайды деді ме екен, артынша өзі де аттанды. Құрдастықтың қадыр-қасиетін терең танытқан, қайран, қазақтың асылтекті данышпандары-ай! Олар өздерімен бірге қазақ поэзиясының тұтас бір дәуірін ала кетті.

 

Темірғали КӨПБАЕВ,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты