• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 12 Қараша, 2024

Мемлекеттік грант – кәсіпкерге демеу

48 рет
көрсетілді

Жетісулық кәсіпкер мемлекеттік грант арқылы оңалту орталығына арналған құрал-жабдық сатып алған. Енді бірі ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған түзету орталығын ашқан. Екеуі де 5 млн теңгелік қайтарымсыз қаржы ұтып алып, бизнеске тәуекел етті.

Биыл 6 айда шағын және орта бизнес (ШОБ) саласында жұмыс істейтін адамдар саны былтырмен са­лыс­тырғанда 95,2%-ға өскен. Бұл өте жоғары көрсеткіш, қазір ауыл тұрғындары мемлекеттен грант алып, кәсібін бастап, 2-3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал оңалту орталығына бөлінген қар­жы әуелі ұлттың денсаулығын жақсартуда үлкен көмек болмақ. Мұны «Балажан» жекеменшік түзе­ту орталығының директоры Лаура Дәркенбаевамен тілдескенде аңғардық.

«Екі жыл бұрын 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде грант алдым. Соның нәтижесінде балаларға арналған түзету орталығына керекті түрлі тренажер мен медициналық аппаратуралар сатып алдық. Орталық ашу туралы ойлағанымда, бірінші кезекте адамдарға пайдам тисе деген ой болды. Сондықтан бала­ларға арналған түзету орта­лы­ғын ашу туралы шешім қабылдадым. Сөйтіп, биыл қыркүйек айында Талдықорғанда түзе­ту орта­лы­ғымыз, дамыту мен қосымша орта­лықтарымыз жұмысын бас­тады. Қызметіміздің мақсаты – пси­хо­физикалық дамуы жағы­нан бұзылысы бар балаларға психо­ло­гиялық-педагогикалық кешенді көмек көрсету. Баланың белсенді-интеллектуалды, сөйлеу, эмоционалды мәртебесін өзгертуге кө­мектесеміз. Бар балаға теңдей жағ­дай жасай отырып, оларды қа­тар­ластарымен араласуға, өз-өзіне қызмет көрсетуге үйретеміз», дейді Л.Дәркенбаева.

Оның айтуынша, орталықта бала­лармен жүргізілетін коррекциялы-дамыту жұмыстарын педагог-психолог, дефектолог мұға­лім, логопед мұғалім, сурет мұға­лімі, емдік дене шынықтыру нұс­қаушысы, музыкалық жетекші сияқты дипломы бар білікті мамандар атқарады. Түзету жұмыс­та­рының ұзақтығы әр балаға жеке белгіленіп, жеке оқу жоспары жасалады. Орталықта 15 адам жұмыс істейді.

Көмекті қажет ететін адам­дарға мемлекеттік грантпен ашылған жекеменшік оңалту орталығы да үлкен ықпал етіп жатыр. Өткен жылы 500-ге жуық адам осында оңалтудан өтсе, жыл басынан бері олардың саны 700-ге жеткен. Солардың ішінде Шығыс Қазақстан мен Алматы өңірлерінен келген емделушілер де бар. Ал орталық қызметкерлерінің саны 2 есе, яғни 16-дан 32-ге артты.

«2022 жылдың соңында «Бастау Бизнес» желісімен оқудан өттім, кейін кәсіпкерлікті дамыту жөнін­дегі ұлттық жоба аясында өз жобамды таныстырып, 5 млн теңге грант ұтып алдым. Осы ақшаға ресейлік «Левитас» арнайы құрылғысын, Польшадан жүру имитаторын сатып алдым. Инсульт, инфаркт алған, жол апатына түскен адамдар Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтан­дыру (МӘМС) жүйесімен қазір біздің орталықта оңалтудың то­лық курсынан өтіп жатыр. За­ма­науи озық диагностикалық құралдарымыз бар. МӘМС аясын­да тегін оңалтумен қатар, ком­мерциялық негізде де қызмет көр­сетеміз. Бұл ретте біздің орта­лы­­ғымыз – Талдықорғанда тәулік бойы қызмет көрсететін жал­ғыз орталық», дейді «Мейірім» оңалту орта­лығының директоры Ерасыл Еділханұлы.

Аза­маттар денсаулық жағ­дайына қарай стационарда 10-14 күн көлемінде емделеді. Орта­лық­тың күнделікті 60 адам қабыл­дауға қауқары бар.

Кәсіпкер алдағы уақытта тәу­лігіне 24 сағат бойы үздіксіз күтім­ді қажет ететін ауыр жағдай­дағы нау­қастарға паллиативті төсек сатып алу жоспары бар екенін айтады. Ал оған мемлекет тарапынан қолдау маңызды. Бүгінде облыс аумағында 7 оңалту орталығы жұмыс істейді. Соның 5-еуі – мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік саналады.

Бизнесті дамытудың 2022–2023 жыл­дарға арналған мемлекеттік қол­дау шаралары аясында Жетісу об­лысында жалпы сомасы 680 млн теңгеге 142 жоба мақұл­дан­­ды. Әлеуметтік кәсіп­кер­лік пен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңім­паз­дарына мемлекеттік грант беру қарастырылған. Осы мақ­саттарға жергілікті бюджеттен 170,0 млн теңге бөлінді. Конкурс биыл қарашада өткізіледі деп жос­пар­ланған.

Жалпы, өңірде 6 айда шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін адам саны 104,7 мыңды құрады. ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 33,2%. Келер жылы осы са­ла­ға бөлінетін қаржы көлемі арта­ды.

 

Жетісу облысы