• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Қараша, 2024

Қазақстан азаматтығын алмаған спортшыларға бюджеттен қаражат берілмейді - депутат

59 рет
көрсетілді

Жуырда Мәжіліс депутаттары Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, заңнамаға дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгеріс енгізуге арналған заң жобасын әзірлей бастағаны хабарланды. Осы мәселе бойынша депутат Нартай Аралбайұлы «KAZINFORM» агенттігіне сұхбат берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айта кетсек, Нартай Сәрсенғалиев Палатаның осы мәселе бойынша жұмыс тобына жетекшілік етеді.

Депутат аталған заң жобасының нақты жаңашылдықтарын атады.

Оның айтуынша, жоғары жетістіктер спортына кіретін спорт түрлерінің тізімі белгіленді. Оның ішінде «басым спорт түрлері» деген ұғым да бар. Тағы бір жаңашылдық - ұлттық спорт түрлерін бюджеттен қаржыландыру. Депутат осылайша спорт инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік спорт ұйымдарының жұмысын қаржыландыру және бұқаралық спортты дамыту бағыттарына айрықша назар аударылатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ Нартай Аралбайұлы елімізде өнер көрсететін шетелдік спортшыларға қатысты маңызды норма бар екенін еске салды. Дәлірек айтқанда, Қазақстанның азаматтығы жоқ спортшыларға бюджет есебінен қаражат беруге толықтай тыйым салынады.

Әңгіме барысында Мәжіліс депутаты «Самұрық-Қазына» арқылы, өңірлік әлеуметтік корпорациялар арқылы аударылатын қаражатты легионер ұстауға жұмсау мәселесі қалай шешілетінін түсіндірді.

«Квазимемлекеттік сектордың қаражаты есебінен де Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларға қаржы бөлуге тыйым салынады. Бұл норма Үкіметтің тиісті қорытындысын алды. Біз осы заң шеңберінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасауды қарастырдық. Өйткені кейінгі Олимпиадалар мен халықаралық жарыстарда біздің паралимпиадашылар өте жақсы жетістіктерге жетіп жүргені мәлім. Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге бірінші топтағы мүгедектерге арналған норма ұсындық. Мысалы, қазір бірінші топтағы мүгедектігі бар 10 спортшы жарысқа барса, ең көп дегенде олардың жанында 3 адам жүреді. Ал ерекше азаматтарға 24 сағат бойы көмекші керек. Сол үшін біз «спортшыны алып жүретін адам» деген ұғымды енгіздік», деп нақтылады ол.

Сұхбат барысында балалар спорты төңірегінде әңгіме өрбіді. Депутат бұған дейін спорттық сайыстарға, спорт түрлеріне қабылдауда ешқандай жас шектеуі болмағанын айтты. Салдарынан жарыс барысында балалардың көз жұму фактілері тіркелді. Сондықтан, бұдан былай спорт сайыстарына қатысатын балалардың жасы есепке алынады.

Депутаттың айтуынша, бір-біріне ұқсас бірнеше спорт түрін бір федерацияға біріктіру тәжірибесі қолға алынады. Заңда федерацияларға нақты талап қойылады. Осы заң күшіне енгеннен кейін бір федерацияның бір ғана спорт түріне иелік ететін мүмкіндігі болады.

Нартай Сәрсенғалиев заң жобасында спорттағы легионер ұғымына қандай түсініктеме берілетінін де айтты.

«Жаңа заң қабылданса, легионерлерге бюджет қаражаты берілмейді. Десек те Қазақстан азаматтығын рәсімдеп алған азаматтарға ондай тыйым жоқ. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да олимпиадаға қатысқан спортшылармен кездескенде айтты. Сондықтан спортшылар Қазақстан азаматтығын жалпыға бірдей тәртіппен алу керек», деді спикер.

Жаңа заң жобасы қабылданып жатса, спорт саласына бөлінетін қаражат үнемделе ме? Депутат бұл сұраққа да жауап берді.

«Бюджетті министрліктің өзі жасақтайды. Содан кейін бізге кіргізеді. Мемлекет есебінен қаржыландырылатын спорт түрлерінің азаюынан үнемделген қаражат болса, балалар спортына, бұқаралық спортқа бағыттауы керек. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті министрліктің алдына бұл мәселені қойды.

Жалпы Заң жобасында 60-тан астам норманы Үкімет қорытындысына жібердік. Соның 80-90 пайызына оң қорытынды алдық. Бұл заң шығару ісінде жақсы көрсеткіш болып саналады», деп сөзін қорытындылады депутат.