• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Қараша, 2024

«Қоғам мүлкі өз мүлкіміздей қорғалуы керек»

161 рет
көрсетілді

Ел ішінде қоғамдық дүниені бүлдірмесе тыныш жүре ­алмай­­тын желөкпелер көбейіп барады. Құқық қорғау органдары алғашқы 6 айда бөтеннің мүлкіне зиян келтіргені үшін 5 мыңнан аса отандасымызды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Ал ескерткіш пен ғимарат қабырғаларына граффити салып, көзге түспей жүргендері қаншама? Осы орайда «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі Нұрсәулет Сапарбаевамен ұйымның вандализмге қарсы республикалық науқаны турасында әңгімелестік.

– Қоғамдық орындардағы мүлікке зиян келтірушілерге қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр?

– Елімізде ескерткіштерді қирату, түрлі нысандарды бүлдіру, сындыру фактілері жиілеген. Көкшетаудағы Жұм­бақ­тас секілді көрікті жерлер­ге бара қалсаңыз, шимай-шатпақ жазулардан көз сүрінеді. Ақмо­ла облысы Ерейментау ауда­ны­ның Өлеңті ауылдық округі­нің аумағында орналасқан Көбейтұздың да жағдайы көп­тің есінде. Біреуі көлдің ортасына дейін көлікпен кірді, енді бірі тұзын қаптап алып кетті. Маңғыстау облысында да тарихи шатқалды бүлдірген бұзақылардың әрекеті қоғамда қызу талқыланды.

Қарапайым тұрғын үйлер­дегі жайттарды тізбек­теуге сан жетпес. Лифтілерді бүл­діріп, жол белгілері мен тақ­тай­шаларды сын­дырып, аялдамаларды қира­тып, қоқыс жәшіктерін төңке­ріп кете­тін­дердің әкімшілік жауап­кер­­ші­лік арқалап, есепке алын­ғаны былтыр 5 мыңнан асқан.

Қоршаған ортаны, табиғи ескерткіштерді, көпшілік де­ма­латын орындарды бүлдір­гі­лер­дің қиратуына жол беріп, қол қу­сы­рып қарап отыру біздің ұстанымға қайшы. «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты мүшелері мұн­дай жүгенсіздікке қарсы үздіксіз кү­ресіп келеді. Үнемі еліміздің әр өңірінде түрлі акция ұйым­дастырып, вандализм белгі­­лерін өшіруге, тарихи орын­­­дарды таза сақтауға күш сала­мыз. Мәселен, «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш.Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы қорғанды, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жер­асты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазарттық.

– Бұл жұмысқа ерікті­лерді тарту мәселесі қалай шешіледі?

– Қазіргі таңда 3 мыңнан аса ұйым белсенділері мен еріктілері 700-ден аса табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштерді тазартуға тұрақты қатысады. Респуб­ликалық түкпір-түкпі­рін­дегі науқандарға Мәжіліс, мәс­лихат депутаттары, жергі­лікті мемлекеттік орган қыз­мет­керлері де, қарапайым тұр­ғын­дар да атсалысып жатады.

– Вандализмді түбегейлі жою үшін не істеу қажет?

– Вандализм – жабайы­лық­тың шектен шыққан бір түрі. Сондықтан мұндай заңсыз әре­кеттер үшін жауапкершілікті күшейту маңызды. Бір жағынан қоғамдық орындарда тиімді мо­­ни­торинг пен қадағалаудың жоқтығы қитұрқы әрекеттердің көбеюіне де әкеледі. Бір деректерде елімізде вандализмнен жыл сайынғы шығын 500 млн тең­ге­ден асады деп көрсетілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тай­­дың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйым­дар, барлығы бір кісі­дей жұмы­луы керек деген бо­латын.

«Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабай­дағы Жұмбақтасты, Баянауыл­­дағы Кемпіртасты қараңыз­дар. Ең жауһар жерлеріміз­дің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қира­тудың қандай қисыны бар? Мұ­ның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Синга­пурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?», деп шегелеп айтқан еді.

Осылайша, былтырдан бас­тап вандализм актілері, қо­ғам­дық және жеке мүлікті бүл­діргені үшін жаза күшейтіл­ді. Пре­зидент шілде айында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрі­нісіне және бөтеннің мүлкін бүл­діруге қарсы іс-қимыл мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң­ға қол қойды. Құжатта бө­тен­нің мүлкін қасақана жой­ға­ны немесе бүлдіргені үшін жауап­кер­шілік күшейтілді. Оны бір топ адам немесе бірнеше рет және қылмыстық топ болып жаса­ғаны үшін жауапкершілік енгі­зілді. Дәл осындай қыл­мыс­тық жауапкершілік тарихи, мә­дени ескерткіштерді, табиғи ке­шен­дерді немесе мемлекеттің қорғауына алынған нысандарды, сондай-ақ ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды, құжаттарды қаса­қана жойғаны, бүлдіргені үшін белгіленді.  Осы секілді қыл­мысты жасағанға енді қыл­мыс­тық жауапкершілікке 16 жастан емес, 14 жастан бас­тап тартылады. Енді вандализм­ге жол бер­гендер 200 АЕК көлемінде айып­пұл төлейді немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тар­ты­ла­ды. Жазаның тағы бір түрі – 50 тәу­лікке қамауға алу. Оған қоса «әлеу­мет­тiк, ұлттық, нә­сiл­дiк немесе дiни араздық уәжі бойынша пай­да­күнемдiк ниет­пен бiрнеше рет жа­салған бұза­қы­лық» үшін 200 мың АЕК-ке дейін айыппұл қарас­­тырылған. Қоғамдық жұ­мысқа 300 сағат беріледі. Қатаң жаза ретінде 3 жылға дейін бас бос­­тан­дығынан айыру жазасы қол­­да­нылады.

Меніңше, бұл мәселеде әлеу­­меттік-моральдық құнды­лық­­­тарды есепке алу керек. Жас­­тар­ды, әсіресе балаларды ортақ мен­­шіктің маңызын, таби­ғат пен қала нысандарын баға­лау­ға, қамқорлық жасауға тәр­бие­леу керек. Тағы бір айта ке­­терлігі, жоғары бекітілген айып­­п­ұл көлемі көп жағдайда қай­та қалпына келтіру шы­ғын­да­рын өтей алмайды. Билік бүлдіргілерді бір-екі мысалын ел ал­­дында жазалап, жетеге же­те­­тіндей, бұл әрекетке енді бар­май­­тындай амалдарды жаса­ға­ны дұрыс.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»