Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын шамамен 720 мыңнан аса адам суицидтен көз жұматынын көрсеткен. Бұл шамамен әлемде әрбір 40 секунд сайын бір адамның өмірден өз еркімен кететінін білдіреді. Ал бізде орташа есеппен жылына 3 мыңнан аса адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Оның ішінде басынан сөз асырғысы келмеген балалар, жүйкесі тозған жастар, жақынның жылуын сезіне алмаған қарттар да бар.
Суицидтің негізгі себептері мен факторларына талдау жасаған мамандар өзіне өзі қол салуға бейім жандардың ауруы бір, жарасы ортақ екенін айтады. Мәселен, әлемдегі жағдайға зерттеу жүргізген тәжірибелі психологтер суицидке итермелейтін бірнеше факторды алға тартады. Біріншісі – психикалық денсаулық мәселесі. Яғни депрессия, биполярлы бұзылыс, шизофрения және басқа да психикалық ауытқу адамның эмоциялық жағдайын нашарлатып, өмірден түңілуіне әкелуі мүмкін. Екіншіден, жеке өмірдегі қиындықтар. Мұндай жағдайға жақын адамынан айырылу, отбасылық кикілжің, неке мәселесі мен балалармен байланысты проблема адамдарды мұңға батырып, суицидтік ойлардың пайда болуына әсер етуі ықтимал. Үшіншіден, жұмыссыздық, қаржылық қиындық, кедейлік және әлеуметтік оқшаулану секілді экономикалық, әлеуметтік факторлар – өз-өзіне қол салуға жиі итермелейтін себептің бірі. Өйткені мамандар қаржылық тұрақсыздық пен жұмыс табудағы қиындық адамның үмітін сөндіріп, шарасыздыққа кері әкелетінін айтады. Бұған қоса созылмалы аурулар, физикалық ауырсынулар мен мүгедектік жағдайы да психологиялық ауыртпалықты арттырып, адамды суицид жасауға мәжбүрлейді. Ал әлеуметтік қысым мен стигматизация да – өмірден баз кешуге басты себеп. Көптеген елде әлеуметтік стигманың салдарынан адамдар қоғамнан тез оқшауланып қалады. Бұл да өз кезегінде суицидтік ойлардың пайда болуына себеп болатын көрінеді.
Балалар мен жастар арасындағы суицидтік ойлардың артуына интернеттегі қысым, кибербуллинг, әлеуметтік желілердегі өз-өзіне күмән келтіру факторлары үнемі әсер етеді екен.
Біздегі жағдайда да суицидке барғандардың себебін психологтер күйзеліс, биполярлы бұзылыс секілді бірнеше психикалық ауытқудан іздейді. Ал психикалық денсаулыққа қатысты тақырыптар стигматизацияға ұшырағандықтан, көп адам көмек сұрауға ұялады немесе оны қажет деп санамайды. «Ұят боладымен» өмір сүрудің соңы терең күйзеліске түсіріп, суицидке итермелейді деген сөз. Сұмдығы сол, қазір еліміздегі жасөспірімдер арасындағы суицид деңгейі әлемдік орташа деңгейден жоғары болып кеткен. Бұған буллинг, кибербуллинг, өз-өзіне деген күмән, әлеуметтік желілердегі қысым және жасөспірімдердің эмоционалдық тұрақсыздығы ықпал етіп жатыр. Оның сыртында отбасылық әрі әлеуметтік қиындықтардың да салдары барын жиі айтатын мамандар тұрмыстық жанжалдар, ажырасу, ата-аналар арасындағы қарым-қатынас мәселесі, қаржылық қиындық пен жұмыссыздық сияқты жағдайлар адамдардың эмоционалдық жағдайына теріс әсер етуімен түсіндіреді.
Отандық психологтердің пайымынша, елдегі экономикалық тұрақсыздық және қаржылық қиындық адамдардың психологиялық жағдайын ауырлатып, үмітсіздікке жиі бой алдырады. Білім беру орындары мен отбасындағы қысым да ересектермен қатар жасөспірімдердің жандүниесіне кері әсер етіп жатыр. Айталық, білім алудағы жетістіктерге деген үлкен талап, мектептегі психологиялық қысым мен тестілеудегі ересектер күткен нәтижеге баса назар аудару кейде балаларға ауыр тиеді екен. Ал осындай психологиялық соққы мен жақын адамдардан қолдау күтпей күйзеліс алған адамдарға мамандардың алдына бару мүмкіндігі жоқ. Әсіресе ауылдық және шалғай аудандарда медициналық қызмет қолжетімділігі төмен. Кейбір өңірлерде психологиялық әрі психиатриялық көмекке қол жеткізу қиын. Бұл суицидтік ойларды болдырмауға, қажетті көмекті уақтылы алуға кері әсерін тигізіп келеді.
Психолог Анна Құдиярова суицид бұл қатты психологиялық ауырсынуға жедел жауап екенін айтады. Оның айтуынша, бұл емделусіз ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалған ұзақ эмоционалдық ауырсынудың күшеюінен туындайды. Демек суицидтік қимыл жасайтын адамдарда өлу ниеті болмайды, бірақ олар басқаларға маңызды психологиялық қажеттілік туралы хабарлау ниетімен өзіне-өзі зиян келтіруі мүмкін.
«Суицид қаупі сезімдерді, психологиялық қажеттіліктерді жеткізу тәсілі ретінде өзін-өзі өлтіруге тырысу немесе жасау туралы қорқыту, ескертулермен байланысты. Клиникалық тұрғыдан суицидтік қимыл мен қауіп әдетте үмітсіздікті, ашуды, бақылауды, қорғауды, жақындық пен қамқорлықты ұсынуды білдіреді», дейді психоаналитик.
Ал осы ұсынысқа айналадағы жандардың дер кезінде көңіл бөлмеуі эмоционалды жарақаты бар адамда психикалық бұзылу басталады. Осы бұзылыс шарықтау шегіне жеткенде, адам санасында бірден өз-өзіне қол жұмсау ниеті оянады.
Суицидолог Татьяна Браун да ешбір адам өз өмірін оңай қия салғысы жоқтығын айтады. Кез келген қайғылы оқиғаның артында шектен тыс эмоционалды, импульсивті, түймедейді түйедей етіп қабылдайтын өкпешіл, эмоциясын сыртқа шығара алмайтын, басындағы қайғысын айналасындағы адамдармен бөлісе алмайтын адам болғанын білуге болады.
«Кейде өзін-өзі шектен тыс жақсы көретін немесе сыр сақтағыш, ымырасыз адамдар да өз-өзіне қол салуға бейім келеді. Өзімен-өзі жүретін томаға-тұйық адамдар қоғамдағы әртүрлі нәрселерді көңіліне ала бастайды. Тұрмыстық қиыншылық пен жалғыздық қатар келгенде күйзеліске түседі. Бірақ өмірдің қиындығы адамды өлімге итере салмайды. Алдымен сөзі мен іс-әрекетімен хабар береді. Кейбір адамдар «сендер мені әбден шаршаттыңдар» деп айта алады, ал кейбіреулер жеке қалғысы келеді. Көңілсіз музыка тыңдап, қайғылы кино көре бастайды. Алайда жақындары бұл адамның көмекке шақырып жатқанын түсінбейді. Өзге түгілі өз жақыны жанын түсінбегендіктен, әділдікті орнату мақсатында суицидтік қадамға барады», дейді маман.
Сондай-ақ суицидолог жасөспірімдер суицидін жұқпалы ауру деп санайды. Өмірдің оңы мен солын танып үлгермеген балалар өмірдің алғашқы сынағынан сынып қалып жатыр. Бұл жерде де өткінші қиындықтан өткізіп жіберетін жақын жандар міндетін мүлтіксіз атқара алмай отыр.
«Балалардың суицидтік мінез-құлқының пайда болуына ата-анасымен, ортасымен қарым-қатынас жасай алмауы – себеп. Ата-анасының ұрыс-керісі, орынсыз махаббат, қызғаныш, менмендігі де күйзеліске түсіреді. Адам неғұрлым жас болса, соғұрлым оның өмірден кету ниетінің ақиқатын анықтау қиын. Себебі олардың іс-әрекетіндегі албырттық ырыққа көнбейді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жұқпалы ауру секілді. Бірақ оның алдын алу үшін отбасындағы тәрбиені тізгіндеу керек. Алдымен үйдегі ересектер жүріс-тұрысына, сөзіне абай болғаны дұрыс. Ал баласының бойындағы өзгерісті байқаған болса, суицид туралы баламен ашық сөйлесу мен талқылау – балаңызға жасай алатын ең пайдалы нәрселердің бірі. Тіпті, балаңыз немесе жақыныңыз суицид туралы әзілдеп немесе сөз арасында байқамай айтып бастаса, бұл оның алдағы күндері өзін-өзі өлтіруі мүмкін жоспарының пісіп-жетіліп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан жаны жаралы адамға жәрдем керек. Себебі әртүрлі материалдық және моралдық қолдау адамның бойындағы қауіп-қатерді азайтып, райынан қайтаруға септігін тигізе алады», дейді Т.Браун.
Америкалық психолог Джамейка Фалконер «Адамдардың болашаққа деген үмітсіздігін сезсеңіз, онда бұл үрей тудыруы керек. Сүйікті ісіне қызығушылығы азайса, мұндай адамдарды да жоғары тәуекел тобына жатқызуға болады. Көңіл күйіңіз орнында болмаса, ұзақ бөгелмей бірден жақындардан көмек сұрап, психологтерден кеңес алған жөн. Ең маңыздысы, қоғамдағы келеңсіздікке немесе әлеуметтік желідегі байлардың ертегіге бергісіз өмірін көріп, өзіңмен салыстыру дұрыс емес. Мұндайды жүрекке жақын қабылдау күйзеліске түсіреді», деп санайды. Ал италиялық психиатр Нарко Саркопян оқушының сабақ үлгерімі күрт төмендеп, себепсізден себепсіз екі күн сабаққа келмесе, бұл баламен жұмыс істеу қажет екенін жеткізген. Себебі адам «мен өмірден шаршадым» деп айтқан күннен бастап бұл адам қауіпті аймақта деп есептелетін көрінеді.
Бір сөзбен айтқанда, денсаулығында психологиялық және физикалық кемістігі бар адамдар да, тіпті он екі мүшесі сау, ой-өрісі кең жандардың өзіне жан жылуы сезілмесе, өмірге деген өкпесі өзін-өзі өлтірумен аяқталады екен. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, күйбең тірлікте жаны жалғызсыраған жақындарға жылу сыйлай алсақ, суицид жасағандардың статистикасын азайтуға үлес қосар ма едік, кім білсін?