Қайбір жылы жазғы демалыстың он бес күнін Қаратаудың күнгей беті – Абай ауылында өткізуді жөн көрдік. Өзен бойлай орналасқан ауылда сауынды бие ұстайтындар баршылық. Солардың бірімен келісіп, саумал ішсек дегенбіз. Үй иесі жақсы қарсы алды, үлкен үйіне жайғастырды.
Келген күні ертесіне ешкім айтпаса да қарап отырмайын әрі ермек қылайын деп сырттағы ошақ маңында жатқан бұтақтарды бұтарлап тастауға кірістім. Орындыққа жайғасып алып, арнайы қойылған дөңбекке бұталарды қойып, ұзындығын шамамен отыз сантиметрден асырмай, шетінен шауып жатырмын. Өткір балта қиындықсыз қиып түседі. Бір кезде өте қатты әрі жақсы кепкен темірдей бұтақ кездесті. Жиде талының бұтағы болса керек, бірден қиып түсе алмайсың. Дегенмен балтаны күшпен екі-үш рет сілтеп барып шауып түсемін. Әлгі бұтақтың жуандау, яғни түп жағына келдім. Бұтақты сол қолыммен әдеттегідей емес қысыңқырап ұстап, оң қолыммен балтаны қаттырақ сілтедім. Сол сәтте бұтақты ұстап тұрған сол қолымның бас бармағы білінер-білінбестей тыз ете қалды. Елемедім. Міне, осы елемеушіліктің соңы саумалдан қақты, демалыс далада қалды, бір айға жуық бебеулеп, ойбайлап жүрдім. Балтаны бар пәрменіммен сілтегендіктен, сол қолым әлсіздік танытып бұтақты дірілдетпей ұстай алмағаны анық. Сол діріл-соққы бас бармақтың жұмсақ етіне әсер етіп, соның кесірінен қан ұйыған. Мұны мен алғашқыда елемегенмін.
Болған жайтты әйеліме елеусіздеу қылып айтып едім, ол салған жерден: «Енді саған өзенге шомылуға болмайды, саусағың іріңдеп, асқынып кетеді», деді. Мен оны тыңдаймын ба, ыстық күні өзенге қалай шомылмайсың? Мен әйеліме: «Өй, сен де жоқ жерден жау шақырып... ештеңе етпейді», деп оның айтқанын тәнөкіс көрдім.
Содан бір-екі күн өтті. Азанда, түсте, кешке өзенге түсемін. Жаздың күні болғанымен, тау өзені салқын. Екі күн өте сол қолымның басбармағы жайлап ісе бастады. Сонда да мән бермедім. Үшінші, төртінші күні күп болып ісіп кетті. Мазаны ала бастады. Ірің байқалмайды. Содан молдаға дем салдырдық, біреудің кеңесімен ісіктен иттің басындай болған бас бармақты бақаға сордырдық, аузын керіп қойып. Түк шықпады. Күн сайын жанға тиіп барады. Түнде ұйқы, күндіз күлкі жоқ. «Ішкенім ірің, жегенім желім» болды. Ойбайлаудан басқа дәрмен жоқ. Ірің көзге көрінбейді. Бір апта өте жүректі қыса бастады. Білек пен қары қақсап, жан шыдатпайды.
Ақырында болмаған соң дәрігерге жүгінуге тура келді. Бала-шағаны қалдырып, Түркістандағы қалалық ауруханаға бардым. Жас хирург жігіт қабылдады да бірден іске көшті. Бас бармағымды тіліп жіберіп еді, ішінен қанды ірің шашырай төгілді. Ауыртпайтын екпе салғанымен, оның пайдасын көрмедім. Шыңғыртып іріңді тазалады. Қандағы инфекцияны құртуға бір апта ащы екпе салдырдым. Осылайша, бес күн ем-дом жасап, адам болып қалдым. Сөйтіп, жаным жай тапты. Іштей, «қап, қанша күн жан қинамай дәрігерге келсемші» деп қоямын. «Бәрінен де әйелімнің тілін алып, мұздай суға шомылмасам түк те болмас еді-ау» деген ой да анда-санда санада жаңғырады. Бірақ мұнымды ешкімге айтпаймын.
Хирург-дәрігерге соңғы рет жарақатымды көрсетіп, таңдыруға барғанда, ол маған күле қарап тұрып: «Біздің қазекең өлеріне он күн немесе он минут қалғанда дәрігерге көрінуге келеді. Не деген салғырттық, жайбасарлық десеңізші. Мына сіз, енді екі-үш күн кешігіп келгеніңізде білегіңізді, жоқ дегенде бас бармағыңызды кесіп тастауға тура келуші еді. Түсіндіңіз бе? Мұны не үшін айтып тұрмын дейсіз бе? Тыңдаңыз. Ел медицинасына сын айтушылар көп. Бәрі шетелдіктерді мақтағыш. Әсіресе Еуропа медицинасын. Солай-ақ болсын. Бірақ еуропалықтардың басым бөлігі тәндерінде ауру белгілері байқалған сәттен бастап, дәрігерге жүгіреді. Менталитеттері солай. Дертті алғашқы сатысында емдеу оңай, тез әрі арзан. Бұл айналып келгенде олардың медицинасына абырой. Дертті адамды тез арада жазып жібереді. Ал біздің халқымыздың минталитеті – басқа. Дерті әбден асқынып, өлуіне сәл қалғанда, яғни ауруының ең соңғы сатысында емхана баспалдағын тәлтіректей басып, есігін әрең ашып немесе біреудің сүйемелдеуімен келіп тұрады. Ал әбден асқынған дертті емдеу қиын әрі ұзақ уақытты алады, оның үстіне қымбатқа түседі. Тіпті, кейбір азаматтарға ем қонбай, арғы дүниеге аттанып жатады. Мұның барлығы ел медицинасының абыройын түсіреді, жұрттың көзқарасын төмендетеді. «Не жаман – ел медицинасы жаман, кім жаман – дәрігерлеріміз жаман» деген сөз осыдан шығады. Міне, көрдіңіз бе? Мысалға мына сіз оқыған, сауатты азаматсыз. Солай бола тұра, әбден тұралап, шарасыз күйге түскенде ғана бізге жүгіндіңіз... Сондықтан ел медицинасы туралы сөз қозғағанда қазекеңнің өз денсаулығына немқұрайды қарайтынын, өлер шаққа тақағанда ғана ауруханаға өкпесін сүйретіп келетінін ескеру керек», деді.
Шынында солай емес пе? Мен ойланып қалдым. Хирург сөзінің жаны бар. Сіз қалай ойлайсыз?