• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 10:45

Ғылым мен өндірістің байланысы әлсіз

75 рет
көрсетілді

Соңғы кездері ғалымдарды ғылыми-зерттеу жобаларының нәтижесін өндіріске енгізу мәселесі көп алаңдатады. Түрлі форумдар, конференция, көрмелерде өнертабысты «Қазақстан брендімен шығарсақ» деген үмітін арқалап жүрген ғалымдар шетел тәжірибесіндегідей жоғары технологиялық инновациялық кластер құрудың уақыты келгенін, ол үшін елімізде толыққанды мүмкіндіктің бар екенін алға тартады.

Ғылыми әзірлемелерді ком­мерцияландыру де­ге­німіз – өнертабысты өндіріске енгізіп, оны қоғам мен экономиканың кәдесіне жарату, игілігін көру. Әзірге алдымызға таудай мақсат қойғанымызбен, өнертабыстың көпшілігі қағаз бетінде қалып жатыр.

Жақында ғылымды коммер­ция­ландырудың І Еуразиялық форумында Ғылым және жоға­ры білім вице-министрі Дар­хан Ахмед-Заки ғылыми-инно­вациялық дамуды алдыңғы қатарға шығарып, ғылым мен бизнесті өнімді ету үшін тиімді экожүйе құруға күш салып жат­қанын жеткізді. Бұл үрдісте «Ғылым қорының» маңызын атап өткен ведомство өкілі жылына 70 жобаның қолдау табатынын атап өтті. Мұнымен қоса ғалымдарды кәсіпкерлер, ірі өнеркәсіппен ықпалдастыруда әртүрлі кеңес жүйесі қалыптасып келеді. Келесі қадам Ғылым мен технология туралы заңның қабылдануымен жаңа қаржылық және қаржылай емес құралдарды енгізу мүмкіндігі нығаймақ. Жаңа құқықтық құралдар мен қолдау бағдарламалары, қаржы механизмдері енді-енді нәтижесін беріп келеді.

– Ғылымды қолдаудың мем­ле­кеттік шаралары мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттары әзірлеген бағдарламалар, ғылыми-техникалық қызмет нәти­­жесін коммерцияландыруға бөлін­ген грант есебінен жүзеге асып келеді. Бірақ осыған қара­мастан, әлі күнге дейін ғылыми зерт­теуден бастап, оның нәти­жесін коммерцияландыруға дейінгі толыққанды экожүйе қалыптаспай отыр, – деді осы форумда ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаев.

Академиктің пікіріне сүйен­сек, әзірлемелер мен зерттеу­лер­ге кететін шығындар, сон­дай-ақ техникалық жетіс­тік­­тер технологиялық да­йын­дық деңгейімен байланыс­ты. Ғылыми зерттеулерге негіз­делген технологиялық дайын­дық деңгейінің ерте кезеңі аса қымбатқа түспейді. Ол гранттық және бағдарламалық мақсатты және коммерциялық қар­жыландырумен жабылып, оның барысында жаңадан әзір­ленген технологиялық жоба­лар да сынақтан өтеді. Ал зерт­теулер мен толықтай ком­мер­циялық қаржыландыру ара­сындағы алшақтық салдары­нан коммерциялық же­тіс­тік­ке жету айтарлықтай шы­ғы­н­ға ұшырайды. Қолдау ме­ханизм­де­рінің жоқтығынан, ғылыми қызмет нәтижесіне осы алшақтық кедергі келтіріп отыр. Осылайша, жаңалықтар мен әзірлемелердің 90 пайыздан астамы инновацияда, елдің экономикасы, қоғамның байлығы мен құндылығына айналдыра алмай отырмыз.

– Ғылыми-зерт­­теу және тә­жі­­ри­белік-конс­трук­торлық жұ­мыс­тарды іске асыру стратегиясында салын­ған қар­жының әр тиынын тиімді жарату керек. Ол үшін ғылы­ми жо­ба­ларды іске асыру тұ­рақ­­ты­лы­ғы мен соңғы мақ­сат­қа же­ту­дің механизмдері мен үрдіс­терін түзу қажет. Ғылым­ды қар­жы­ландыру сараптамасы көр­сет­кен­дей, ғылыми-зерттеу және тә­­жі­­рибелік-конструкторлық жұ­мыс­тар ІЖӨ-нің 0,14 пайызын құ­рап отыр. Бірақ толыққанды да­му үшін мұ­ның өзі аздық етеді. Осы­­ған байла­нысты қар­жыны әді­­летті бөлуде де мәселе туындай­ды. Ғылыми-зерттеу және тәжі­рибелік-кон­структорлық жұ­мыстарды қар­жы­лан­дыру­дың негізгі бөлігі Астана және Алма­ты қалаларында шо­ғыр­лан­ған­дықтан (76,8 пайыз), айтарлықтай сәй­кес­сіздіктерге жол беріліп отыр. Сонымен қатар ғылыми инфра­құрылым да көңіл көн­шіт­­пейді. Ғалымдардың 44 пайы­зы­ның заманауи құрыл­ғы­ларға қо­лы жетпей жүр, – дейді академик.

Ал көтерілген мәселені шешу үшін ғылым мен ком­мерция­ландырудың тұрақты эко­жүйесін қалыптастыру, нор­ма­тивтік-құқықтық базаны жетілдіру, үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қажетті инфрақұрылым мен жағдайлар жасау жөніндегі бастамаларды батыл дамытып, іске асыру қажет.

Ғылым мен инновацияның дамуына кері әсер етіп отырған бірқатар сын-қатерлерді атап өткен ҰҒА вице-президенті, физика-математика ғылым­да­рының кандидаты Абай Серік­қанов біріншіден, қаржының жет­кі­ліксіздігін, екін­ші­ден, ғы­лыми зерттеулерді ком­мер­ция­лан­дырудағы инфра­құрылым мен механизмдердің кемшіндігін алға тартты.

– Елімізде ғылымды дамыту мен ғылыми-техни­ка­лық қыз­мет нәтижесін ком­мер­ция­лан­дырудағы басты мәселе – ғылым, бизнес, өндірістің өзара байланысының әлсіздігі. Бизнес­тің ғылымды инвестициялауға құлықсыздығы, ғы­лымға деген сенімсіздігі. Сал­да­р­ынан ғылыми-зерттеу және тә­жі­ри­белік-конс­трукторлық жұ­­мыс­тардың көп­те­ген нәти­же­­лері қажетсіз болып, өн­ді­ріс­ке енбей қалып жатыр. Са­лыстырмалы түрде алғанда, экономикасы дамыған елдерде зерттеулер мен әзірлемелерді 60-75 пайыз кәсіпкерлік сектор қаржыландырса, мемлекеттік бюджет шығындардың 40 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Егер де Израильде мемлекеттік қор 8,9 пайызды құраса, кәсіпкерлік қолдау – 40,0 пайыз, Кореяда – 22,8 – 76,1, АҚШ-та – 19,9 – 68,9 пайыз, – деді А.Серікқанов.

Республикада ҒЗТКЖ-ны ын­та­­­­ландыру мен қолдауда мем­лекеттік қаржыландыру маңызды рөл атқарады. Бұл бәрінен бұрын жаңа ғылыми білімді жолға қою ауқымды инвестицияны талап ететіндігін көрсетсе, ал оның коммерциалануы мен табыс беруіне кепілдік мүлде жоқтың қасы. Бұл кәсіпкерлік сектордың ғылыми зерттеулер саласына инвестиция салуға белсенділігіне кедергі келтіреді. Олардың тәуекелдер­ге құлықсыз болып отырғаны да сондықтан болар. Нәтиже­сінде, ғылыми әзірлемелерді коммер­ция­ландыру төмен дең­гейде қалып қоюда.

– Біз ғылыми инфра­құ­ры­лым­ды дамыту қажеттілігі туралы жиі айтып жүрміз. Алайда университеттер грант алғанына қарамастан, жабдықталу деңгейі төмен, басым көпшілігінде зертханалары ескірген. Бұл сапалы зерттеулер жүргізуге кедергі келтіреді. Сондықтан осы тәсілді өзгерте отырып, университеттер аймақ экономикасы үшін қолданбалы міндеттерді шеше алатын заманауи зертханалар мен ғылыми орталықтар құруға инвестиция салуға тиіс. Бұл іске инновациялар мен жаңа технологиялар­ға қызығушылық танытқан кәсіп­керлер айтарлықтай үлес қоса алады. Өкінішке қарай, көптеген кәсіпорын отан­дық әзірлемелердің әлеуетін пайдаланудың орнына шешім­дерді шетелден импорттап отыр. Бұдан шығудың жолы өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз өзара іс-қимыл жасайтын университеттер базасында ғылыми инновациялық кластерлер құру қажет. Мұндай клас­терлер металл өңдеумен, материалтанумен, экологиямен, ауыл шаруашылығы кешені және белгілі бір аймаққа қатысты басқа да өзекті бағыттарға қатысты әзірлемелерге назар аударуы тиіс, – деді ғалым.

– Бүгінде Алматыда 50-ге жуық жоғары оқу орны бар. Ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың саны 200-ге жуықтайды. Бизнестің 200 мыңға жуық түрінен кәсіп­орындар жұмыс істеп жатыр. Яғни еліміздің ғылыми әлеуетінің 70 пайызы және ел бизнесінің 30 пайызға жуығы оңтүстік астанада орналасқан. Сондықтан ғылым мен бизнесті интеграциялаудың орасан зор әлеуеті бар, еліміз­дегі ғылым мен бизнестің инте­гра­циясының локомотивіне айнала алатын Алматыда ғылыми-тех­но­логиялық, инновациялық кластер құруға еш кедергі жоқ, – дейді кәсіпкер, Ғылымды коммерция­ландыру одағы төрағасының орын­­басары Жұмабай Ділманов.

Оның пікірінше, дүниежүзін­дегі кез келген иннова­циялық кластердің өзегі – әлемдік тәжі­рибеде сыналған, экожүйеге сәйкес ғылымды коммерцияландыруды жүзеге асыратын ғылыми-технологиялық парк­тер, технологиялар, трансферт орталықтары, бизнес-инкуба­торлар, акселераторлар. Өкі­ніш­ке қарай, елімізде мұндай эко­жүйені құрумен айналысып жатқан ешкім жоқ. Ғылымды коммерцияландыруға, гранттық қаржыландыруға жыл сайын бөлінетін мемлекет қаржысы мардымсыз. Ал ғылымды ком­мер­цияландыруға берілетін мем­лекеттік гранттар ғылым мен бизнесті интеграциялау мәселесін толықтай шеше алмайтыны анық. Ол үшін бізге инвесторлар мен жеке бизнестің қаражаты қажет. Ал стартаптарды жасамай, тек қана ғалымдар жасаған ғылыми жобалардың мағынасыз көрмесінен, кейбір басшылардың стандартталған есеп берулерінен, конференциялардан еш нәтиже шықпайды. Жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу инс­титуттарында, әкімшіліктердегі пленарлық отырыстарда ғылым­ды коммерцияландырудың эко­жүйесі туралы болжанған емес, жасалған жұмыстың нәти­жесі егжей-тегжейлі талдануға тиіс. Бізге экожүйені жасауға, қа­лып­­тастыруға, ғылыми идея­ны, ғылыми әзірлемелерді опе­рациялық бизнеске айналдыруды нақты білетін мамандар қажет. Әлем желдей есіп емес, сәуледей жүйткіп, дамып барады. Осыған орай ғылым мен бизнес интеграциясының экожүйесін құруға шұғыл түрде кіріспесек, еліміз ғылыми технологиялық тұрғыда артта қалуы мүмкін.

Осы орайда шетел тәжіри­бе­сінен мысалдарды алға тартқан Ж.Ділманов «2011 жылы ресейлік «Сколково» қорының сарапшылары АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Қытайдағы дүние жүзіндегі отыз инновация­лық орталықтың тәжірибесін зерттеп, «Инновациялық орта­лықтарды құру және дамыту бойынша нұсқаулықты» жария­лады. Соның негізінде бүгінде Ресейде тиімді шетелдік тәжірибе негізінде құрылған 100-ден астам ғылыми-технологиялық техно­парк пен инновациялық орталық табысты жұмыс істеп жатыр», дейді ол.

Кәсіпкер шетелдік тәжірибеге сүйеніп, жергілікті атқарушы билік инновациялық орталықтар құруды өз мойнына алған дерек­терді назарға алды. Мысалы, Францияда – Монпельеде, Фин­ляндияда – Оулуда, Белоруссияда – Бресте. Аталған қалалар негі­зінен өнеркәсіптік дамудан артта қалған шалғай аймақтар еді. Бұл қалалардың басшылары жер­гілікті атқарушы орган­дардың қар­жысына инно­вациялық орта­лықтар құруды өз міндетіне алып, өз аймақтарын дамудың жоғары технологиялық деңгейіне жеткізе алды. Елімізде құрылып жатқан хабтар, өкінішке қарай, фармация, биотехнология, нанотехнология, тағы да басқа саладағы ғалымдардың ғылыми әзір­ле­ме­лерін өнер­кәсіптік көлемде шығаратын ғылыми-техно­логиялық парктер емес. АҚШ елдің жоғары технологиялық, инновациялық дамуын ұлттық идеяға айналдырып үлгерді. Оның жарқын мысалы әлемге аян. Ендеше, еліміз дәл сондай жоғары технологиялық мемлекетке айналуы үшін үкіметтің, министрліктердің, әкімдердің, ғылыми орталықтардың ғана емес, бүкіл қоғамның күш-жігері қажет. Дамыған елдерде оған кемінде 15 жыл кетті. Сондықтан шыдамдықпен, дамыған ел­дер­дің үздік тәжірибесін пайдалана отырып, елімізді жоғары технологиялық елге айналдыруға шұғыл кірісу қажет.

 

АЛМАТЫ