• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Ғылым 16 Қараша, 2024

Ғұламаның бай мұрасы

178 рет
көрсетілді

Астанада «Фараби ойы мен даналығы және оның қазіргі ­ислам өркениетінің қалыптасуына әсері» тақырыбында ғы­лыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараны Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факуль­те­ті Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдени өкілдігімен бір­лесіп ұйымдастырды.

Ғылыми жиынның мақсаты – ой­­шыл ғалымның бай мұрасын жаңа қырынан зерттеу, Фараби мұ­расы арқылы қазіргі қоғам да­муы­­ның рухани, тарихи және фило­со­­фиялық негіздерін түсіну, екі ел ара­­сындағы фарабитанушы­лар­ды бі­­рік­тіру һәм жаңа зерт­теу­лерді са­­ралау.

Келелі кездесудің беташар сөзін Иран Ислам Респуб­ли­касының Қазақ­стандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Али Акбар Джоукар бастады.

«Адамзат баласы бір-бірімен әлем­дік тұлғалар арқылы тығыз байланысып келеді. Бұл ретте Фараби мұрасы халықтар арасындағы мәдени байланыстардың негізгі тетігі деуге болады. Өмірі, шығар­ма­шылығы орта ғасырдың ең бір қиын кезеңімен тұспа-тұс келген ойшыл ілімі тұтас адамзатты ізгілік пен бауырмалдыққа ша­қырды. Ағартушылық жолда Фараби атқарған істер сол кездің өзін­де үлкен ғылыми орталық болып есептелді. Әл-Фараби – барша адамзатқа ортақ тұлға. Ғұламаның ізгілікті қоғамға қатысты идеясы әлі де өзектілігін, құндылығын жой­ған жоқ. Аристотельдің еңбек­терін саралап, Платонға айрықша түсі­нік­­теме жазған озық білімдар Фа­ра­би болмысы – өз кезегінде адам­зат­қа шырақ жаққан жаңа үлгі. Фа­ра­биге үңілу арқылы адам­зат өз-өзіне үңіледі. Алдағы уа­қытта әлемнің екінші ұстазына ар­н­ап, Иранда бірнеше жиын ұйым­­­дастырылады. Соның бірі – Халық­ара­лық Фараби фестивалі. Осы жиында гуманитарлық бағыт­­тағы ға­лым­дар бас қосады», деді Али Акбар Джоукар.

Соңына өлмейтін өсиет, өш­пейтін мұра қалдырған әл-Фараби ислам өркениетінің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға екені даусыз. Мұсылман дүниесінің ортақ мақтанышы болған адамзат ойшылы туралы сүбелі сөз­ді өз кезегінде Иран Ислам Рес­публикасы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матин жалғады.

«Екі ел арасындағы мәде­ни және ғылыми қарым-қаты­нас­тар­дың дамып келе жатқанына аса қуаныштымын. Осы орайда Иранның мәдени өкілдігі Фараби және басқа да исламдық ғалым­дармен байланысты зерттеулерде ынтымақтастыққа дайын екенін жет­кіземін. Еуразия ұлттық уни­вер­­ситетінің тарих факультеті осы мәсе­лелерге ерекше назар аударып, ислам философиясы мен хик­­меті саласындағы зерттеулер жо­лында құнды қадамдар жасады. Біз осы қарым-қатынастарды ны­ғай­­ту арқылы ғылыми һәм мәдени са­ла­да үлкен жетістіктерге жете ала­­мыз», деді Али Акбар Талеби Матин.

Ұлттың ұлы мұратын жү­зеге асыратын тәрбиелі де бі­лімді ұрпақ. Сан түрлі саланы салмақтай біліп, шып-шырға­сын шығармайтын іскер болып қалыптасқан жас өрен бойында тәрбие болмаса, бір дүниесі кембағал тартып тұратыны да белгілі. Сондықтан ислам әу бас­тан ғылым мен білімге мән берді. Конференция қаты­су­шы­лары да ғұламаның «Тәрбиесіз бе­ріл­ген білім – адам­зат­тың қас жауы» ­деген ойын жиын­ның негізгі тірегі етті.

«Фарабидің мұрасын зерт­теу­ші ғалымдар ойшылдың фило­со­фиялық көзқарастарында басты үш бағыт барын аңғартады. Олар: дүниенің мәңгілігін мойын­дау, танымның болмысқа тәуелділігі, ақыл-парасат туралы ілім. Әл-Фараби ортағасырлық түркі-мұ­сыл­­ман елінің тарихи шындығы мен өзіне дейінгі іргелі философтар Платон мен Аристотель ілімдеріне сүйене отырып, мәңгіліктің философиясын жасады. Нәтижесінде, «Мәңгілік ел» жай ұғым емес, сая­си философиялық маңызды тұ­жырымға айналды», деді тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Сатай Мақсұтұлы.