• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Тұлға Кеше

Түркі тұтастығын армандаған тұлға

71 рет
көрсетілді

Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтының болашағы мен түркі халықтарының бірлігі үшін күрескен біртуар тұлға Тұрар Рысқұлов­тың 130 жылдығына арналған «Тұрар және Түркістан идея­­сы» халықаралық ғылыми-тә­жі­рибелік конференциясы өтті.

Идеясы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ

Облыс әкімдігі және Қ.А.Ясауи атын­дағы ХҚТУ-дың ұйымдастыруымен өткен жиынға Түркия, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен арнайы өкілдер мен елімізге танымал ғалымдар, тарихшылар, тұрар­тану­шылар, зиялы қауым, студенттер мен өңір тұрғындары қатысты. Алдымен оқу ордасының мәдениет сарайында арнайы көрмені тамашалаған қонақтар тұлға тарихы таспаланған фото-шежіремен таныс­ты. Академик, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі жүргізген жиында алғаш болып сөз алған Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. «Тұрар Рысқұлов – мемлекеттігімізді ны­ғайтуға өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұл­ға. Ол төл шежіремізге ұлтымыздың бола­ша­ғына қатысты көптеген мақалалар мен ғылы­ми еңбектер жазды. Күрделі кезең­де ел игі­лігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Нәу­бет жылдары халықты аштықтан құт­қару­ға атсалысты. Қазақтың біртуар пер­зенті еліміздің егемендігі, түркі жұрты­ның азаттығы жолында табанды күрес жүр­гізді. Тұрар Рысқұлов есімі тұтас Түр­кістан идея­сымен тығыз байланыс­ты. Оның түркі мемлекеттерінің бірлігіне қатысты идеясы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ», делін­ген Президент құттықтауында. Сон­дай-ақ кон­ференцияда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың арнайы құттықтауы оқылды. Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Баярхуу Дорж, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Пак Илкер Тұрар Рысқұлов­тың қоғамдық-саяси қызметі, тұтас Түр­кістан идеясының маңызы және осы жолдағы еңбегі, ұлты үшін жасаған адал қызметі, күрескерлік ерік-жігері туралы тарқата сөз қозғады. Тұрар Рысқұлов Моңғолияның тұңғыш конституциясын жазған, әуелгі парламенттік жүйенің негізін қалаушы тұлға екені, жаңа астананың атауын қойғаны айтылды. Бұл орайда Тұрар Рысқұлов «Батыр» деген сөзге «Ұлан» сөзін жалғап, «Ұланбатыр» деген атауды жөн көрген. Ұлаанбаатар сөзінің қазақша мағынасы – «Қызыл батыр». Бірақ «қызыл» сөзі «алтын» деген мағына береді. Сол «Қызыл батыр» деу арқылы немесе Қызылорданың негізін қалау арқылы кезінде Алтын орда деген идеяны да көтергені айтылды. Тұрар Рысқұловтың жас кезінен саясатқа араласып, батыл шешімдер қабылдағанын айтқан Дүниежүзі қазақ­тар қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қызмет бабымен шетелдерде жүрген кезінде Рысқұловтың әлемдік деңгейдегі абыройы жоғары екенін байқағанын жеткізді. Бұған қоса, елші лауазымында қызмет еткен кезде Мәскеу мэрімен болған оқиғаны еске алып, Тұрар Рысқұлов тұрған үйге белгі қою туралы мәселе қалай шешілгенін баяндады. Сондай-ақ тұлғаға арналған тағылымды жиындар, жас ұрпаққа өнеге-үлгі ету мақсатында, әрбір бес жылда өткі­­зілсе де артық болмайтынын жеткізді. Ал конференцияға арнайы келген Тұрар Рысқұловтың немересі Адель іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Жоғары деңгейде ұйымдастырылған, көрменің өзінде бұрын-соңды білмеген құжаттарды көрдім, дайындық жұмыстары өте жақсы жүргізілген. Шыны керек, мұндай деңгейдегі шараны бұған дейін көрмедім. Мінберде де Тұрар Рысқұлов туралы жақсы ақпараттар айтылып жатыр. Осы мәліметтердің барлығы жастарға жетсе, келешек ұрпақ Тұрар Рысқұловты, оның еңбегін ұмытпаса екен деймін. Өкінішке қарай, қазір тұрартанушылар саны аз. Сондықтан студенттер үшін Тұрар Рысқұловқа арналған дәрістер ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларына қосу туралы ұсыныс айтқым келеді. Тұрар Рысқұлов сан салада қызмет еткен, тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттері әлі де бар, қаншама құжаттар бар», деді Адель Рысқұлова. Сондай-ақ ол «Керуен сарай» кешеніндегі мұражайда 7Д форматта көрсетілген деректі фильмге қатысты қынжылысын жасырмады. Онда ұлылардың портреттері хронологиялық ретте берілмегенін айта келе, Адель Рысқұлова туристерге, оқушыларға көрсетілетін деректерге тарихи тұрғыда мұқият қарауды өтінді. Тұрар Рысқұлов пен оның жары, анасы мен әжесінің тағдырынан сыр шертіп, ұлы тұлғаның артында қалған ұрпақтары туралы айтты.

Халықаралық Түркі академиясы­ның сарапшысы Тимур Козырев акаде­мия президенті Шаһин Мұстафаев­тың құттықтау хатын оқып берді. Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңір басшысы Дархан Сатыбалдының ықыласын жеткізді. «Бұл маңызды жиынның Түркістан төрінде өтуі заңдылық. Өйткені көрнекті қоғам қайраткері, дарынды көш­басшы Тұрар Рысқұлов өткен ғасырдың алғашқы шире­гінде Түркістан идеясын көтеріп, Түркі жұртының тұтастығына бар ғұмы­рын арнады. Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидің «Халқыңа қызмет ет, Ізгілерге ізет ет, Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет» деген қанатты сөзі бар. Тұрар Рыс­құловтың өмір жолы осы ұстанымға то­лықтай келеді. Халқына адал қыз­мет етті, отан­­шылдық пен адалдық­тың ­өл­ше­­мі­­не ай­нала білді», деді Бейсенбай Тәжібаев.

Халықаралық конференцияның па­нель­­­дік сессиясында түркітілдес елдерден келген ғалымдар мер сарапшылар, публицист, тарихшы, дипломат Тұрар Рысқұловтың тұлғасын жан-жақты зерттеп, оның идеялары және қызметінің маңызы, қазіргі күндегі өзектілігі туралы ой бөлісті. Сессияда Өзбекстан Ғылым академиясы Тарих институтының директоры, профессор Кахраман Раджабов, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу,  Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай сынды ғалымдар баян­дама жасап, маңызды тақырыптарды қозғады. Мысалы, «Тұрар Рысқұлов және ашаршылық» тақырыбында баяндама жасаған Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов ұлтының амандығы үшін күресіп, халыққа қол ұшын созған өр тұлғаның істеріне кеңінен тоқталды. «Тұрар Рысқұлов ашаршылықтың қай жылдары, қалай бас­тау алғанын нақты айтқан. Бұл даталар нақты тарихи деректермен дәлелденген. Оны қазіргі таңда барша ғалым мо­йындады. Оның есімі біздің тарихымызда халықтың қамын жеген ірі тұлға ретінде қалды», деді академик. Жиында Тұрар Рысқұловтың тұлғалық болмысын айқындай түсетін еңбек жолы жайлы баяндамалар жасалды. Атап айтсақ, «Рысқұлов – әлемдік тұлға», «Рысқұлов және Алаш зиялылары», «Рысқұлов және Түркістан», «Рысқұловтың публицистикасы», «Рысқұлов және Түркістан үшін күрес», «Рысқұлов және Ататүрік, Түркі бірлігі» және басқа да тақырыптар аясында терең мағыналы мәліметтер айтылды. Жиналған қауым Тұрар Рысқұловтың болмысы, қазақ даласы мен халқы үшін төккен тері, еңбек жолы туралы терең де мазмұнды мағлұмат алды.

Сондай-ақ халықаралық конференция аясында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ аумағында аллея ашылды. Онда біртуар тұлғаның мерейтойына орай 130 түп шынар ағашы отырғызылды. «Ұжыммен ақылдаса келе, Тұрар Рысқұ­ловтың туғанына 130 жыл толуына тарту, әрі халықаралық конференциядан естелік болсын деп оқу орнымыздың аумағында «Тұрар Рысқұлов атындағы аллея» ашуды жөн санадық. Халықара­лық конференцияға қатысушылар, ұлт зиялылары, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар, университет басшылығы, түркі әлемінің жастары және оқу орнымыздың студенттік парламентінің белсенділері болып, сол аллеяға 130 түп шынар ағашын отырғыздық. Алдағы уақытта аллеямыздың аумағын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, Тұрар Рысқұловтың туғанына 140 және 150 жыл болған кезде кездесіп, осы жердің үлкен саябаққа айналғанын көреміз. Тұрар Рысқұловтың мұрасын зерттеу мен насихаттау жұмыстарын тоқтатпауымыз қажет», дейді университет ректоры Жанар Темірбекова.

 

Жаңа форматта насихаттау қажет

Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған мазмұнды іс-шара Түлкібас ауданында жалғасын тапты. Игі іс-шараға қатысушылар Тұрар бабаның ескерткішіне тағзым етіп, айналасын көгалдандыру­ға атсалысты, ағаш отырғызды. Аудан­дық тарихи-өлкетану музейінде кітап көрмесі мен жәдігерлер таныстырылды. Салтанатты жиынға ел ағалары, зиялы қауым өкілдері мен тарихшы-ғалымдар және аудан тұрғындары қатысты.

Аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Тұрардың есімін одан әрі насихаттау, еңбектерін ұрпақ санасына сіңіру бағытында ұтымды ұсыныстар айтылатынына сенім білдірді. Осы орайда жиында тұлғаның еңбегін жас ұрпаққа таныту, зерттеу, насихаттауға қатысты ой-пікірлер айтылды. Сенатор Дархан Қыдырәлі қиын-қыстау кезде Рысқұловтың елді аштықтан сақтай жүріп, болашақтың жоспарларын жасап кеткендігін атап өтті. «Біз қазіргі жағдайда Транссібір күретамыр жолын салуымыз қиынға түсетін еді. Бүгінде Батыс пен Шығысты жалғап тұрған экономикалық-логистикалық жолдардың барлығында Тұрар атамыздың қиын-қыстау кезеңде елді аштықтан сақтай жүріп болашақтың жоспарын жасап кеткендігін көрсетеді. Бүгінгідей жиындар, ол кісінің ұлағатты ісі қазіргі жастарға керек. Осы Тұрардың тамыр тартқан топырағынан тағы да талай Тұрарлардың дүниеге келетіні ақиқат», деді сенатор. Сондай-ақ сенатор Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзін еске салды. «Президент: «Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоймау қажеттігін» айтып, «Ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз», – деген болатын. Әлбетте, тарих – өткенмен кектесу үшін емес, болашақпен беттесу үшін де қажет. Сондықтан құндылықтар құнсызданған құбылмалы заманда қалам ұстаған қауымның құбыласы қашанда шындық болуға тиіс. Зиялы қауым – әділеттің таразысы іспетті. Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек», деді сенатор. Иә, Түркістанда өткен конференция барысында да, Түлкібастағы жиында да тұлғалардың елдік мүдде жолында атқарған істерін бүгінгі буынға жеткізу, ақиқатты тарихи деректермен айқындай ауытқымай жеткізу мақсатындағы игі істер қажеттігі айтылды.

Бұл орайда ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы кешегі буын аға толқынның әңгімесін ұмыта бастайтынына оның үстіне кейінгі ширек ғасырдың ішінде өткен тарихымызға қарай тас атып, түрлі оқиға болып жатқанына қынжылыс білдірді. Қазақтың тағдырына, қазақтың мүддесіне қызмет еткен азаматтар бір-біріне жау болмағанын, олар ұлтын қалай ұшпаққа шығарамыз деп ойлағанын айтып өтті. «Тарихымыздың аса күрделі кезеңдері туралы аңыз бен ақиқат, фольклор мен мұрағат қатар өрілгеннен кейін бе, осы күні БАҚ-та асығыс тұжырым, біржақты дәйек жарияланып жатады Басқа-басқа, дерегі де, еңбегі де хатталып тұрған осыдан бір ғасыр бұрынғы Алаш зиялылары мен ұлт қайраткерлерінің өмірбаянынан, іс-әрекетінен «қиял-ғажайып ертегі» құрап жүргендер де бар. Мұның сыртында большевизмнің батпандап кіріп, мысқалдап шығатын ауыр дертінен айықпай, жау іздеп, ат төбеліндей оқыған мен абаданды бір-біріне қарсы қою мемлекетшілдіктің, ғылымға негізделген танымның жөні емес. Осының бәрі тұлғатанудағы ғылыми қағидат­тың, елшілдік ұстанымның әлсіздігін аңғартады. Шынайылық қағидаты – пендешіліктен немесе біліксіздіктен аулақ болу», деді академик. Сондай-ақ ғалым тұлғаларды насихаттау мәселесіне тоқталды. «Біз бүгін Тұрарды қалай насихаттап жатырмыз? Кешегі бар дүние қалай көз алдымызда жоқ болып кетті? Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов сияқты ел ағаларының бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, кеңестік «Нархоз» атауын таңдап, Т.Рысқұловтың атын алып тастады. Аты былай тұрсын есігінің алдындағы ескерткішке дейін жоқ қылып жіберді. Өте қиын жағдай. Бірақ бұл жағдайды қалай шешеміз? Меніңше, экономика институтына Т.Рысқұловтың есімін беру керек. Ол бір. Екіншіден өлке, өңір өзгеріп жатыр. Кеңейіп жатырмыз. Бір облыстан екі аймақ – Шымкент, Түркістан шықты. Енді еліміздегі мемлекеттік университетке атын еншілеудің мағынасын ойлауымыз керек. Сондай-ақ бір кезде алқалап ана жерге, мына жерге ескерткіш қойып жаттық. Сол ескерткіштердің сапасы қандай? Заман өзгерді, мықты монументалистер, мық­ты өнер адамдары шықты. Ойланатын ескерт­кіштер қою қажет. Халыққа жақын ескерт­кіштер орнату өте маңызды. Әр бес жыл са­йын Тұрар Рысқұловқа байланыс­ты на­сихаттаудың жаңа форматтарын ой­лап табуымыз қажет. Қалай насихаттай­мыз? Насихаттың жолы көп, жаңа форматына өткеніміз жөн», деді Диқан Қамзабекұлы.

Осы арада айта кетелік, университет атауының өзгеруіне қатысты Сенат депутаттарының мамыр айында жолдаған сауалына берген жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов: «Нархоз» университеті жекеменшік жоғары оқу орны екенін ескере отырып, Т.Рысқұловтың есімін университетке қайта беру мүмкіндігін қарастыру мәселесін Ғылым және жоғары білім министрлігі пысықтауда. Өз кезегінде қорытындысы бойынша министрлік депутаттық корпусқа қосымша хабарлайтын болады» деген болатын. Жыл аяқталуға жақын, алайда бұл мәселеге қатысты министрлік үнсіз отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тұлғаны насихаттауға байланысты Тұрар Рысқұловтың немересі Аделя Робертқызы да пікір-ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ Түлкібаста өткен жиында жазушы, тұрартанушы Мұхтар Қазыбек Рысқұловты тануды мектеп директорларынан бастап талап етіп отыру қажеттігін, қазақ ұлтының тұтас бір болмысы ХХ ғасырда Тұрар Рысқұловтың бойынан көрініс тапқанын айтып өтті. Тұлдыр жетімдік тағдырды бастан кешкен, Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық-саяси өмірге ерте араласып, отаршылдық езгіге қарсы аяусыз күресте шарболаттай шыңдалып өскен Тұрардың бүкіл саналы өмірі халқымызды теңдікке жеткізу, бұқара халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту жолында жастарды, саналы азаматтарды жұмылдыру болды. «Мәскеуде 11 жыл атқарған қызметі, еліміздегі барлық еңбегін жинақтаған кезде шамамен 30 томдай еңбек болуы керек. Оның ішінде ең үлкен нәрсе – Т.Рысқұловқа арналған энциклопедия. Өте қажет дүние. Біз соған қол жеткізе алмай жүрміз. Шынын айтқанда, біз патриоттық рухта сөйлейміз, ал іске келгенде төмендеп қаламыз. Ең негізі біз тарихымызды ұмытпау үшін сол уақытта өмір сүріп, өшпестей із қалдырған бабаларды еске алып отыруымыз қажет. Міне, бүгін сондай ұлағатты істің куәсі болып отырмыз», деді тұрартанушы. Сондай-ақ ол Шерхан Мұртазаның Т.Рысқұлов туралы бес томдығы қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» кейінгі үлкен эпопея екенін атап өтті. Ал академик Оразалы Сәбден Тұрар Рысқұловтың нағыз экономист болғанын, ауыл шаруашылығын жақсы білгенін айтты. «Түркі халқының басын қосу идеясы осы ғасыр, келесі ғасырға дейін баратын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрік мемлекеттері басшыларының басын Астанада қосып, осы идеяны жалғастырды. Сонда ортақ тіл, логистика, сауда-саттық сынды басқа да бірқатар мәселелер қойылды», деді академик. Ғасыр жасаған Мұратәлі Төлепбергенов ақсақал Тұрардың отбасы жайында әңгімеледі. Сондай-ақ ашаршылық кезіндегі елдегі жағдайды еске алды. «1933 жылы қазақтың қалай қырылып жатқанын көргендердің бірімін. Сонда 8 жастағы бала едім. Түлкібас ауданына қарағанда мына Жуалы ауданында астық мол егіледі, жері кең, сол жаққа апарып тастады. Сонда Түлкібас стансасының маңында қазақтар аштықтан өліп жатты. Оның себебі не? Өйткені Қазақстанды басқарып отырған Голощекин қазақтың жағдайын білмейтін», деді Мұратәлі ақсақал. Тұрар Рысқұловтың Мәскеуге кетуіне Голощекин себепкер болғанын жазушы Көлбай Адырбекұлы да айтып өтті. «Ташкентте архивте болғанымда 1927–1928 жылдарғы тарихты ақтарып отырған Еуропа нәсілді кісімен әңгімелесіп қалдым. Ол маған 1926 жылы Рысқұловтың Мәскеуге кеткен себебін айтып берді. «Оның Мәскеуге кеткені Голощекинге байланысты. Ол Сталинге барып Рысқұловты алып кетуін өтініп, Тұрарға осында жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді», деді. Егер Рысқұлов сол жылы кетіп қалмағанда 1931–1933 жылдарғы аштыққа мүлдем жол бермейтін еді», деді Көлбай Адырбекұлы. Сонымен қатар жазушы Тұрар Рысқұлов туралы тарихи деректердің бұрмала­нуы­на жол бермеген Молдияр Серікбаев­тың тұрартануға қосқан үлесін атап өтті. Жиынға қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовке ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ жиын барысында Түлкібас ауданында Тұрар Рысқұловтың ұйытқы болуымен 1926 жылы «Ақсу-Жабағылы» қорығы, 1925 жылы Түлкібас әк зауыты, 1927 жылы Түлкібас теміржолы салынғаны айтылды. Аудандық мәдениет үйіндегі шарада біртуар азамат туралы арнайы дайындалған фильмнің үзіндісі көрсетілді. «Ұлы дала перзенті» жинағының тұсауы кесілді. Патриоттық әндер шырқалып, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шой­беков пен айтыстың ақтаңгері Біржан Байтуов арнау айтты.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында тағылымды-танымды басқа да бірқатар іс-шара өткенін айта кетелік. Мысалы, Тұрар Рысқұлов атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі құнды жәдігерлермен толықты. Жазушы, тұрартанушы Мұхтар Қазыбек 100 жыл бұрын басылып шыққан көне кітаптың түпнұсқасын тапсырды. Ал Аделя Рысқұлова атасының шағатай қарпімен жазған екі хаты мен «АЛЖИР» лагеріне қатысты кітапты табыс етті.

Түркістан өңірі жұртшылығы қазақ халқының, түркі мемлекеттерінің ынты­мағы мен амандығын армандаған тұлға рухына осылайша тағзым етті.

 

Түркістан облысы