• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қараша, 2024

Ұлттық құндылықтарды қорғайтын заң керек

109 рет
көрсетілді

Әр ұлтты өзгелерден ерекшелеп тұратын өзіне тән тұтынатын бұйымы, табиғатына үйлесетін киімі һәм ғасырлардан жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтары болады. Ұлттық бұйым мен киім арқылы әр халықтың өмірлік философиясын, өнер хақындағы дүниетанымын, салт-сана мен әдет-ғұрпын тани аламыз. Қазіргі таңда жер бетіндегі қазақтың бар болмыс-бітімін көрсете алар төл бұйымдарымызды заң аясында қорғай алып отырмыз ба?

Еліміздегі ұлттық бұйымдар мен киімдерге деген сұраныс күн санап артып келеді. Бұрынғы оюлы киімді мейрамдарда бір киіп, сандықтың түбіне лақтыратын кез келмеске кетті. Қоғамдық орындарда, түрлі мәдени жиындарға бара қалсаңыз, заманауи стильде тігілген көздің жауын аларлық қазақы киім киген жастарды көргенде қуанып қаласың. Өкініштісі сол, мұндай тауарларға тапсырыс беріп, арнайы шеберлерге тіккізу керек.

Бүгінде қалтаң қалың болмаса, қа­зақ­тың қазы-қарта, жал-жаясын жеп, бөрі тұмақ, зерлі шапан, саптама етігін киіп жүру қиын. Себебі ұлттық бұйымдар қымбат болғандықтан, оны екінің бірі сатып ала алмайды. Содан болар, жұрттың ұлттық киімге деген сұранысы артқанымен, оны отандық өндіріс орындарының толық қамтуға қауқары жоқ. Мұның сыртында құда-жекжат, сыйлы азаматтардың арқасына шапан жабу, киіт кигізу деген секілді жоралғылар да шамадан тыс артып, нарық тым кеңіп барады.

Ол нарықты өзіміздің өндіріс орындарымыз жаулап ала алмағаннан кейін бұқара ұлттық киім ретінде шетелден әкелінетін соған ұқсас бұйымдарды тұтынуға мәжбүр. Бұл үрдіс ұлттық ерекшелігімізді жоғалту қаупін тудырып отыр. Мысалы, той-томалақта құда-жекжаттың арқасына жабатын шапан мен шекпеніміздің дені – Қырғызстан шеберлерінің тіккен бұйымдары. Қазақ пен қырғыздың киімінің сырт көрінісі бір-біріне ұқсас болғанымен, екі ұлттың өзіне тән ерекшеліктері бары анық. Ұлттық киім мәселесіне келгенде қазақ пен қырғызды былай қойып, өз ішімізде әр өңірімізге тән айырмашылықтардың бар екенін өнертанушылар әлдеқашан дәлелдеп тастаған. Жетісу, Арқа, Каспий маңы мен Еділ бойы қазақтарының киім үлгісіне қарасаңыз, түбі бір болғанымен пішіні, сәні, тігілуі сан алуан екенін байқайсыз. Мәселен, қазақтың оңтүстігінде тік домалақ жағалы шапан кисе, өзге өңірлерде алды ашық қайтарма жағалы шекпен киген. Сол себепті де Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Қытай елінен келіп жатқан ұлттық бұйымдар мен киімдер сыртқы пішіні болмаса, мазмұны тұрғысынан біздің танымға мүлдем сәйкес келмейді.

Қазақтың киіз үйі ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгенін мақтана айтып жүрміз. Әлем қорғауға алған сол киіз үйіміздің сүйегін шабатын шеберді іздеп көріңізші қазір. Алтай мен Атыраудың арасынан үш-төрт шеберді әрең табасыз. Басқаны айтпағанның өзінде осы екі дәйектен-ақ ұлттық бұйымдарды заң аясында қорғау керектігі байқалады.

Ендігі мәселе «ұлттық құндылықтарын заңмен қорғауға алған мемлекеттер бар ма?» деген сұраққа келіп тіреледі. Әлемдегі кейбір елдер бұл қауіптің алдын алып, мәдени мұрасын қорғау үшін бірқатар шара енгізген. Мысалы, Италия мен Францияда тарихи және мәдени маңызы бар бұйымдарды елден шығару және елге кіргізу үшін арнайы рұқсат алу талап етіледі. Тіпті көптеген мемлекет өздерінің ұлттық өнерін және қолөнершілерін қорғау үшін ел нарығында шетелдік бұйымдардың сатылуына шектеулер қойған.

Үндістанда ұлттық зергерлік бұйым­дарды өндірушілерден баж са­лығы алынбайды. Бұл ел алтын және күміс­тен жасалған дәстүрлі бұйымдарын қорғап, ішкі нарыққа шетелдік өнімдерді кіргізбейді.

Түркия, Марокко ұлттық киімдері мен зергерлік бұйымдарын өндіріп, ел аумағында сатқысы келетін шетелдік компанияларға арнайы салық салады.

Қытай ұлттық мәдени мұраны қорғау үшін тарихи мәні бар кейбір қолөнер бұйымдарын импорттауға шектеулер енгізген. Бұл елде де баж салығы бар.

Иран ұлттық кілем өндірісін қорғау мақсатында шетелден кілем әкелуге қатаң шектеу қояды.

Жапония тарихи құнды заттарды шетелге шығаруға немесе шетелдік ұқсас бұйымдарды елге кіргізуді шектеген. Осылайша, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен қолдауды басты назарға алып отыр.

Грекия ұлттық мәдени мұраларды қорғау мақсатында археологиялық және тарихи маңызы бар заттарды шетелге шығаруға тыйым салған. Ел ішіндегі қолөнерді дамыту үшін өзге елден әкелінетін ұқсас өнімдерге салық салынады.

Мұндай деректерді әрі қарай жалғас­тыра беруге болар еді. Осы жерден тізгінді бір тартып, елдегі жағдайға оралайық. Біз жоғарыда дерек келтірген мемлекеттер секілді ұлттық бұйымдарымызды заңдық тұрғыда қызғыштай қорғай алып отырмыз ба? Ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін шетелден әкелінетін кәдесый бұйымдарына шектеулер қою қажет пе?

Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы бар. Ұлттық бұйымдарды қорғау үшін ең алдымен отандық өнімдерді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылдануы керек. Бұл орайда мемлекет шеберлерге арнайы гранттар мен субсидиялар беріп, қолдау көрсету бағытында батыл қадамдарға барғаны жөн.

Мәселен, бұл кешенді жұмысты іргеміздегі Өзбекстанның өзі бір жүйеге келтіріп алды. Өз ағаларымыздың еліне кәдесый апарар болсаңыз, кеденде сол заттың жарты құнына тең салық төлейсіз. Сондай-ақ Өзбекстан шеберлеріне мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетіп, ұлттық қолөнердің екпінмен дамуына жол ашып отыр. Ұлттық қолөнершілерді салықтан босатып, керек-жарақ ма­териал­дарын жеңілдікпен сатып алуға жағдай жасаған. Мұның сыртында арнайы ұлттық бұйымдар сататын базарларды да салып берді.

Егер де мәдени мұра мен қолөнерді сақтап қалуды ойласақ, біздің ұлттық бұйымдарымызға ұқсас шетелдік тауарларды шекарадан өткізуге шектеу қойып, отандық шеберлердің өнімдеріне басымдық беруіміз қажет. Әр халықтың мәдени мұрасы – мың жылдықтардағы сол ұлттың тыныс-тіршілігімен бірге жасасып, дүниетаныммен астасқан рухани байлығы саналады. Ұлттық киім үлгілері, үй жиһаздары, ыдыс-аяғы, зергерлік бұйымдары және басқа да қолөнер туын­дылары – ұлт мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Сондықтан да, дәстүрлі қолөнер шеберлері мен ұлттық өнер өкілдерінің шығармашылығын қолдау және дамыту аса маңызды екенін естен шығармай, ұлттық құндылықтарды қорғайтын заң қабылдайтын кез жетті деп ойлаймыз.