Қазақ-орыс әдеби байланысы кешегі кеңес кезінде қарқынды дамып, екі ел қаламгерлерінің шығармалары оқтын-оқтын аударылып, сан мың данамен таралғаны мәлім. Сонау жылдардан бастау алған рухани бекем бірлестік қазіргі таңда да дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Мәселен, Қазақ ПЕН клубының орыс әдебиетшілерімен жасап жатқан ортақ жобаларын айрықша атап өткеніміз абзал.
Қазақ авторларын әлемге таныту жолында көптеген іргелі істерді атқарып жүрген Қазақ ПЕН клубы Лондондағы бүкіләлемдік жазушылар қауымдастығы – Халықаралық ПЕН клубтың мүшесі, ЮНЕСКО-да өз мәртебесі және БҰҰ-да кеңесшілік мәртебесі бар. Шығармашыл мамандықтар өкілдерінің зияткерлік ынтымақтастығын кеңейтіп, халықаралық әдеби қоғамдастыққа қатысу, мәдениетті дамытып, қоғамдық санада биік ізгілік мұраттарын тәрбиелеу мақсатында құрылған клуб бүгінде өз үдесіне сай түрлі бағытта жұмыс істеп жатыр. Ең алдымен, бұл шығармашылық алаң кәсіби әдебиетшілер мен журналистерді біріктіреді.
Осы орайда Қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннен шетелдік әдеби ортамен байланыстарын, атқарылған жобалар мен алдағы жоспарды сұрап көрдік. Әсіресе ресейлік әдебиетшілермен іскерлік байланыс жыл өткен сайын дамып келеді, дейді ол.
«Біз екі елдегі әдеби-рухани жаңалықтармен, жаңа шығып жатқан кітаптармен бөлісіп отырамыз. Тұрақты жұмыс істейтін авторларымыз да бар. Мәселен, ең алдымен әйгілі жазушы Анатолий Кимді атап айтамыз. Орыс әдебиетінің классигі Андрей Битов (жуырда ғана өмірден өтті), жазушы, қоғам қайраткері Георгий Пряхин, «Юность» журналының бас редакторы, жазушы Сергей Шаргунов, прозашылар Эргали Гер мен Евгений Абдуллаев, әдеби сыншы Евгений Ермолин және басқалары бар. Бұл авторлар Қазақ ПЕН клубы өткізетін Халықаралық жазушылар форумдарына тұрақты қатысады», деді Қазақ ПЕН клубы президенті.
Сондай-ақ ол негізінен Ресей ПЕН клубымен емес, Жазушылар мен баспагерлер одақтарының ассоциациясымен (АСПИР) әріптестік байланыста екенін айтты.
«Бұл ассоциация Мәскеуде 5-8 желтоқсан аралығында Халықаралық әдеби форум өткізеді. Өзім де соған қатысушы ретінде шақырылдым. Жалпы, Мәскеуде Қазақстан авторларының кітаптары жиі болмаса да жарық көріп тұрады. Атап айтсақ, Ю.Серебрянский М.Земский, Р.Бүркітбаева-Нүкенова, басқа да ақын-жазушылардың шығармалары басылып шықты. Алдағы жылы «Художественная литература» баспасынан «Мараль» атты романым жарық көреді», дейді Б.Ғабдуллин.
Қазақ ПЕН клубы президентінің айтуынша, қазір бірлестік аударма жұмыстарында басқаша тәсілге көшкен. Қазақ классиктерінің шығармаларын ағылшын, америкалық шебер аудармашылар арқылы бірден ағылшын тіліне тәржімалап, Нью-Йоркте, Лондонда басып шығарып жатыр.
«Кейінгі жылдарда аталған қалаларда Абай, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Герольд Бельгер, Қажығали Мұханбетқалиев, Мәди Айымбетов, Р.Бүркітбаева-Нүкенова, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, тағы басқалардың кітаптары жарық көрді. Айта кетейік, бұл кітаптардың аударма жұмыстары мен шетелде басылып шығуы Қазақ ПЕН клубтың жеке қаржысымен іске асырылады», дейді ол.
Иә, Қазақ ПЕН клубы жыл өткен сайын шетелдермен арадағы әдеби байланысты нығайтуға үлес қосып келеді. Жоспарда тұрған жаңа жобалары да ауқымды. Егер мүмкіндік болса, келер жылы Қарағандыда немесе Түркістанда «Көрші елдер әдебиеттерінің диалогі: «мұз» дәуірін қалай еңсереміз?» атты Халықаралық жазушылар форумын өткізуді жоспарлап отыр. Алқалы жиынға Қазақстан, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, басқа елдерден атақты әдебиет өкілдері шақырылмақ.