Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 700-ден аса интернеттегі алаяқтық тіркелді. Бұл туралы ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Нұрай Арыстанбек мәлімдеді.
«Ақпараттық технологиялардың дамуымен бірге алаяқтар да өз әрекеттерін жетілдіріп, олардың қолданатын әдістері күрделеніп барады. Ең кең таралған әдістері – өзін банктер мен коммуналдық қызметтердің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың есепшоттарындағы қаржыны жымқырады. Сондай-ақ қауіпті сілтемелер жібереді. Өкініштісі, алданып қалып жатқандар аз емес», дейді Н.Арыстанбек.
Кибералаяқтықпен күресудің тиімді жолы – алдын алу іс-шараларын жүргізу. Ал алдап соққан алаяқты табу – өте қиын. Сондықтан өңірде ақпараттық-профилактикалық іс-шараларға басымдық беріліп отыр. Ішкі істер министрлігінің 2023–2025 жылдарға арналған кибер қылмыспен күресу бағдарламасына сәйкес облыста жыл сайын жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Биыл 12–14 қараша аралығында бүкіл ел аумағында «Анти-Фрод» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Сонымен қатар өңірде «Стоп-алаяқ» іс-шарасы жүзеге асырылып жатыр. Полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, интернеттегі алаяқтықтың түрлері туралы ескертулер жасап, халықтың қаржылық және құқықтық сауатын арттыруға бағытталған ақпарат таратумен шұғылданып жүр. Сондай-ақ облыс пен Өскемен қаласы әкімдіктерімен бірлесіп, ақпараттандыру бойынша медиа-жоспар әзірленді.
Бүгінде қылмыстарды тиімді тергеу үшін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жанынан кибер қылмыстарды ашумен айналысатын арнайы «Киберпол» бөлімі құрылған.
Шығыс Қазақстан облысы