Өскелең ұрпақ үшін тәлім-тәрбие алатын ұстаздың тұлғасы қашанда биік. Ол сезім мектеп жасынан басталып, кейін жоғары оқу орындарында білім алып, маман болып қалыптасқан кезеңде де, ғылым жолына түсіп, сол салада алғашқы қадам жасағаныңда да жалғаса береді. Себебі осы уақыттың барлығында да алғашқы кеңесші болатын ұстаз қасымыздан табылады. Менің өмір жолымда да осындай аяулы жандар көп болды.
Солардың ішіндегі бірегейі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ұстазым Тілеген Садықұлы. Алдыңғы буын ағалардың өмір жолы екі тарихи кезеңде – кешегі кеңестік дәуір мен бүгінгі тәуелсіздік заманында қалыптасты. Ұстазымның да өмір тарихы осылай өрбіді. Қарағанды облысының шалғайында жатқан ауыл мектебін бітірген ағамыз арман қуып, 1972 жылы елімізде ашылған екінші жоғары оқу орны – Қарағанды мемлекеттік университетіне түсіп, тарихшы мамандығын алды. Тілеген ағаның тарих ғылымына деген қызығушылығы студенттік кезден-ақ байқалып, кейін оның берік ұстанымына айналды. Жоғары оқу орындарында еңбек жолын бастаған сәттен бастап, осы мақсат оны ғылыммен кәсіби айналысуға бағыттады.
Ғылымның биігін бағындырудың алғашқы қадамы Тілеген Садықұлы үшін 1980 жылы, яғни сол уақыттағы бұрынғы кеңес одағындағы жоғары мектептің көшбасшысы саналатын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданудан басталды. Университеттің тарих ғылымының салалары бойынша марғасқа ғалымдарынан білімін шыңдаған ол сол кезеңдегі Қазақстан өнеркәсібінің, оның ішінде энергетика саласының тарихын зерттеуге ден қойды. Өнеркәсібі кеңінен құлаш ұрған еліміз үшін сол кезеңдегі маңызды тақырыптардың бірі еді. Ғалымға архив материалдарын көптеп қопаруға тура келді. Сонымен қатар кеңестік дәуірдің идеологиялық қатаң талабына сай тақырыпқа қатысты ресми құжаттарды да саралап, оған объективті баға беру де оңай болған жоқ. Дегенмен Тілеген аға таңдаған тақырыбын табандылықпен ММУ-дың диссертациялық кеңесіне шығарып, сәтті қорғады. Кеңес құрамындағы білікті ғалымдар оң бағасын берді. Міне, Тілеген Садықұлы осы қорғаудан кейін «тарих ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесіне ие болып, елге марқайып оралды.
Ғылыми атақ, дәрежелері бар мамандары жеткіліксіз Жезқазған облысындағы жалғыз жоғары оқу орны – пединституттың қарбалас тіршілігі Т.Садықұлын қызу еңбек майданына араластырды. Факультет деканы, ғылым жөніндегі проректор қызметтерін атқара жүріп, ғалым зерттеу жұмысынан қол үзген емес. Ғылыми мақалалары мен оқу-әдістемелік кітаптары ұдайы жарыққа шығып тұрды. Сонымен қатар Т.Садықұлы облыс көлемінде ғылыми-танымдық форумдардың өткізуіне де ұйытқы болды. Жезқазғанда тұрақты түрде «Марғұлан оқулары» ғылыми халықаралық форумы өткізіле бастады. Тілеген аға осындай ғылыми-танымдық ұйымдастыру шараларын облыстық партия комитетінде жауапты қызметте де, екі институт біріктіріліп, Ө.А.Байқоңыров атындағы өңірлік университеттің проректоры қызметтерін атқарған кезде де тоқтатқан емес.
Осы жылдары Тілеген Садықұлы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми тағылымдамадан өтіп, көрнекті ғалым, тәуелсіздік кезеңінде салалық ғылымының туын көтерген академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен докторлық диссертациясын дайындады. Орталық Қазақстанның бір жарым ғасырлық өнеркәсіп тарихына арналған диссертациялық тақырыпқа ғалымның тоқталуы кездейсоқ емес еді. Ұлытау-Жезқазған өңірінде қызмет еткен ширек ғасырлық уақыт ішінде Тілеген Садықұлы осы аймақтың көне, ортағасырлық тарихына ғана тоқталмай, сонымен қатар өңірдің жер астында тұнып жатқан қазына байлығының тарихына үлкен қызығушылық білдірді. Жезқазған жерінің мол байлығын жете зерттеген қазақтың біртуар перзенті, Қазақ ғылым академиясын құрып, оның тұңғыш президенті болған Қаныш Сәтбаевтың еңбектерімен жан-жақты танысты. Еңбек жолын Жезқазған аймағында бастап, ұзақ жыл осы қазыналы өлкеде қызмет істеген Қ.Сәтбаев өңірдің қазба байлығын адамзат баласы сонау көне заманнан-ақ тапқанын, тіпті сол уақыттың өзінде 100 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін мыс өндірілгенін анықтады. Геологиялық барлау партиясын басқарып жүрген кезде Қаныш Сәтбаев өңірдегі мыс кен байлығы жөнінен КСРО бойынша бірінші, ал әлемдегі елдер ішінде үшінші орын алатынын дәлелдеді. Ұлы ғалымның осындай жан-жақты тұжырымдамаларымен жақын танысқан Тілеген Садықұлы осы тақырыпты тәуелсіздік кезеңінің сұранысына сай әрі қарай зерделеу қажет деген тұжырымға келді. Ғылыми кеңесші академик М.Қозыбаевтың келісімін алған ол зерттеу жұмысына қызу кірісті. Талай архив құжаттары ақтарылды. Қаныш Сәтбаевтың қызы Мейіз Қанышқызының рұқсатымен Орталық мемлекеттік архивінде сақталған оның жеке қорындағы материалдармен танысты. Тілеген Садықұлы тақырыпты зерттеу барысында өткен ғасырдың қаралы кезеңі – 30-50 жылдардағы қуғын-сүргін саясатына, қазақ даласына қасірет әкелген азап лагерьлері – Гулаг жүйесінің тарихына да тоқталды. Осы кезеңде өлкенің мол кен байлығын игеру тегін жұмыс күші – лагерьлердегі мыңдаған жазықсыз жанның күшімен өндірілгені зерттеушінің назарынан тыс қалған жоқ. КарЛаг, СтепЛаг секілді азап лагерьлерінің тарихы да зерттелді. Профессордың «Сарыарқаның мыс алабы» атты монографиясы осы бағдарда. Ғалым докторлық диссертациясын 1999 жылдың сәуір айында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының диссертациялық кеңесінде қорғады. Ғылыми кеңесші академик Манаш Қозыбаев, кеңес мүшелері академиктер Кеңес Нұрпейісов, Мәлік Асылбеков, білікті ғалымдар Кемел Ақышев, Жәкен Таймағамбетов, т.б. диссертацияның ғылыми құндылығын жоғары бағалады. Бұл табыс ғалымның ғылым асуларындағы бағындырған екінші үлкен белесі еді.
Елордамыз көркейіп, нығая бастаған кезде аймақтардан орталыққа қоныс аударған басқа білікті ғалымдар қатарында Тілеген Садықұлы да Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қызметке шақырылды.
Астанамен бірге қалыптасып, көркейген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетпен бірге жасасып, ыстығына күйіп, суығына тоңып қарқынды еңбек етіп келеді десек, артық айтқандық емес. Осы ілгері оқу орнында әртүрлі лауазымдық қызмет атқарды. Кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор болып, әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленді. Осы бағыттағы ғалым, ұстаз, ұйымдастырушы ретінде еселі еңбегі 2013 жылы «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарлама аясында тарих факультетін қайтадан дербес құрылым ретінде бөліп шығаруға үлес қосуы еді. Өзі осы факультетті 10 жыл бойы үздіксіз басқарды. Факультет дербестік алғаннан кейін жыл сайын тұрақты өткізіліп отырған «Гумилев оқулары» халықаралық форумы, Тарихшылардың ұлттық конгресі сияқты іс-шаралар, бастамалар тарихшылардың беделін көтерді, тарих ғылымына деген қоғамның сенімін арттырды. Міне, осы ауқымды жұмыстың басы-қасында Тілеген Садықұлы жүрді. Ғалымның үлкен мақтанышпен айтатыны – өзінен білім нәрімен сусындап, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері. Ағамыздың жарты ғасырға жуық еңбек жолында алдынан мыңдаған шәкірті өсіп шығып, қазір білім, ғылым, мемлекеттік қызмет салаларында табысты еңбек етіп жүр. Оның өзі айтқанындай, кейінгі он жылда ол басқарған диссертациялық кеңесте 50-ге жуық жас тарихшы ғалымдар диссертацияларын табысты қорғап, PhD атағына ие болды. Сол жас ғалымның бірі менмін.
Бүгінге дейін ғалымның қолынан қаламы түскен емес. 7 монография, оқулық, оқу құралының, 300-ден астам ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. Халықаралық жоғары рейтингті журналдарға шыққан еңбектері де баршылық. Тілеген Садықұлының ғылымдағы жетістіктері жалғаса береді деп сенеміз.
Әсемгүл ТЕМІРХАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті
ғылыми кеңесінің хатшысы, PhD