• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:38

Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің төресі

51 рет
көрсетілді

Ұлттық құндылықтар – бір ұлттың тарихы, мәдениеті, тілі, дәстүрі, салт-санасы арқылы ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын негіздер. Оларды сақтап қалу және дамыту қоғамның тұрақтылығы мен келешегі үшін маңызды. Қазіргі жаңа дәуірде дәстүрге сай тәрбие арқылы ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу – қоғам мен мектептің ғана емес, әр отбасының да басты міндеті.

Қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар халқымыздың тұр­­мыс-тіршілігінен, салт-сана­сынан қалыптасқан санғасырлық тарихы бар құндылықтардың жемісі. Әрине, халқымыздың басынан небір алмағайып замандар, қилы кезеңдер өтті. Сондай қиын-қыстау сәттерде ұлт зиялылары жас ұрпақтың тәрбиесіне назар аударып, олардың іс-әрекетін, мінез-құлқын қоғамның айнасы деп білген. Ежелден жалғасып келе жатқан жосын бойынша біз жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру арқылы ұлттық құндылықты сақтап, оны болашаққа жеткізе аламыз. Ұлттық құндылықтар тәрбиенің негізгі бағыттарын анықтап, оның мазмұнын байытады. Бұған негіз ретінде отбасылық тәрбие – ұлттық құндылықтарды сақтау­дың алғашқы қадамы болмақ. Қазақ отбасында үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, ата-анаға құрмет деген секілді ізетті ұғымдар бала тәрбиесінің негізгі қағидалары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», деген ой тастаған еді. Бүгінде ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі қалай ұштасып жатыр деген сұрақ жиі мазалайды. Қазіргі кезеңде мектеп пен жоғары оқу орындары ұлттық құндылықтарды насихаттайтын негізгі ауди­тория болмақ. Оқу орындарында қазақ әдебиеті, тарихы пәндері арқылы ұлттық құндылықтарды меңгеруге мүмкіндік беріледі. Ұлттық мерекелер, дәстүрлерді таныстыру, фольклор­­лық шаралар өткізу – тәрбиенің маңыз­ды аспектілері.

Білім ошақтарында домбыраның үні, қобыздың қоңыр сазы, ақындардың айтысы арқылы біз өз тарихымыз бен мәдениетімізді ұрпаққа жеткізсек, бұл ұлттық тәрбиені жас ұрпақтың бойына мәдениет және өнер арқылы сіңіруге мүмкіндік берер еді. Қазіргі жағдайда мектеп тәрбиесі ұлттық тәрбиемен қалай ұштасып жатыр деген сауал туындайтыны рас. Біз бұған жауап табу үшін Астана қаласындағы Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақсат Ергешұлын сөзге тарттық.

«Өскелең жас ұрпақты рухани-адам­гершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – бұл барлық кезеңде өте өзекті тақырып. Біздің болашағымыз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ел ертеңі болар бүгінгі балаларды ұлттық құндылықтар аясында тәрбиелеуде, мектеп – әлемдік озық білімді игерген саналы, толық адам қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда жалпы мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарлама негізінде жұмыс істеліп жатыр. Бұл бағдарламаның мақсаты – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Осы бағдарлама аясында мектептерде балаларға ұлттық құнды­лықтарды бойға сіңіруде Абайдың бес асыл іс қағидасын негізге алып, «толық адам» идеясын жүзеге асыруға біршама жұмыс атқарылып жатыр. Сонымен қатар Абай мектебі хакім еңбектерін негізге ала отырып, «Бала Абай», «Дана Абай» және «Хакім Абай» деп үш бөлікке бөліп, мектеп бағдарламасында «Абайтану» таңдау курсы ретінде оқы­тылады. Мектепте жалпы ұлттық тәр­бие беруде әкелер, әжелер, аналар мектебі жұмыс істейді. Бұл мектептердің мақсаты – қазақ отбасы тәрбиесіндегі ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр мен тәрбиелік құндылықтарды сақтай отырып, оқушылардың бойына сіңіру. Осы бағытта бірқатар тәрбиелік іс-шара мен сынып сағаты өтті.

Биылғы оқу жылынан бастап, мектепте Астана қаласының ақсақалдар кеңесінің ұсынысымен бастауыш сыныптарда «Төлдің басы – тұңғышым» жобасы аясында отбасында тұңғыш балалар оқитын төрт 1-сынып ашылды. Бұл сыныпта тек қана тұңғыш балалар оқиды. «Төлдің басы – тұңғышым» бағдарламасының мақсаты: бір үйдің тұңғыштарына өзінен кейінгі бауырларына қамқор болуға, бауырмалдыққа, ұлттық құндылықтарды бойына жинаған саналы ұрпақ, еңбек­қор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу», дейді Мақсат Ергешұлы.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі мектептерде қазақы тәрбие мен ұста­нымға баса назар аударылып келеді. Әрине, бір ұлттың даму жолына түсуі, өзгелермен тең тұрғыда тұру үшін оның білім саласындағы сапасы мен тәрбиесі маңызды рөл ойнайды. Осыған бас қатырған еліміздің білім саласындағы мамандары мүмкіндіктің барынша ұлттық тәрбиенің көкжиегін кеңейтуге құлшынып жатқанына көзіміз жетті. Жоғарыда айтқан мәдениет, өнер саласы арқылы мектептерде ұлттық тәрбиені дәріптеу туралы да М.Ергешұлы өз ойын ортаға салды.

«Төлдің басы – тұңғышым» жобасы аясында «Халық тағылымы», «Ұлттық ойындар – ұлт қазынасы», «Ұлттық өнер», «Баталы сөз – балаға азық», «Атамның өнегесі», «Әжемнің ертегісі» секілді ұлт­тық құндылықтар іске асады. Мысалы, «Тоғыз­құмалақ» ойынын үйрету арқылы – зияткерлік, ұшқырлық қабілетін арттыру болса, ұлттық қолөнерді дәріптеу үшін қыз балаларға кесте тігуді үйретеді. «Халық тағылымы» – білім алушылардың шығармашылық әлеуетін ашу арқылы құндылықтарды дәріптесе, «Атамның өнегесі» жобасында оқушылардың тілдік дағдыларды дамытумен қатар тақырыптық талқылау жүргізіледі. Ал «Әжемнің сыр-сандығы» жобасында ертегі, шешендік тағылымды әңгімелер айту арқылы оқушыларды ибалылық пен инабаттылыққа тәрбиелейді. «8 минуттық кітап оқу» жобасы – бұл балаларды кітап оқуға деген ынтасын оятып, кітап оқу мәдениетіне тәрбиелейді. Әр сынып бір кітап таңдап, әр айдың соңында оқыған кітаптарын түрлі форматта талқылайды. Мысалы, «TEDx»-алаңының қазақша баламасы ретінде мектепте «AQ talks алаңы» жұмыс істейді. Бұл алаңда оқушылар немесе мұғалімдер, ата-аналар түрлі тақырып аясында өз ойларын ортаға салса, «10 минуттық ән айту» жобасында қазақ әндері насихатталады. Сондай-ақ «Күй күмбірі» жобасында оқушылар үзіліс уақытында күй тартып, қазақ күйшілерінің шығармасымен танысады. Бұл жобалар апта күндері барлық сыныпта ұйымдастырылады. Биылғы оқу жылындағы ерекшелік «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында апта күндеріне белгілі атаулар берілген. Мәселен,

Дүйсенбі – «Әдеп күні»,

Сейсенбі – «Денсаулық күні»,

Сәрсенбі –  «Кәсіби бағдар күні»,

Бейсенбі – «Тазалық-денсаулық кепілі»,

Жұма – «Ұлттық құндылықтар күні».

Әр апта күндері сыныптар осы күн­дерге байланысты тәрбиелік мәні бар іс-шаралар жүргізеді. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы ұлттық құндылыққа негізделген», дейді ол.

Ұлттық құндылықтар мен тәрбие – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бір елдің болашағы ұрпақ тәрбие­сіне ­байланысты екенін уақыттың өзі дәлел­­­деп берді. Ал тәрбие ұлттық құндылықтар­ға сүйенгенде ғана жемісті болмақ. Сондықтан қазақ қоғамы үшін ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды жас ұрпаққа жеткізу маңдайалды міндет­тің бірі екенін түсінетін сәт туды. Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие арқылы біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, нағыз ұлтын сүйер ұрпақ тәрбиелей аламыз.