Инфрақұрылымның, өмір сүру деңгейінің жалпы жақсаруы, жұмысқа орналасу мүмкіндігінің кеңеюі арқасында ірі қалалар адамдарды өзіне көбірек тартатыны белгілі. Бірақ бұл үдеріс тұрғындары шамадан тыс толған мегаполиске де, халқы сиреп, қатары кеміген шағын елді мекендерге де үлкен сын-тегеурін.
Ауылдық жерлердегі халық санының қалаға қатысты өсу қарқынының төмендеп бара жатқанын статистикалық бақылау растайды. Соңғы онжылдықта (2013-2023) ауыл халқы іс жүзінде өзгермеген болса (шамамен 7,5 млн адам), қалалықтар 31%-ға (12,2 млн адамға дейін) өсті. Биллетер индексі бойынша да тұрғындардың жас құрамында өңірлік айырмашылық бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Абай облыстарында елуден асқан адамдардың репродуктивті жастағы (15-49) халық санына үлесі 0-14 жастағы адамдардың үлесінен артық. Яғни халықтың қартаю үдерісі жүріп жатқан өңірлерде, ауылдарда келешекте кім тұратыны жөніндегі мәселенің өзектілігі жыл сайын артып келеді.
Жыл басынан бері ел аумағында көшіп-қону ұлғайып, 700 мыңға жуық азамат тұрғылықты жерін ауыстырған. Бұл соңғы жылдардағы көрсеткіштен екі есе көп. Көшіп-қону өңірлер ішінде де (381 мың адам), олардың арасында да (307 мың адам) жүреді. Алайда келгендер кеткендерден көп болған оң өсу динамикасы әлі де ішкі мигранттарды тарту орталығына, яғни мегаполистерге тиесілі. Еңбек министрлігінің мәліметінше, тұрақты тұру ниетімен Астанаға 64 мыңнан астам адам, Алматыға 60 мыңға жуық адам, Шымкентке 31 мыңнан астам адам көшіп келген. Соңғы санақтың нәтижелері, халықтың 40 пайызының өзге өңірлерден келуі Астананың ішкі көші-қонда негізгі бағыт болғанын көрсетеді.
Экономиканың даму қарқынына сай қала халқының саны да геометриялық прогреспен өсіп келеді. Былтыр тұрғындардың көші-қон көңіл күйін анықтау мақсатында еліміздің түрлі қалаларында әлеуметтік сауалнама жүргізген Экономикалық зерттеулер институты өңірлік зерттеулер орталығының тұжырымдауы бойынша әлеуетті мигранттардың жартысы Астанаға, Алматыға, Шымкентке көшпек ойын жеткізген. Ал қаладан ауылға қоныс аудару мүмкіндігін қарастырған азаматтардың саны 3%-дан асар-аспас. Қала адам ресурсының әлеуетті көзі болып отырғанын айшықтайтын мысалдар ауылдық аумақтарды дамытудың келешегін жан-жақты саралауға дәйек болуы керек. Ал ірі қалалардың инфрақұрылымы халықтың реттелмеген ағынын көтере алмауы мүмкін. Атап айтқанда, балабақшаға кезек, үш ауысымды мектептердің көбеюіне байланысты білім сапасының төмендеуі, емханалардағы кезектің салдарынан медициналық қызмет сапасының нашарлауы, жалға берілетін тұрғын үй бағасының өсуі, жылумен, сумен жабдықтау жүйесіне жүктеме, автожолдардағы кептеліс сияқты әлеуметтік инфрақұрылымның тапшылығын болжай беруге болады.
Сондай-ақ мегаполистегі тиісті сұраныстың өсуінсіз еңбек нарығындағы ұсыныстың ұлғаюы байқалады. Мысалы, Алматыдағы жұмыссыздардың ресми саны бүгін Риддер сынды моноқаланың халық санымен бірдей. Халықтың басқа облыстардан реттеусіз кетуі, ірі қалалар мен жекелеген өңірлер халқының өсіп келе жатқан саны демографиялық ахуалға, еңбек теңгерімсіздігіне түрткі болады. Нәтижесінде, солтүстік өңір экономикалық белсенділіктің төмендеуімен сипатталса, оңтүстік облыстарда еңбек ресурстарының артылуы байқалады.
Көші-қон қалаларда, ауылдарда, жекелеген өңірлерде еңбек капиталын қалыптастыруға елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Еңбек ресурстарын қалыптастыру мен шоғырландыру өңірлердің, тұтастай алғанда елдің экономикалық дамуы тұрғысынан өте маңызды. Осы орайда былтыр шілдеден бастап күшіне енген жаңа ережелер қандастардың халық аз қоныстанған өңірлерге қоныс аударуын жандандыра түспек. Соңғы мәліметтерге сәйкес 3296 этникалық қазақ (1374 отбасы) аз қоныстанған аймақтарға қоныс аудару бағдарламасы аясында қандас мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар 475 отбасы (948 адам) қалалар мен ауылдарға көшті. 5655 адам (2843 отбасы) отбасымен қауышып, 593 адам (295 отбасы) жұмыс берушілердің шақыруымен жұмысқа орналасты. Сондай-ақ университеттерге 71 адам (69 отбасы) түсті. Дегенмен қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың интеграциясы белгілі бір қиындықпен жүріп жатыр. Олардың білімге, медициналық көмекке, жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Әсіресе олардың мәдени немесе тілдік кедергілерге тап болуы мүмкін өңірлерге бейімделуін сәтті етуге қатысты қосымша қолдау шаралары қажет.
Бүгінде еліміздің көші-қон саясаты мигранттарға өздерінің адами, экономикалық, әлеуметтік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасауға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Еңбек министрлігі азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару мәселелерін реттеу саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер топтамасын әзірледі. Онда анықталған проблемалық мәселелер мен Бас прокуратураның ұсынымдары ескерілген. Атап айтқанда, мансап орталықтары қызметкерлерінің қоныс аударушы немесе қандас ұсынған құжаттарды, экономикалық мобильділік сертификаты бойынша ақшалай төлемді пайдалана отырып сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі бойынша мәліметтерді олардың толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан, толық, мұқият қарау үшін мәміле объектісіне бару жолымен салыстырып тексеруді жүзеге асыруын; сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құнын бағалау нәтижелеріне шағымдану бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының құқығын кеңейтуді; қоныс аударушының немесе қандастың бұдан бұрын экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған тұрғын үйді сатып алу ниеті болған жағдайда экономикалық мобильділік сертификатын беруден бас тарту бойынша қосымша негізді бекітуді; қоныс аударушылардың қоныстану аумағынан тыс жерлерде еңбек қызметін жүзеге асыру құқығын алып тастауын көздейді.
Сонымен қатар алдағы жылдан бастап қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру жоспарланып отыр. Осылайша көрсетілетін қызметті алушылардың мансап орталықтары қызметкерлерімен байланысы жойылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік туады. Мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру қоныс аударуға қатысушылар мен еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына нақты мониторингті қамтамасыз етеді.
Елдің демографиялық картасын айтарлықтай өзгерте алатын бағдарламалар тиімді іске асырылса, экономикалық жағынан артта қалған өңірлердің дамуына, халықтың бөлінуіндегі диспропорцияның төмендеуіне, жалпы өмір сүру деңгейінің жоғарылауына ықпал етуі мүмкін. Жалпы алғанда, көші-қон ағынын басқаруда экономикалық ынталандыру ғана емес, әлеуметтік аспектілерді де ескеру қажет. Бұл тұрғыда сарапшы қауым ішкі көші-қонды реттеудің негізгі элементтерінің бірі – ауылдық жерлерді, шағын қалаларды дамыту, олардың өмір мен жұмыс жөніндегі тартымдылығын арттыруы тиіс екенін баса айтып жүр. Бұған мемлекеттік инвестициялар, шағын және орта бизнесті қолдау, агро және экологиялық туризм сияқты жаңа бағыттарды дамыту арқылы қол жеткізуге болады. Қорыта келгенде, ішкі көші-қон үдерісі оның жекелеген бөліктеріне ғана емес, бүкіл елге пайда әкелетіндей өңірлік дамуды теңестіруге қатысты ауқымды жұмыс күтіп тұр.