2021 жылғы 2 қаңтарда елімізде Экология кодексі қабылданды. Көптеген талқылаудан, сараптамадан өткен жаңа Кодекстен халқымыздың күткені көп еді. «Енді экологиялық талаптар күшейеді, сөйтіп, ауа тазарады, табиғаттың тұмса қалпы сақталады» деген сенім күшейді. Содан бері екі-үш мәрте қар көрдік. Экология кодексі көптің көңіліндегі үмітін ақтап, сенімін нығайтып жатыр ма? Кесіп айту қиындау, дегенмен оң өзгерістер бар. Жақында соның біріне өзіміз де куә болдық.
Экология кодексінің «Объект операторының өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері» деп аталатын 184-бабы мен «Өндірістік мониторингтің түрлері және оны жүргізуді ұйымдастыру» аталатын 186-бабының талаптарына қарасаңыз, өндірістік кәсіпорындардағы шығарындылар мен тастандылардың көлемін онлайн бақылауға болатын қондырғылар орнату көзделген. Осындай қондырғылардың бірі «Жәйрем кен байыту комбинаты» акционер қоғамындағы қазандыққа орнатылған екен.
Бізбен әңгімесінде кәсіпорынның байыту жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков шығарындыларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) енгізу – фабрика қазандығы жұмысының экологиялық қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам екендігіне тоқталды. Мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесі, яғни МАЖ дегеніміз не? Мұның қандай артықшылығы бар?
– Бұл – құбырдан түтін газының сынамаларын алатын сынамаларды іріктеуіштен, сынамалардағы көміртегі оксиді (CO), азот оксиді (NO), азот диоксиді (NO2), күкірт диоксиді (SO2), шаң сияқты зиянды заттардың концентрациясын өлшейтін анализаторлардан тұратын жабдық кешен, – деп түсіндірді А.Серіков.
Кәсіпорындарда бұған дейін де ауаға лас заттарды таратуға белгілі бір деңгейде бақылау болмады емес, болды. Сонда МАЖ арқылы бақылаудың бұрынғы бақылаулардан қандай артықшылығы болуы мүмкін? Экология кодексінде осындай жүйе енгізу жөнінде талап қойылғанына қарағанда, бұл жүйені орнатып, сол арқылы бақылаудың тиімді екендігі дау тудырмаса керек.
МАЖ, яғни мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесінің жұмысына адами фактор әсерін тигізе алмайды. Өйткені атауының өзінен көрініп тұрғанындай, құрылғы бақылауды автоматты түрде атқарады. Бұл сондай-ақ нәтижелердің дұрыстығына да кепілдік береді. Яғни ешкім құрылғы арқылы алынған нәтижеге өзгеріс енгізе алмайды. Айталық, нормадан асып кеткен көрсеткішті төмендетіп көрсету мүмкін емес. Өйткені жүйе алынған есептерді автоматты түрде қалыптастырады, оларды мемлекеттік органдарға тікелей жіберіп отырады.
Жүйенің тағы бір артықшылығы – оның қызметінің үздіксіз жұмыс істейтіндігінде. Уақытына қарамастан егер белгіленген нормадан ауытқушылық байқалса дереу шара қолдануға мүмкіндік береді. Себебі бәрі бірден көзге ұрып тұрады.
– Ең бастысы, бұл бағыттағы қағазбастылық жойылды десе де болады. Бұрынғыдай өлшеп, сынама алып, оны тексеріп, нақтылап жатпаймыз, бәрін құрылғы өзі реттеп отырады. Құрылғының көрсеткені біздерге – бұлжымас заң, – деген Айдос Серіков жаңа жүйеге көшу заң талаптарын орындау ғана еместігіне де назар аударды. Оның айтуына қарағанда, МАЖ орнату түптеп келгенде кәсіпорынның келешегіне инвестиция салу дегенге саяды. Өйткені жаңа жүйе экологиялық қауіпсіздікті арттырады, қазандықтың жұмысын оңтайландырады, шығындарды азайтады, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Болашақта МАЖ қазандықтың қоршаған ортаға теріс әсерін барынша азайта отырып, оның нақты уақыт режіміндегі жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік беретін зияткерлік басқару жүйелерін енгізуге негіз болады.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» акционер қоғамындағы қазандыққа орнатылған мұндай жүйе облыстағы басқа да кәсіпорындарға орнатыла ма? Біз бұл сұрақты Ұлытау облысы экология департаменті басшысының орынбасары Ә.Арғыновқа қойған едік.
– Кәсіпорындарға мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін орнату Экология кодексінің талаптарын жүзеге асыру болып саналады. Ал қандай кәсіпорындарға қойылуы керек десек, бұл Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 22 маусымдағы №208 бұйрығында сәйкес жүргізіледі. Ұлытау облысында МАЖ 6 кәсіпорынға орнатылатын болады. Қазірдің өзінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, «Kazakhmys Energy», «Kazakhmys distribution», «Kazakhmys Smelting» кәсіпорындарына орнатылды. Алдағы уақытта Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы жылу, сумен қамту кәсіпорындарына орнатылатын болады, бұл барыстағы жұмыстар қауырт жүріп жатыр. Бір атап өтерлігі, жүйе кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен орнатылады, – деді Әмірхан Өмірзақұлы.
Ұлытау облысы