Петропавлдағы «Абылай ханның резиденциясы» музей кешені қазір ханның өмірі мен қызметін зерттеудің орталығына айналып келеді. Мұнда баһадүр бабамызға байланысты зерттеулер мен оның заманын ғылыми тұрғыдан талдаған көптеген дерек шоғырланған. Сонымен бірге хан заманы мен оған қатысты кітаптар да жетерлік.
Музейдің директоры Аян Садаев Өзбекстан архивтеріне де барып, ондағы деректердің көшірмесін алып келуді ойлап жүргенін айтты. «Қазір Өзбекстан Республикасының саясаты ашықтыққа бет алғаны көрініп жүр. Ханның өмірі мен қызметі туралы біз сұратқан деректерді тауып беруге және көшірмесін жасап жөнелтуге қарсы емес, тек ақыларын төлесек болды», дейді ол.
Шынында хан қайтыс болған Ташкенттің өзінде көптеген дерек болуы мүмкін. Қазір музейдің қорында Абылай хан туралы Қытай, Ресей елдерінен табылған деректер баршылық. Олардың біразы Қазақ хандығының 550 жылдығы кезінде баспасөзде басылған және түрлі телеарнада жарияланған бейнематериалдар. Соның бірі – Қытайда тұратын қазақ ғалымы Дүйсенәлі Әбділәшімнің айтқандары. Ол қазір Қытай архивін қарауға құқысы бар аз ғалымдардың бірі екен. Дүйсенәлінің айтуына қарағанда, бірде ол Қытай архивінен Әбілпейіз сұлтанның 1774 жылы Абылайдың қырғыздарға қарсы жорығы және оған өзінің де көмектескені туралы хатын тапқан. Хатта жорықтың себебі және немен аяқталғаны туралы баяндалған. Қырғыз қосындары қазақтың ұлы жүз тайпаларының біріне шабуыл жасап, көп адамды өлтіріп, балалар мен әйелдерді мал-мүлкімен қоса айдап әкеткен. Соған ашуланған Абылай хан дереу қол жинап, қырғыздарға қарсы аттанады. «Бұл туралы кезінде Шоқан да жазған. Бірақ онда нақты қандай жетістік болғаны айтылмаған еді. Ал Әбілпейіз өз хатында Абылайдың қырғыз қосындарын талқандап және мыңдаған адамды қолға түсіріп, Көкшетау өңіріне айдап келгенін жазған», дейді Дүйсенәлі Әбділәшім бейнежазбада.
Бұған қарағанда, Әбілпейіз қытайдың Ежен ханына сенімді адам болған сияқты. Белгілі ғалым Қойшығара Салғараұлының «100 құжат» (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты) еңбегінің 89-құжатында Әбілпейіздің бір ұлы Хыдай келгенде Ежен хан оны құрметтеп, «құрметті қонақасы бергені» жазылады. Ал Әбілпейіз өлгеннен кейін орнына оның үлкен ұлы Ханқожаны хандыққа жарлықпен тағайындағаны және оның өзіне жазған хаты көрсетілген. Қ.Салғараұлы тапқан 90-құжатта: «Тарбағатайдағы амбандардың кеше келген хабарлау мәлімдемесінен әкең Әбілпейіздің науқастан қайтыс болғанын естіп, қатты қайғырдым. Әкең Әбілпейіз тәуелді болғаннан бері менің атап көрсеткен көмегімнен терең үлгі алып, қарауындағы көшпелі елін шып-шырғасын шығармай басқарды. Бар күшін салып, шекарадағы ұрлық, зорлық-зомбылық секілді қылмыстық істерді тыйып, табандылықпен тәртіп орнатты. Мен оны ерекше бағаладым. Қазір оның қайтыс болғанына күйзеліп отырмын. Мен арнайы қамқорлығымды білдіріп, Іле қолбасшысына аза тұтуға қатысып, ақтық салуға арнайы ұлық жіберуге бұйрық бердім», деп жазады (Қ.Салғараұлы. «100 құжат»., Алматы: «Санат»., 1998, 86-б).
«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Әбілпейіздің Шығыс Қазақстан аймағында билік жүргізіп, наймандардың ханы болғаны айтылады. «Қытаймен дипломатиялық байланыстар орнатып, қазақ-қытай, қазақ-орыс қатынастарының дамуына зор үлес қосты» делінген онда («Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. І том, 1998, 624-б). Алайда құжаттар оның Қытай империясының боданы болғанын көрсетіп тұр. Ол Ежен ханға өзінің сенімді адам екенін танытқан. Сондықтан Әбілпейіздің жазғандарында жалғандық жоқ. Олай болса Абылайдың да осы жорықта қырғыздарды жеңіп, олардың бірнеше мың адамын тұтқындағаны рас. Қазір Көкшетау өңірінде руымыз қырғыз дейтін бауырларымыз бар. Бірнеше атадан бар. Қазақ болып кеткендіктен олардың қазіргі ұрпағының негізгі бөлігі арғы аталарының қырғыздан келгенін біле де бермейді. Тарихта «Жайыл қырғыны» деген атау алған соғыс туралы Ежен ханға Әбілпейіз осылай хабарлаған екен.
Омбы қаласының мемлекеттік архивінен түсірген бейнематериалда Абылай ханның орыс патшалығының жергілікті басшылығымен жазысқан хаттары өте көп сақталған. Олар кезінде орыс армиясы Сібір корпусының әскери-жорықтық канцеляриясында сақталыпты. «Қағаздар еш бүлінбеген. Сапасы өте жақсы, арада өткен үш ғасыр олардың жазуын бүлдіре алмаған. Бір айыбы, Абылайдың жазған хаттарының көбі қыпшақ тілінде, қазір оларды танитын, айыра алатын адамдар жоқтың қасы», дейді архивтің құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Людмила Огородникова.
Бір қызығы, осындағы құжаттар арасынан Абылай ханға арнап Петр қорғанының қарсысында салынған үйдің алғашқы сызбасы да табылған. Онда кейін табылған сызбадан айырмашылық бар. Сонымен бірге үйдің құрылысын салған шеберлерді драгун полкінің әскерлері күзеткен деген жазу да сақталған. Абылайға арнап үй салуға қарсы болған адамдар болған ба деген ой келеді.
Л.Огородникованың айтуынша, орыс патшалығының жергілікті басшылығы алдымен сол кездегі орта жүз ханы Әбілмәмбетпен де көп хат жазысқан. Бірақ саяси аренаға белсенді тұлға, алымды Абылай шыққан сәттен Әбілмәмбеттен келген хаттар сиреген. Бір қызығы, орыс шенеуніктері жазбаларының арасынан Абылайдың өлімі туралы айтылған құжаттар да шыққан. Онда Абылайды жауларының улағаны айтылады. «Бірақ кейін табылған құжаттар бұл болжамды жоққа шығарып, ханның өз ажалынан өлгенін айтады», дейді Л.Огородникова.
Біз кезінде генерал-майор В.Дениевтің генерал-поручик И.Шпрингерге жазған баянхатында Абылай ханға үй салуға құрылысшыларды жібергені туралы айтылғанын тапқан едік. Бірақ ол барлық құжаттардың бір бөлігі ғана екен. Бұдан басқа құжаттар әлі де Омбы архивінде жатқан көрінеді. Олардың да ашылатын кезі келер.
ПЕТРОПАВЛ