Президент былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында еліміздің стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу екенін атап айтып, Үкіметтің алдына агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау міндетін қойғаны мәлім. Осыған орай ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған дәрежеде қуатты қолдау көрсету және салада іске асырылып жатқан реформа оң нәтижесін бере бастады.
Мәселен, биылғы орақ науқанында 26 млн тоннадан астам астық жиналды. Егін шығымдылығы орта есеппен гектарына 16 центнерден айналды. Егіншілік мәдениеті жоғары шаруашылықтар кей алқаптардың әр гектарынан 40-50 центнер өнім алды. Бұл – кейінгі он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Осы жетістікке байланысты жуырда белгілі аграршылар, агроөнеркәсіп саласында құрылған қауымдастықтар мен одақтардың басшылары Президенттің атына ашық хат жолдап, ел шаруаларының атынан алғыс білдірді. Олар атап өткендей, қол жеткен табыс шаруалардың қажырлы еңбегінің, заманауи технологияларды пайдаланудың және мемлекеттің уақтылы қолдауының арқасында мүмкін болды.
Ең басты жаңашылдық – биылғы жылдан бастап ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізілгендігі. Нақты айтсақ, шаруалар ондаған жыл бойы айналым қаражатына уақтылы қол жеткізе алмай келген болатын. Олар күзде егіндерін жинап бітірісімен келесі егіс үшін қажетті несие алу қамына кірісіп, бір құшақ құжат жинап, талай табалдырықты тоздырып, келер жылдың сәуір айына дейін сергелдеңге түсетін. Енді мұндай бюрократиялық кедергі жойылып, агроқұрылымдардың сұраған несиелерін желтоқсан айында алуына мүмкіндік туғызылды. Осы мақсатта «Кең дала – 2» несиелеу бағдарламасы іске қосылып, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз құжат талап етілетін болды. Несиенің мөлшерлемесі де арзандатылды – жылына 5 пайыз. Бұл үшін кез келген шаруа «Аграрлық несие корпорациясына» немесе өзі жұмыс істейтін аудандағы ауыл шаруашылығы кооперативтік кәсіпорнына өтініш беруге тиіс. Онда өзінің егістік жері бар шаруа екенін растайтын құжаттарды ұсынса жеткілікті. Несие қаражаты пайдалануындағы жерінің көлеміне қарай бөлінеді. Егер кепілі жеткіліксіз болса, онда «Даму» қоры оған 85 пайызға дейін кепілдік береді. Осылайша қазіргі таңда шаруа бұрынғыдай жер иеленіп қана қоймайды, мемлекет оның жоғары сапалы тұқым мен тыңайтқыш сатып алу үшін қажет қаражатқа қол жеткізуіне де мүмкіндік беріп отыр. Аталған бағдарлама бойынша несиені уақтылы алып, тұқымын жаңартқан, егінді арамшөптен, зиянкестер мен аурулардан қорғаған диқандар биыл тәуір өнім алды.
Жалпы, аталған жоба аясында биыл аграршыларға 400 млрд теңге несие берілген. 2025 жылдан бастап бұл сома 700 млрд теңгеге дейін көбейтілмекші. Несиені бұрынғыша субсидияламай, тікелей беру де отандық фермерлердің қолдауына ие болды. Бұл шара қаражаттың қолжетімділігін арттырды. Сондай-ақ кейінгі жылдары «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы іске асырып жатқан жеңілдікті лизинг бағдарламасы шаруалардың тозығы жеткен техникасын жаңартуға жол ашты. Осы жылы ғана шаруалар 20 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған.
Ауыл шаруашылығында байқалып отырған бетбұрыс баянды болуы үшін әлі де толық іске қосылмаған әлеуетті мүмкіндіктерді мүлт жібермеу қажет. Бұл ретте Мемлекет басшысы ауылды дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау да өте маңызды екенін атап айтқан болатын. Алайда әзірге оларды алалаушылық бар. Мысалы, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы № 322 бұйрығымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға несие беру қағидасына сәйкес қазіргі кезде республикалық бюджеттен жылдық мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайыздық несие тек ірі жобаларды құру немесе қолданыстағыларын кеңейту үшін беріліп жатыр. Олар – кемінде 400 сауын сиырға арналған тауарлық сүт фермалары, жылына кемінде 5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикалары, кемінде 5 мың ірі қараға арналған еттік бағыттағы мал шаруашылығы кәсіпорындары, сыйымдылығы кемінде 1 мың тонна болатын көкөніс және жеміс сақтау қоймалары, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындары, жылына кемінде 25 тонна тауарлық балық және басқа да су жануарларын өсіретін балық өсіру шаруашылықтары, тәулігіне кемінде 1 тонна балықты аршып, тазалайтын, одан әрі тереңдете өңдейтін және сақтайтын балық өңдеу кәсіпорындары, агроөнеркәсіп саласындағы жобалар бойынша буып-түю материалдарын өндіру кәсіпорындары, құс шаруашылығындағы асыл тұқымдық репродукторлар, заманауи су үнемдеу технологияларын пайдаланатын суармалы егіншілік, кемінде 5 мың қой өсіретін фермалар. Мұндай мүмкіндікті ірі агроқұрылымдар ғана алғанымен, оларға айналым қаржысы үшін несие берілмейді. Соның салдарынан бүгінде өңірлердегі бірқатар бордақылау алаңының иелері шаруа қожалықтары мен тұрғындардан бордақылау үшін жеткілікті көлемде мал сатып ала алмай отыр. Мұның өзі, бір жағынан, шаруа қожалықтары мен тұрғындардың артық малдарын сатуда қиындық тудырса, екінші жағынан ірі бордақылау алаңдарының жүктемесі жеткіліксіз болуына әкеліп соқты.
Сол себепті бүгінде облыстардың әкімдіктері Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға несие беру қағидасына өзгеріс енгізіп, жеңілдікті несиені басым бағыттар бойынша жергілікті атқарушы органдар айқындайтын өзге жобаларды қаржыландыру үшін де беруді сұрап отыр. Осы мақсатта олар жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге дайын екендіктерін де білдірді. Өйткені бұл шағын шаруашылықтарды да қаржылай қолдауға мүмкіндік туғызады әрі аграрлы облыстардың салық базасын да кеңейте түседі. Ал шағын және орта бизнестен түсетін салық өңірлердің өздерінде қалдырылатындығын ескерсек, бұл қадам жергілікті жерлерде кәсіпкерліктің одан әрі дамуына және әлеуметтік саладағы маңызды мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.