Қызылорда облысындағы ең шұрайлы да, шырайлы өлке Шиелі ауданы. Батысында – Сырдария өзені, шығысында – қарт Қаратау, темір жол мен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автобаны қапталында жосылып жатыр. Осындай қолайлы географиялық жағдайымен қатар мал-жанға жайлы табиғаты мұнда халықтың жиі шоғырлануына тіптен тиімді.
Аудан орталығы – Шиелі кенті мен ауылдарының арасы да оншалықты қашық емес. Мұндай ерекшелігі тұрғындардың нарықтық қатынасқа тез бейімделіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарта түсуге көп септігін тигізіп келеді. Осы бағыттағы Үкімет қолдауы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласының, кәсіпкерліктің де өрістеуіне мол мүмкіндік ашты. Оның үстіне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жаңашылдығы мен іскерлігі соңғы екі-үш жыл бедерінде өңірді өркенді белестерге көтере түсті. Орталығы сәулетті, елді мекендері берекелі. Сондықтан да бұл өлке «Маржаны Сырдың – Шиелі» деп аталады. Өткен мыңжылдықта ауданнан бес «Ғасыр адамының» танылуы мен 41 Еңбек Ерінің шығуын жергілікті халық мақтанышпен айтады. Бұған биылғы Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен Шиелінің тумасы, әлемге әйгілі математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың 42-ші Еңбек Ері атағын алуын қосыңыз.
Хош, бәрі жақсы! Алайда осы мақтаулы өңір соңғы жылдары түрлі сынақ алаңына айналып бара жатқан сияқты. Әуелі аудан орталығының іргесінен күкірт қышқылын тасымалдау қоймасы салынды, қазір кідіріссіз жұмыс істеп тұр. 2017 жылы томпанажды цемент шығаратын «Гежуба-Шиелі» зауыты іске қосылды. Аталған өндіріс орындарының экологиялық залалды қалдықтары айналаны ластайтындығын құдайдан үміті бар адам жоққа шығара алмас. Ол аз болса, биылғы жылдың жазынан бастап, сол маңнан тағы бір күкірт қышқылын тасымалдау қоймасының құрылысы ірге көтере бастады. Білетіндердің айтуынша, мұның көлемі мен ауқымы тіптен зор болмақ. Жобаны іске асырушы «Transshipment» аталатын ЖШС көрінеді. Алты қатар темір жолына тұрақтап, кіріп-шығар вагондарының қарасы да аз болмайтыны түсінікті.
Қазан айының басында жергілікті қоғамдық ұйымдар мен ардагерлердің наразылық білдіруімен аудан әкімдігінде осыған қатысты жиын өткізілді. Сонда аудан әкімінің орынбасарлары, жергілікті мекеме басшылары аталған құрылыс нысанын салу барысында көптеген заңсыздықтың (жерге орналастыру, кәсіпкерлік нысанның мақсатын көрсетпеу, тиісті құзырлы орындардан келісім алмау, т.б.) жіберілгендігін атап көрсетті. Қоғамдық тыңдау болмаған. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков осы себептерді алға тартып, құрылысты уақытша (нақты мән-жай анықталғанша) тоқтатуға тапсырма берді. Алайда күкірт қышқылын тасымалдау мақсатындағы құрылыстың қарқыны содан кейін де бір сәтке бәсеңсімей, өз жұмысын әлі күнге жүргізіп келеді. Көлемі үлкен 6 резервуар орналастырып, шаруаларын алаңсыз жалғастырып жатыр.
Ең сорақысы – мұндай экологиялық қауіпті нысандар тәртіп бойынша елді мекеннен кемінде 1000 метр қашықтықта орналасуы тиіс болса, ал ол Қодаманов ауылы мен Шиелі кентінің ортасынан ойып орын алып, елді мекеннен 500 метрге жетер-жетпес жерде күннен-күнге өрістеп барады. Мұның зардабы күні ертең осы маңға түгел жайылуы мүмкін. Цемент зауытының түтініне екі қоймадағы аса қауіпті күкірт қышқылының улы иісі қосылған соң осы ауамен тыныстайтын, тіршілік етіп келген жандының не жаны қалады? Шиелі халқының халі не болмақ?
Әрине, индустриялық жобаларды іске асырған дұрыс, кәсіпкерлікті өрістеткен де жөн. Алайда, мұның бәрі қоғамның басты байлығы – адамның денсаулығынан артық емес. Пайда іздегендердің ығына жығылып жүргенде сынақ алаңы апат аймағына айналып кетсе ше? Шырайлы өлке, мақтаулы аудан адамдары ауру, өнімі зардапты қу мекенге айналмай ма? Осының ақ-қарасын, обал-сауабын кім ажыратып, кім тоқтам салады?
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
жазушы-журналист
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы