Мемлекеттік орталық музейде белгілі суретші Болат Мұхамедиевтің «Уақыт резонансы» атты жеке көрмесі ашылды. Көпқырлы талант иесінің 50 жылдық шығармашылық жолын қамтыған өнер жәрмеңкесі руханият ордасы Алматының мәдениет кеңістігіндегі елеулі оқиға деп атауға болады.
Болат Мұхамедиев – кітап графикасы, кескіндеме, абстракция, мүсін, дизайн, архитектура және фотоөнердің ерекше үйлесімін ұштастыра отырып, заманауи технологиялар мен дәстүрлі өнерді үйлесімді біріктірген талантты қылқалам шебері.
Суретші өмірінің маңызды белестерін атап өтпеу мүмкін емес. Ол Қазақстан мен әлемнің көптеген қаласында білім алып, шынайы шеберлік пен өмірге деген ерекше көзқарас қалыптастырды. Оның өнері елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де мойындалған. Көптеген халықаралық марапаттар мен 12 елдің құрметті суретшісі мәртебесіне ие, олардың ішінде 2023 жылы Парижде өткен абстракционистер арасындағы дүниежүзілік байқауда жеңіп алған алтын медаль ерекше орын алады. Сонымен қатар автордың жетістіктері америкалық «Forbes» басылымында жарияланған.
Көрмеде ұсынылған ерекше туындылардың бірі – цифрлық кескіндеме. Бұл суретшінің өнерге заманауи технологияларды енгізуге деген ұмтылысын білдірсе керек. Экспозиция көрермендерді шығармашылықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға шабыттандырып, XXI ғасыр өнерінде цифрлық технологиялардың бірегейлігін айқындауға, әрбір адамға шебердің туындыларынан «Уақыт резонансын» табуға мүмкіндік беруді көздейді. Көрме төріндегі автордың 50 шығармасы уақыт ағысын, адам көңіл күйінің ішкі ырғақтарын бейнелейді.
Көрмені ашқан Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Анна Кущенко өз сөзінде: «Болат Мұхамедиев – уақыт талабына сай шығармашылық шекараларды кеңейтіп, өнер әлемінде өз орнын айқындаған суретші. Оның туындылары терең ойдың, талғампаз шеберліктің, заманауи технологияларды игеру қабілетінің көрінісі. Көрме суретші шығармашылығын таныстырып қана қоймай, жаңа мәдени-рухани қырларды ашуға мүмкіндік береді әрі еліміздің жас суретшілеріне маңызды бағдар болары анық», деп атап өтті.
Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов сөз алып, өнердің қоғамдағы маңызы мен мәдениетке тигізетін ықпалы туралы ойларымен бөлісті. Ол Суретшілер одағы тарапынан авторға «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалін тақты.
Атап өтер болсақ, Б.Мұхамедиев Германия, Болгария, Чехословакия, Польша, Түркия, Жапония елдерінде кітап-журнал өнері саласында 6 халықаралық сыйлыққа ие болған. 1992–2023 жылдар аралығында ол 11 тақырыптық стела мен 50-ден астам шағын архитектуралық форма жасап, бес архитектуралық жобаны әзірлеген. «Білім және еңбек» журналында жұмыс істеген жылдары суретші 24 мұқабаны иллюстрациялап, «Қазақстан» баспасында әртүрлі жанрдағы 300-ден астам кітапты көркемдеген, олардың ішінде балаларға арналған, ғылыми-көпшілік, көркем және ауылшаруашылық әдебиеттері бар.
АЛМАТЫ