Қазір елімізде 25 сақтандыру ұйымы бар. Оның 15-і жалпы сақтандырумен айналысады. Ал 10-ы өмірді сақтандыру саласында жұмыс істейді. Жалпы, кейінгі бес жылда сақтандыру саласы айтарлықтай өскен. Компаниялардың активтері 56%-ға ұлғайып, 1,4 трлн теңгені құрады, ал сақтандыру төлемдерінің көлемі 70%-ға артты. Соның ішінде міндетті автосақтандыру, мүлікті ерікті сақтандыру, ауырған жағдайда ерікті сақтандыру жетекші бағыт болып тұр.
– «Өмірді сақтандыру» – сақтандыру нарығының өсу драйвері. Биыл 1 қарашада бұл сала сақтандыру нарығының жиынтық активтерінің ең көп үлесін алды. Сала активтері 2 есеге өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Мұның бәрі мемлекеттік субсидия, білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде жүрді. Үдеріс бірлескен, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеттері сияқты жаңа әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдерін енгізудің арқасында тез жүрді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.
Байқауымызша, агенттік сақтандыру нарығының әлеуметтік рөліне жіті назар аударады. Мысалы, биылдан бастап қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шеңберінде бірқатар шешім шығарылды. Оған «алдын алу» мен «оңалту» төлемдері кіреді. Бұлар еңбек қауіпсіздігін арттыруға, зардап шеккендердің денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған. Одан бөлек, зейнетақы аннуитеттік сақтандыру айтарлықтай өрледі. Биыл азаматтарға өмір бойы төлем алуға мүмкіндік беретін 106 мыңнан астам шарт қолданылған.
Маңыздысы, қазан айынан бастап елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді. Бүгінге дейін 155 мыңнан астам дәрігер жауапкершілігін сақтандыруға 712 шарт жасаған. Демек енді дәрігерлердің қателіктеріне өтемақыны сақтандыру компаниясы төлейді. Айтпақшы, кейінгі 7 жылда нарықта адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылары, кеден өкілдері, кеден қоймасы иелері, дәрігерлер өздерінің кәсіптік жауапкершілігін жиі сақтандыратын болған.
– Биыл 23 қазаннан бастап енгізілген медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігіне қатысты сақтандыруға жеке тоқталғым келеді. Сақтандырудың бұл түрі халықты медицина қызметкерлерінің кәсіби қателіктерінен, медициналық қызмет көрсетудің сапасыздығынан қорғауды күшейтуге бағытталған және пациенттердің көрсетілетін медициналық көмектің сапасына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Сақтандыру шарттарын рәсімдеу үдерісін жеңілдетуге, медициналық ұйымдарға сақтандыру шартын жасасуға, ал пациенттерге сақтандыру төлемін электрондық нысанда алуға мүмкіндік беретін бірыңғай сақтандыру пулының алаңы іске қосылды, – деді Агенттік төрағасының орынбасары.
Ал автосақтандыру цифрлық технологияларды енгізуде көш бастап тұр. 2019 жылдан бастап осы саладағы барлық шарт электрондық нысанда жасалады, ал биылдан бастап сақтандыру жағдайларын онлайн-реттеу, соның ішінде жол-көлік оқиғасын (ЖКО) оңайлатылған тіркеуге арналған Еурохаттама қолжетімді. Бұл жаңалық төлем үдерісін едәуір жеделдетеді, оның орташа мерзімі қазір 15 күнді құрайды.
Еурохаттама ЖКО қатысушыларына полиция мен сот шешімін күтпей-ақ, оқиғаны сол жерде тез тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе кішігірім зақымдану болған кезде өте маңызды, себебі ол уақытты үнемдейді әрі кептелісті азайтады. Биылғы жылдың басынан бастап Еурохаттама мобильдік қосымшасы арқылы 9 366 жағдай себебінен 1,7 млрд теңге төлем жүзеге асырылды.
Егер ЖКО-ға 2 көлік құралы ғана қатысып, қатысушылар қайсысының апатқа кінәлі екендігімен келіссе, осы қызметті пайдалануға болады. Маңызды шарт – адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келтіру фактісінің болмауы, бұл ретте залал 100 АЕК-тен (шамамен 370 000 теңге) аспауға тиіс.
Еске сала кетейік, елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға 2007 жылдан бастап сақтандыру омбудсмені институты жұмыс істейді. Ол дегеніміз – өз қызметінде сақтандыру ұйымдары мен олардың клиенттері арасындағы жасалған сақтандыру шарттарына қатысты дауларды сотқа дейінгі шешуді жүзеге асыратын тәуелсіз тұлға. Басқа заңды тұлғалар сақтандыру омбудсменіне міндетті автосақтандыру шеңберінде ғана жүгіне алады. Адамдардың келіспеушіліктерінде талаптардың сомасы 10 000 АЕК-тен немесе 36,9 млн теңгеден аспауға тиіс.
– Сақтандыру омбудсменінің шешімін сақтандыру ұйымы орындауға міндетті. Сақтандырушы уәкілетті органның немесе соттың шешімдерін орындауы сияқты сақтандыру омбудсменінің шешімін орындауға міндетті. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап дауларды сақтандыру омбудсменінің сотқа дейінгі міндетті реттеу рәсімі енгізілді. Сақтандыру омбудсменіне жүгіну сақтандыру ұйымдарының клиенттеріне шағымды сотқа жібермес бұрын міндетті болды. Бұл рәсім сақтандыру жүйесіне деген сенімді арттыруға, сот жүйесіне жүктемені қысқартуға ықпал етеді және азаматтар үшін келіспеушіліктерді реттеу үдерісін оңтайландырады, – дейді М.Хаджиева.
Кейінгі төрт жылда омбудсменге жүгінгендердің саны 6 есе өсті, 2024 жылы 7 105 іс қаралды, оның ішінде сотта 17 шешімге қайта шағым жасалды. Шағымдардың негізгі көлемі міндетті автосақтандыруға тиесілі (келіп түскен барлық шағымның 88%-ы).