ПЕТРОПАВЛ. 30 сәуір. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінде пәтер иелері кооперативінің төрайымы газголь қондырғысының дәл түбінен автотұрақ салу мақсатымен ауладағы ағаштарды тамырымен жұлдырып, балалар ойнайтын алаңқайды шетке ысырып тастаған. Бұл туралы egemen тілшісі хабарлады.
Заңсыздыққа қарсы өре түрегелген тұрғындар төрайымды жағадан алып, жұлып жеп қоя жаздады. Тәртіп сақшылары ара түспегенде істің аяғы насырға шабуы әбден мүмкін еді. Қалалық әкімдік қызметкерлері қос тарапты мәмілеге келтіруге тырысқанымен, одан ештеңе өнбеді.
«Осы аумақта ағаштар жайқала өсіп, көшенің сәнін келтіріп тұратын. Қазір бірі де жоқ. ПИК төрайымы автотұрақ саламын деген желеумен түп тамырымен құртқан. Аулада онсыз да екі көлік тұрағы бар. Ертең газ жарылса, кім жауап береді?»–деп ашуға булығып, жүздері қабарған тұрғындар өліспей беріспеуге бекінген сыңайлы. Әкімдіктегілер болса дауға араласудан бастарын ала қашты. Өйткені, олардың айтуларына қарағанда, ауладағы жер толығымен тұрғындардың ортақ меншігінде көрінеді. Қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Нұрмағамбетов «бұл жер телімі әкімнің шешімінен 7 жыл бұрын пәтер иелері кооперативінің меншігіне берілген. Сондықтан қандай нысан тұрғызу керек екенін тұрғындар ғана шешуге құқылы. Ол үшін кемі жартысынан астамының келісімі керек»,– деген түсініктеме берді.
Сөйтсе, тұрғындар ПИК жиналысына қатыспақ түгіл мәселеден мүлдем бейхабар болып шыққан. Бұл жерде автотұрақ тұрғызылатынын ағаштар кесіле бастағанда ғана білген.
Құқық қорғау органдары заң нормаларын аяққа басқан ПИК төрайымы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін жасырмайды.
Өмір Есқали.
Дерек: КТК телеарнасы.
Сурет: egemen.kz