Еліміздегі жасанды интеллект саласын дамытуға арналған «AI'preneurs» акселерациялық бағдарламасы сәтті аяқталды.
«Astana Hub» ұйымдастырған жобаға барлығы 250 өтінім түсіп, 50 қатысушы іріктеуден өткен. Олар төрт айлық қарқынды оқыту аясында идея мен команда құрудан бастап, нарыққа бағытталған стартап әзірлеуге дейінгі үдерістерді меңгерген. Нәтижесінде, 21 стартап құрылып, олардың 9-ы бағдарламаны сәтті аяқтады. Ал үздік жеті команда «Seed Money» бағдарламасы аясында қаржыландыруға ие болды.
«AI'preneurs» түлектері қысқа уақыттың ішінде маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, «SalesFlow» шағын және орта бизнеске лидтерді басқару мен сатылым үдерістерін оңтайландыруға көмектесетін ЖИ платформасын әзірледі. «Salyq.AI» жеке тұлғаларға салық декларацияларын толтыруды жеңілдетуге арналған бот жасап, салық есеп-қисабын автоматтандыруды ұсынса, «Qural.AI» компаниялардың HR бөлімдеріне қызметкерлердің өнімділігін арттыруға бағытталған жасанды интеллект негізіндегі жоба жасады. «Skideo» футбол клубтары мен академияларына арналған платформасын ұсынып, ойыншылар туралы мәліметтерді талдауда жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ал «Re:create Video» әлеуметтік желілердегі трендтерді талдап, тез таралатын контент жасауға көмектесетін платформа. Ол дайын идеялар мен құралдарды ұсына отырып, блогерлер мен бизнеске оқырмандарын көбейтуге мүмкіндік береді.
«AI'preneurs» бағдарламасы IT мамандарын даярлаудың жоғары деңгейін ғана емес, елдің жасанды интеллект саласындағы әлеуетінің зор екенін де дәлелдеді. Қатысушылар бағдарламаның аясында менторлық қолдауға, технопарк инфрақұрылымына, халықаралық серіктестіктерге қол жеткізіп, өз стартаптарын жетілдіруге мүмкіндік алды. Акселерация үдерісінде жетекші трекерлер Евгений Фролов пен Николай Тян маңызды рөл атқарды. Олар стартаптармен тығыз жұмыс істеп, жобалардың әр кезеңін мұқият қадағалап отырған. Апта сайынғы бордмитингтерде гипотезаларды талдап, қатысушыларға нақты бағыт-бағдар беріп, олардың идеяларын іске асыруына жан-жақты қолдау көрсетті.
«Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев «AI'preneurs» бағдарламасының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жоба еліміздің технологиялық экожүйесіне серпін беріп, жасанды интеллект саласында жаһандық деңгейдегі табыстарға жетуге мүмкіндік ашады. Алғашқы түлектердің жетістігі бағдарламаның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді.
«AI'preneurs» – еліміздегі жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамытуға арналған алғашқы бірегей бағдарлама. Мұнда жобалар нөлден басталып, қысқа уақыттың ішінде тамаша нәтижелерге қол жеткізеді. Алғашқы түлектердің нәтижесі өте жоғары болды: «AI CARD» стартабы елордалық ауруханаларда өз шешімдерін енгізсе, «AVM.AI» ірі компаниялармен келісімшарт жасасып, жұмыс істейтін MVP-ді 30-дан астам пайдаланушы арасында сәтті сынақтан өткізіп, Франция мен АҚШ-тағы дата-орталықтар арасында 1 миллиард параметрі бар үлгіні оқытты. «Chat Insider AI» қарапайым идеядан басталып, бүгінде жұмыс чаттарын талдауға арналған қызметін қазақстандық және еуропалық клиенттерге ұсынып отыр, ал «KAFTAN» түркі тілдерін меңгеруге арналған инновациялық әдістерді ұсынып, жаңа бағыттарды дамытып жатыр. Біз бағдарламаны кеңейтіп, одан да көп талантты мамандарды тартуды жоспарлап отырмыз. «AI'preneurs» аясында құрылған жобалар жаһандық табыстарға жетіп, технологиялық дамуға үлкен үлес қосады деп сенемін», деді М.Мәдиев.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Astana Hub», «AI'preneurs» бағдарламасын жалғастырып, талантты мамандардың екінші легін қабылдауды дайындалып жатыр.