• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Мектеп Бүгін, 08:45

Жарқыраған «Жайлы мектеп» Міржақып Дулатұлы атына сұранып тұр

80 рет
көрсетілді

Қарағандыдағы «Кеңдала» жаңа ауданынан бой көтерген №19 мектеп бірнеше ерекшелігімен елдің аузында жүр. Мектеп ұжымы өздеріне қазақты оятқан Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының атын алғысы келеді. Жап-жаңа мектептің есігінен енген кезде Алаш ардақтысының «Жалғыз білім үйретуге емес біліммен бірге жақсы тәрбиені бірге беру керек», деген ұлық сөзі мен ағартушының портреті қарсы алады.

Мектеп ғимараты төрт қабатты. Бұл облыс мектептері ара­сын­да­ғы ең үлкені. Аума­ғын­­да балаларға ыңғайлы болу үшін қойылған периметрлік кіреберістер, бастауыш сыныптар мен жоғары сыныптағыларға арналған жеке кіреберістер бар. Мектеп аула­сында ойын, воркаут, футбол, баскетбол алаңдары, хоккей корты, жүгіру алаңы бар. Ауланы көгалдандыруға арналған ағаш­тар қоңыржай белдеулік климатқа таң­далып алынған. Жаңа білім ошағында осы ауданға жақын «Трилистник», «Arena Park», «Жаңа орталық», «Атамекен», «Ком­фор­т­ный дом», «Сапфир», «Байсанат», «Zaman», «Амадина», «Onix», «Мерей» тұрғын үй ке­шен­­дерінде тұратын оқушылар білім алып жа­тыр.

Қазір мектепте 1 525 оқушы білім алады. Әлі де оқушыларды мектепке қабылдап жатыр. Мұнда бірден қасындағы Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейден 1 200 бала ауыстырылды. Мұнымен қоса, №102, 101 және 86 мектептен де қабылданды.

«Жайлы мектептің» салынуына дәнекер «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы құрылыс кезінде барлық материал отандық тауар өндірушілерден сатып алынатынын айтқан. Сол талап сақталып, сыртқы қасбетіне қажет материалды да отандық өнімнен таңдаған. Мектеп ішіне қажетті барлық сапалы жабдық та еліміздің жиһаз шығарушыларынан.

Осылайша, 2 мың оқушыға арналған «Жайлы мектеп» қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан төрт мектептің жүктемесін азайтып отыр.

– «Жайлы мектептердің» жабдықтары мен құрылыс материалдары жоғары талап­тар­ға сәйкес таңдалып алынған. Прези­денттің мега жобасын сапалы іске асыруда спортзалдардың саны басқа мектептерден әлдеқайда артық. Мектептердің дизайны да ерекше, тіпті бастауыш пен ересек сыныптардың бөлек блоктарда оқуы секілді мәселелер де жіті қарастырылған. Шалғайдағы ауылдардың өзінде жайлы мектептердің бой көтеретіні балалар үшін үлкен олжа болғалы тұр. Бізге №103 мектептен 40 мұғалім 40 сыныппен ауысып келді. Жас педагогтер конкурс арқылы қабылданды. Қазірдің өзінде 130-дан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Жалпы, өзім жас мамандармен жұмыс істегенді ұнатамын. Өйткені жастардың интеллектісі жоғары, ізденімпаз. Жастардан да дәріс аламыз, тәжірибе алмасамыз, – дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлдана Асамиданова.

«Жайлы мектепте» тағы біздің көзімізге түс­кені – мұғалімдер мен оқушылардың тегіс бір үлгіде ұлттық киім кигені. Оқушы­лар киімдерінің оң жақ кеудешесіне «Алаш» белгісін, ұстаздар камзолдарының белдем­ше­сіне, ер мұғалімдер желеткелерінің сол жағасына өрнек салған.

– Ата-аналардың көбісі мектеп форма­сы­ның бірдей болғанын қолдады. Балалар арасында «Сенің киімің қандай?» деген артық сауал болмайды. Ұстаздардың өздері «Ертең не киемін?» деп басын қатырмайды. Өйткені мектепке бірдей форма бекіттік. «Жайлы мектептің» басты ұстанымының бірі – білім берушілер мен алушыларға жайлылық сыйлау. Біз үшін – бәрі тең. Балалар барлық назарын білімге, ұлттық тәрбиеге бұрса деген ниет, – дейді Гүлдана Ибрайкенқызы.

Бастауыш және жоғарғы сыныптар үшін бөлек блоктар бар. Мектептің әр қабатында коворкинг алаңдары бар болғандықтан, оқушылар емін-еркін пікір алмасады, ашық әңгімелеседі.

Мұнымен қоса, шахмат, тоғыз­құмалақ, дойбы секілді логикаға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Оқушыларға жасанды интеллект жайлы жан-жақты түсін­діретін Ерсұлтан Тұрдынов – белсенді жас маман. «Жыл мұғалімі» атанған ол оқушыларды дойбыға дайындап жатыр.

– Оқушыларға шахмат және ұлттық ойын тоғызқұмалақтан сабақ беремін. Оқу­шы­лар алдағы уақытта өтетін облыстық жа­рыс­тарға дайындық үстінде, – дейді химия пәнінің мұғалімі, шахматтан спорт шебері Ерсұлтан Тұрдынов.

Білім алушылардың көбі таңертеңгі ауы­сымда оқитындықтан олар түскі уақытын қосым­ша сабаққа жұмсайды. Мектеп ішінен ашылған түрлі үйірмеге балалар аса қызығу­шы­лықпен қатысады.

– Қазіргі таңда 13 негізгі және қосымша дене тәрбиесіне дайындайтын 4 үйірме мен дебат клубы бар. Үйірмеге қатысатын оқушыларға өздерімен үйден ештеңе әкеліп әуре болмайды. «Жайлы мектепте» домбыра, дойбы, күрес, хореография секілді қосымша сабақтар үшін қажетті жабдықтың бәрі бар. Сабағын аяқтаған оқушы өзінің ұяшық сөресіне киімдерін қойып, ауыстырып, түскі асын ішіп, үйірмеге алаңсыз қаты­са алады. Көп оқушылар уақытын оқыр­ман залында өткізеді, – дейді мектеп басшысы.

Мектептің жоғары қабатындағы оқырман залында тек кітап оқумен шектелмейді, қосымша электронды кітаппен жұмыс істей алады. Кітапхана меңгерушісі Гүлзат Секен­қызы кітап қорын сақтайтын арнайы бөлме қарастырылғанын айтады. Биыл 1 500 бала жаңа оқулықпен қамтылған. Қалған 400-дей кітап сөреде сақтаулы.

Мұнымен қоса, «Жайлы мектепте» бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар мен спорт залдың блоктары кең. STEM-зертхана, роботтехника, хореография залдарымен қатар инклюзия кабинеттері де бар.

– Барлық сабақ тақырыптық карталарымен ерекше. Басқа мектептермен салыстырғанда әрбір оқушыға қолжетімді, әрбір партада глобустар мен интербелсенді тақта да бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бейнероликтер көрсетеміз. Оқушылар әртүрлі платформаларда жұмыс істейді. Мәсе­лен, сыныптың өзінде глобустың әр түрі бар. Оқушыға да мұғалімге де барлық мүмкіндік қарастырылған, – дейді мектепке А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназия­сынан ауысып келген география пәнінің мұғалімі Салтанат Садықова.

«Жайлы мектептің» тағы бір артықшы­лығы – әр мұғалімде жеке компьютер бар. Мұндағы оқушылар кабинет ауыстырып, көшіп жүрмейді. Барлық кабинет пен зертханалар модификацияланған.

Мектепте мүмкіндігі шектеулі оқушы­ларға арнайы лифт орнатылған. Инклюзивті сыныптар арасында 6 бала білім алатын­дық­тан, инклюзивті білімге ерекше мән бере­ді. Өйт­кені мүгедектігі бар балалар үшін кедер­­гісіз орта құрылуы қажет дейді мек­теп әкім­ші­лігі.

– «Жайлы мектептің» жиын залының өзі концерт сарайына бергісіз. Мұнда аптасына бір мәрте танымдық сабақ өтіп тұрады. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына – қазақша мультфильмдер, 3-4-сынып оқушы­ла­рына – көркем фильмдер, 5-7-сыныптарға – танымдық әрі тарихи фильмдер көрсетеді. Ал жоғарғы сынып көбінесе ұлы ғалымдар, тұл­ғалар жайында деректі фильм тамаша­лайды, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні­­нің мұға­лімі, білікті ұстаз Мартбек Күзембаев.

Бір мезетте мектеп асханасынан 480 бала тамақ­тана алады. Мұндағы ас мәзірі де мол. Бала­лар ас ішіп болған соң бата қайырады. Бұл «Жайлы мектеп» асханасының жазыл­маған заңы.

Балалар қауіпсіздігі – «Жайлы мектеп» ұстанатын басты қағида. Кез келген уақытта қауіп төнгенін сезінген оқушы полиция шақыру тетігін баса алады. Мұнымен қоса мектептің ішкі бөлігінде 152 бейнебақылау, ғима­раттың сыртында 30 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Міне, біз көрген «Жайлы мектептің» игілігі осындай. Мектеп ұжымы жақында ғана «Міржақып Дулатұлы – Алаш ардақ­тысы» атты ғылыми-танымдық конферен­ция өткізді. Конференция негізінде Алаш қайрат­керіне қатысты бірнеше жоба қолға алы­натын болды. Бастысы жалындап тұрған «Жай­лы мектеп» Міржақыптың атын алғы­сы келеді. Ол күннің де ауылы алыс еместі­гіне сенгі­міз келеді.

Сонымен, өңірімізде келер жылға қарай дәп осындай 18 «Жайлы мектеп» салынады. Төртеуі – Қарағандыда қаласында, үшеуі – Бұқар Жырау ауданында, екеуі – Шет ауда­нын­да және біреуі – Балқаштан ашылады. Қалған сегіз мектеп Абай, Қарқаралы, Приозерск, Нұра кентінде бой көте­реді. Бұл дегеніміз – үш ауысымды оқыту, мек­тептегі орын тапшылығы секілді мәселе­лерді жояды.

 

Қарағанды облысы