«Ұлы Жібек жолымен – 2024» XII халықаралық кітап және полиграфия көрмесінде ұлттық өнердің озық үлгілерін қамтыған бірқатар еңбектің таныстырылымы өтті.
Елу жылға жуық тарихы бар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – мәдениет, өнер саласына кәсіби мамандар даярлайтын оқу орындарының бірегейі. Өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Ғайнижамал Әбілдина осыдан 50-60 жыл бұрын жарық көрген қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды қайта жаңартып басу себептеріне тоқталды.
«Ұлттық өнердің бастауында тұрған тұлғалар, XX ғасырдың басында халқына қалтқысыз еңбек еткен зиялы қауым жайындағы еңбектердің бүгінде бірқатары сақталмай, тозып, тасада қалып қойған. Бұл еңбектер студенттер, магистранттар, докторанттарға қолжетімсіз болып қалды. Соңғы үш жылда ұлттық өнерге қатысты академиялық еңбектерді жаңаша түрлендіріп, заманауи пішінде жарыққа шығарып жатқан «Smart University Press» баспа үйі осы жолы классикалық құнды әдебиет маржандарының бір парасын қалың көпшілікке таныстырып отыр. Осы орайда әлем жауҺарлары және де Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұхамеджанов, Қ.Бекхожин, Ә.Кекілбайұлы, М.Хасенов сынды қаламгерлеріміздің шығармаларымен қатар, мұқабасы тозып, парағы шашылған талай еңбектер оқырманға жол тартты», дейді профессор.
Бүгінде баспа шығарған еңбектер қатарында оқулық, оқу-әдістемелік материалдар, монографияларды студенттер іздеп жүріп оқиды. Ғайнимажал Әбілдина атап өткендей, ұлттық өнердің жауҺарларына тұнған мұндай еңбектер өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық рухты көтеріп, елі мен жерінің, өнері мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан тұлғаларға құрметпен қарап өсуге ықпал етеді. Соңғы уақытта жарыққа шыққан Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркеұлының, қазақ театр педагогикасының негізін қалаушылардың бірі, профессор Рәбиға Қаныбаеваның, Салық Қасимановтың «Ұлттық қолөнер», М.Мұқановтың «Қазақтың киіз үйі» осы санаттағы еңбектер қатарына жатады. Баспадан шыққан өнімдер кітапханаларға бес данадан тегін үлестірілді.
Академияның ғылыми кеңесінің ұсынысымен басылып шыққан еңбектер қатарында профессор Қ.Халықов, кинотанушы Г.Әбікеева, өнертанушы О.Батурина, театртанушы А.Мұқан, балеттанушы Л.Сарынова, кинотеледраматург Ғ.Әбілдинаның ғылыми еңбектері бар.
Еліміздегі университеттерге ортақ баспа ретінде жұмысы жолға қойылған «Smart University Press» баспа үйінің құрылтайшысы әрі директоры Алмас Асан атап өткендей, академиялық еңбектерді шығаруға басымдық бере отырып, бүгінде саны азайған, студенттер мен зерттеушілер үшін қолжетімсіз көптеген ғылыми, әдеби жанрдағы шығармаларды шығаруға ден қойылып отыр. «Академиялық еңбектердің басым көпшілігі баспа қолдауымен жарыққа шығып жатыр. Егер де бұл еңбектерге сұраныс болып жатса, сатылымға шығарамыз. Баспа өнімдері драматургия, сценография, қолөнері, балет – би өнері, хореография, костюм дизайны, киноөндірісіне қатысты құнды материалдарды қамтиды. Мұнымен қоса жақында қолданысқа енген «Баспагер» платформасы авторлар мен баспалар арасындағы байланысты нығайтып, болашақта салада туындап отырған маман тапшылығы, сапалы баспаларды таңдау дәстүрінің қалыптасуына ықпал ететін болады», дейді А.Асан.
АЛМАТЫ