Қарағандылық тәртіп сақшылары қызметін қырағылықпен атқарып келеді. Соның нәтижесінде Кеншілер шаһарында қылмыс саны азайды. Кейінгі көрсеткіштер солай дейді. Дегенмен интернеттегі ұры-қарылар мен есірткімен айналысатындар айласын асырып-ақ тұр. Бірақ бұған қарсы полицейлер тарапынан күрес бұрынғыдан да күшейген.
Қоғамның айықпастай дертіне айналған синтетикалық есірткі үлкен қауіп төндіріп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда осы мәселе бойынша дабыл қақты. Президент пәрменінен соң есірткі өндірушілер мен таратушыларға қарсы күрес қарқынды жүріп жатыр.
– Есірткіге тәуелділік бүгінгі қоғамның үлкен проблемасы болып тұр. Өкініштісі, соның торына жастар жаппай түсіп отыр. Ал олар – ел келешегі. Келешек үшін алаңдаймыз. Есірткі саудасымен айналысатындар жастарды оңай олжамен, яғни мол табыспен арбап отырған жайы бар. Алайда әлгі «жасырып кетушілерге» ол көкқағаз емес, бас бостандығынан айыру мекемесіндегі бірнеше жылғы жаза ғана бұйырады. Адам тағдыры ойрандалады, арманы күйрейді. Есірткі мафиялары балаларға қарсы жарияланбаған соғысты үнсіз жүргізіп жатыр. Көбіне арбауға ата-анасынан қаржылай тәуелсіз болғысы келетін, ересек өмірге асыққан жасөспірімдер түседі. Бұл жаман әдет әркімді әрқалай арбайды. Біреуі ақша, енді біреуі есірткі сыйлайтын алдамшы сезімді іздейді. Жасөспірімдерге айтарым, есірткіге қатысы бар-ау дегеннің бәрі қылмыс болып есептеледі. «Сәл көптеу ақша таба қояйын, қызық үшін бір рет қана қабылдайын, досыма көмектесейін» дегендердің соңы жақсылыққа апармайды. Жыл басталғалы есірткіге қатысты 132 қылмыс тіркелді. Ал өндірістік фактілер, яғни есірткіні жасау бойынша 82 іс қозғалды. Қарағанды қаласы бойынша түрлі есірткі құралдарының заңсыз айналымынан 600 кило тәркіленді, – дейді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салин.
Қазір интернеттегі алаяқтық та белең алып тұр. Киберқылмыскерлер адамды алдап, ақшасын алудың неше түрлі тәсілін ойлап тауып жатыр. Қарағандыда жыл басынан 936 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Былтыр бұл сан 595-ке жеткен.
– Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде мақалалар мен жазбалар, ескертпе бейнероликтерді жиі жариялаймыз. Полиция басқармасы базасында интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел-тергеу тобы құрылды. Бұл топ ақпараттандыру және байланыс саласында жасалатын қылмыстық құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында жасақталды. Тұрақты негізде Қарағанды қаласының барлық кинотеатрында фильмнің әрбір көрсетілімінің алдында, сондай-ақ қаланың LED-экрандарында халықты интернет-алаяқтықтың әдістері мен тәсілдері туралы ескерту бойынша профилактикалық сипаттағы бейнеролик көрсетіледі. Қарағанды қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі ақпараттандыру жұмыстарын қарқынды атқарып отыр. Қаладағы автобустарға да ақпараттар ілінді. Қағазға интернет-алаяқтардың қитұрқы әрекеттері мен түрлі тәсілдері жазылған. Халықты дер кезінде ақпараттандыру – аса маңызды жұмыс. Ескертуіміз халыққа жетсін деген мақсатта аудиториясы көп деген Қуандық Рахым, Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Майя Бекбаева, Тұрсынбек Қабатов секілді өнер жұлдыздарын маңызды ақпараттандыру шараларына жұмылдырдық. Жалпы айтқанда, екінші деңгейдегі банктермен, автопарктермен, сауда үйлерімен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Шахназар Әбдіәшімұлы.
Ал қаладағы криминалдық ахуал қалыпты және бақылауда деп айтуға негіз бар. 21,3 пайызға төмендеген. Қабылданған тиісті шаралардан кейін аса ауыр қылмыстар 4,1 пайызға, ауыр қылмыстарды тіркеу 9,3 пайызға азайды. Жеке адамға қатысты жасалатын қылмыстар да былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 15,2 пайызға азайды. Жыл басынан бері қалада 27 бұзақылық тіркелген. Көрсеткіш былтырғыдан 3,6 пайызға төмендеді. Ал адамның жеке мүлкіне қатысты жасалатын қылмыстар 15,2 пайызға азайды. Мәселен, өткен жылы 2 194 қылмыс тіркелсе, биыл 1 864-ке жеткен. Биыл жеке мүлікті тонауға қатысты 33, ұрлыққа қатысты 533 қылмыс тіркелді. Тонау былтырғыдан 37,5 пайызға, ал ұрлық 35,6 пайызға төмен. Автокөлік ұрлығының 10 нан аса дерегі тіркелді.
Қарағанды полициясы қылмыстың салдарымен емес, себебімен де күресіп жатыр. Осы ретте қылмыстық істі әшкерелеуде бейнебақылау камераларының көмегі көп.
– Бейнебақылау камералары қаладағы тәртіптің сақталуына зор үлес қосатыны мәлім. Кеншілер шаһарында дәл қазір 6 483 бейнебақылау камерасы бар. Соның 312-сі нақты жедел бақылау орталығына тиесілі. Бақылау құрылғылары жолайрықтарға, адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарға, аулаларда, білім ордалары мен солардың төңірегінде, вокзалда, тіпті көпқабатты үйлердің кіреберістеріне де орнатылған. Барлығы жедел басқару орталығына қосылған. Барлық қоңырау осы орталыққа келіп түседі. Жыл басынан бері бейнебақылау жүйесімен 139 қылмыс ашылды, 8 511 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 8 511-дің 612-сі жол-көлік қозғалысында тіркелді, – дейді Ш.Салин.
Қарағанды облысы