Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған ІІІ Жұмабек Кенжалин оқулары қаламгердің 70 жылдығына арналды. «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үрдістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» тақырыбында өткен халықарылық ғылыми басқосудың мәні мен маңызы, айшықты мазмұны талантты қаламгер-публицистің артында қалдырған мол мұрасын, қалыптастырған мектебін зерделеуге арналды.
Иә, Жұмабек Омарұлының болмысы, атқарған өнегелі істері қай дәрежеде де, қай деңгейде де әспеттеуге лайық. Өйткені тұғырлы тұлғаның өмір жолы туған халқының, елінің, Отанының қадірін биіктетуге, өзі ғұмыр кешкен қоғамының кем-кетігін түзеуге, өзекті түйткілдерін баспасөз арқылы таразылауға, бағыт-бағдар сілтеп, жөн-жоба нұсқауға, уақыт сөзін айтуға бағытталды. Ой көзімен қарасақ, Жұмекең отандық журналистиканың көрнекті өкілі ретінде ерен еңбегімен, қажырлы ізденісімен ұлт баспасөзінің тұғыры берік, туы биік болуына адами-азаматтық қалыбымен, ақиқаттан аттамайтын шыншыл мінезімен, тумысынан бірге жаратылған адалдығымен ауқымы мен көлемі өлшеуге сыймайтын жарқын іс атқарып, ерен еңбек сіңірді. Қайраткер азаматтың бүтін бір өмір жолы отандық баспасөздің аумалы-төкпелі жылдардағы тыныс-тіршілігіне араласумен, өз тағдырына бұйырған журналистиканың бес батпандай ауыр жүгін арқалаумен өтті. Ж.Омарұлы журналистикадағы дәстүр сабақтастығын сақтауға, өз заманының жаңашылдығымен толықтыруға ақ адал қызмет етті.
ІІІ Жұмабек Кенжалин оқуларын жүргізген журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауларын оқыған соң, бағдарламаға сәйкес сөз алған меймандар оның қадір-қасиетін, азаматтық қырларын айтып, журналистика мен баспасөз саласын дамытудағы еселі еңбегіне тоқталды.
Толғаулы пікірлерін, жүрекжарды лебіздерін ортаға салғандардың әрқайсысы Жұмабек Омарұлына деген риясыз көңілін, шетсіз-шексіз құрметін, ықылас-пейілін кестелі сөздерімен, өрнекті ойларымен безбендеді.
Өз сөзін асылдарды ардақтау дәстүрін берік ұстанып отырған университетке алғыс айтудан бастаған қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов Жұмабек Омарұлының кіршіксіз таза болмысынан, журналистік қызметінен тартып, «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамын сақтап қалудағы еңбегімен сабақтай келіп, қарымды қаламгердің әр қыры бірте-бірте зерттеліп ашыла беруге тиіс екенін айтса, белгілі қаламгер Жанболат Аупбаев ардақты азаматпен бірге жұмыс істеген жарқын жылдарды еске алып, табанды журналист, білімді де білікті басшы, өмірінің соңғы сәтіне дейін жүрдек уақыт жүрісіне лайық жұмыс машығынан танбаған қажыр-қайрат иесі ретіндегі қасиеттеріне назар аударды.
«Жұмабек – бүкіл адамдық қасиет-қадірі толық қалыптасқан, өмірге адам болып келіп, өмірден адам болып өткен үлкен жүректі азамат» деп сөз сабақтаған филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдиманұлы қайраткер тұлға көтерілген биіктіктің бәрі де таза еңбегімен, әділ жүріп, жақсылықтың жанашыры бола білуінің арқасында жеткен жетістіктер нәтижесі», деді.
Алқалы жиында көрнекті публицист Қайнар Олжай, Талғат Айтбайұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары – Алматы басылымдарының жетекшісі Серік Әбікенұлы, т.б. азаматтар сөз сөйледі. «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед журналистика майталманының 70 жылдығына арнап автордың «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» еңбегін 3 мың данамен шығаруға бастамашылық жасағанын айтып, аталған кітаптың құндылығы жөнінде ой өрбітті.
ІІІ Жұмабек Кенжалин оқулары аясында қос бірдей кітаптың, атап айтқанда «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Жұмабек Кенжалин» деп аталатын ғұмырнамалық жинақтың, сондай-ақ Ж.Кенжалиннің «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» атты туындысының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты.
Іс-шара аяқталған соң конференция қатысушылары Панфилов көшесінде орналасқан 101 үйді бетке алды. 1985–2009 жылдар аралығында Жұмабек Кенжалин тұрған бұл көпқабатты еңселі үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі жасалды. Бұдан соң көсемсөз шеберінің рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды. Аста да талай игі жақсылар өз естеліктерімен бөлісті. Ардақты тұлғаның зайыбы Әлима Абдрахманқызы, қаламгердің ұлдары Дастан мен Жандос Кенжалиндер қолдау білдіріп келген барша жанашыр азаматтарға әулет атынан алғысын жеткізді.
Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ,
журналист