Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірдегі әлеуметтік жобалардың іске асу барысымен танысты.
Вице-премьер М.Қозыбаев атындағы университетке барып, «Серпін» бағдарламасына қатысатын жұмыс берушілердің қатысуымен кеңес өткізді. «Серпін» республикалық жобалау кеңсесінің жетекшісі Мұрат Әбенов «Серпін түлектері» қауымдастығын құру туралы бастаманы қолдады. Бұл ұйым абитуриенттер мен студенттерге қолдау көрсетеді. Солтүстік өңірде аталған бағдарлама бойынша 1 350 адам білім алып, оқуын жалғастырып жатыр. Көптеген түлек осы өңірде жұмыс істеуді таңдаған. Отбасын құрып, облыстың дамуына үлес қосып жатыр. Солардың бірі – Нұрсейт Әбдіразақов. Ол 2016 жылы Түркістан облысы Қазығұрт ауданынан келіп, университетке түскен, қазір өзі оқу орнында қызмет етіп жүр. «Бағдарлама шынымен де тиімді. Мен болашағымды осы өңірмен және өз университетіммен байланыстырамын», деді Н.Әбдіразақов.
Премьер-министрдің орынбасары жоғары оқу орындары мен колледждердің кәсіпорындармен ынтымақтастығын нығайтудың маңызын атап өтті. Ол жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес мамандар даярлау бағдарламаның табысты жүзеге асырылуының кепілі екеніне мән берді.
Өңірде 300-ден астам жұмыс берушімен меморандум жасалған. Биыл оқуын бітіретін 68 түлекке арналған жеке іс-шаралар ұйымдастырылды. Өңірдегі ірі компания өкілдері жас мамандарға сұраныстың жоғары екенін айтып, «Серпін» бағдарламасына белсене қатысуға дайын екенін білдірді.
Қазіргі уақытта кадр тапшылығы сезіліп отырған 8 өңір бар. Бағдарлама түлектерін осы өңірлерде жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
«Бағдарламаның әлеуметтік маңызы жоғары. Ол болашақ түлектерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді және нақты кәсіпорындардың сұранысына сай кадрлар даярлайды. Келесі жылы бағдарламаға колледждердің қатысуы жоспарланып отыр. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін барлық мүдделі министрліктер, облыс әкімдіктері мен жұмыс берушілер тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Бұл үдерісте аймақтық жобалық кеңселердің рөлі маңызды», деді Т.Дүйсенова.
Вице-премьер М.Козыбаев атындағы университеттің зертханаларымен танысып, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түскен студенттердің ғылыми зерттеулерін көрді. Мұндай заманауи зертханалар халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, Қытайдың Солтүстік-батыс ауылшаруашылық университетінің ғалымдары Козыбаев университетінің студенттерімен бірлесе ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласындағы жобалар бойынша жұмыс істеп жатыр.
Манаш Козыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті АҚШ-тың Аризона университетімен серіктес. Ынтымақтастық бағдарламасы қос диплом алу, ғалымдар арасында ғылыми алмасу, оқытушылар үшін бірлескен тағылымдамалар, сондай-ақ академиялық стратегия мен корпоративтік басқаруды жетілдіруге арналған ұсыныстарды қамтиды.
Сонымен қатар өңірге сапары аясында Т.Дүйсенова «Qyzylzhar» креативті индустрия орталығына барды. Бір ай бұрын ашылған орталық инновациялық және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру алаңына айналды. Онда цифрлық технологиялар саласындағы бағытты дамыту, медиа контент, сән және басқа да шығармашылық индустрияларды құру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Кейбір креативті мамандардың есімдері әлі кең аудиторияға таныс емес. Ал кейбірінің даңқы Еуропаға дейін жеткен. Мысалы, сәнгер Айжан Колчина Париждегі жоғары сән апталығында өз коллекциясын ұсынды, онда оның жұмысы жоғары бағаланды.
Айжан Колчинаның жетекшілігімен жас дизайнерлер көйлектердің бірегей үлгілерін әзірлеуде. Ең креативті эскиздер, идеялар нағыз өнер туындыларына айналатын арнайы шеберханада жүзеге асырылады.
Мұнда құлағы нашар еститін балалардан құралған бірегей би ансамблі бар. Оның негізін қалаушы Ольга Ростовщикова бірқатар республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдемен оралған. Вице-премьер бастаманы жоғары бағалап, ерекше қажеттілігі бар балаларды шығармашылық және мәдени жобаларға қатысу арқылы дамытудың маңызын атап өтті.
Орталық базасында өңірдің креативті индустрия өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов салаға қатысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады. Бүгінде тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, Парламент қарауына жолданған. Онда салалық қор құру, мемлекеттік органдарға қосымша құзырет беру, сондай-ақ экономиканың креативті салаларын қаржыландыру көздері қарастырылды. Осы бастамалар еліміздегі креативті индустрияны ынталандырып қана қоймай, саланың дамуына серпін береді.
«Солтүстік Қазақстан облысы креативті индустрияның дамуына қажетті барлық мүмкіндікке ие. Аталған сала аймақтың экономикалық және мәдени әлеуетін нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Жалпы, облыстағы креативті индустрия хабын құру маңызды қадам, бұл тәжірибені басқа аймақтарға да тарату керек», деді Т.Дүйсенова.
Сондай-ақ вице-премьер өңірдегі бірқатар медициналық ұйымдарда болып, Президенттің тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының жүзеге асырылуын тексерді.