Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетінде Қытай тілі және қытайтану кафедрасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталған кафедраның ашылуы тілдік, мәдени құзыреттіліктерді жетілдіру арқылы екі ел арасындағы байланысты нығайту, қосдипломдық білім беру негізінде оқыту, академиялық ұтқырлық мәселесін жолға қою, қытай университеттерімен, ғылыми зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнату, жаһандану кезеңінде студенттерді тіл, әдебиет, аударма, халықаралық қатынастар, бизнес, білім беру және ғылым салаларында жұмыс істеу үшін қытай тілі мен мәдениеті, тарихы бойынша терең біліммен қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Қытай тілі және қытайтану кафедрасының ашылуы аясында «Калиграфияны оқытуда цифрлық технологияны қолдану ерекшелігі» атты ғылыми семинар өтті. Аталған семинарда Цзянси ғылым-технология педагогикалық университетінің профессорлары Чен Сюпин мен Ю Чао ғылыми баяндама жасады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп кафедраның ашылу салтанатында университеттің сапалы білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге, ұстаздарымыздың кәсіби өсуіне және студенттердің білімі мен шығармашылық әлеуетін халықаралық деңгейде дамытуға, екі ел арасындағы білім-ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету мақсатында ашылып отырған Қытай тілі және қытайтану кафедрасының алдағы жұмысына сәттілік тілейтіндігін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР-дың басшысы Си Цзиньпиньмен Астанадағы өткен кездесуінде: «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашанда жоғары, екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатыр», деген еді. Соның негізінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Елімізде ұлттық жоғары оқу орындарында қытай тілі кафедрасы ашылады, қытай тілі екінші шет тілі ретінде оқытылады», деп мәлімдеген. Осы мақсатта екі елдің тиісті министрліктері бірқатар келісімшартқа қол қойған болатын. Қытай тілі және қытайтану кафедрасы екі ел басшыларының уағдаласқан келісімдеріне орай Абай университетінде атқарылып отырған маңызды іс-шара екені айқын.
Осы ретте студенттер қытай тілінің негіздерін ғана емес, сонымен қатар сол елдің бай мәдениетін, дәстүрін, құндылықтары мен дүниетанымын терең меңгеруге мүмкіндік алатындығын да айта кеткеніміз жөн. Өйткені Қытай елі – қайталанбас және ежелгі көне дәстүрлерге бай, көпғасырлық тарихы, ерекше философиясы және қарқынды дамып келе жатқан экономикасы бар ел. Ал қытай тілі – әлемдегі ең көне әрі заманауи тілдердің бірі. Бұл елдің мәдениетін тілі арқылы тану, зерттеу әлемді тереңірек түсінуге және адамзат руханиятын байытуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Аталған іс-шараға ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулдың академиялық мәселелер жөніндегі директоры Хуан Сяоминь, ҚХР-дың Цзянси ғылым-технология педагогикалық университеттерінің басшылары, ғалымдары, ҚХР-дың Гуандун өндірістік-техникалық университетінің ғалымдары, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың танымал ғалымдары, Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Қазір факультетте 300-ден аса студент қытай тілі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Қытай тілін үйренуге деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Сол сұранысқа байланысты университетімізде Қытай тілі және Қытайтану кафедрасы ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастамақ. Аталған кафедра болашақта қытай тілін меңгерген, жоғары білікті мамандарды даярлау ісіне үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.
Алуа ТАҢЖАРЫҚОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ филология факультетінің деканы