• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Ауылда жасалған өнім шетелге жіберіледі

430 рет
көрсетілді

Бұл кәсіпорынның жұмысы жүріп, баяғы дәурені қайта оралады дегенге кешеге дейін ешкім сенбеген көрінеді. Бірақ адамның емес, Алланың айтқаны болады емес пе? Іскер адамдар кез келген қиындықтан шығатын жол табады. Міне, кәсіпкер Кеңесхан Ахаев бұрынғы былғары комбинатының тарс жабылған есігін қайта ашып, небәрі 11-12 адаммен жұмысты қайтадан бастағанда өзінің іскерлігіне сенім артқаны анық. Қордай ауданындағы бұл былғары өңдеу фабрикасында бір кездері 1000-1200 адам жұмыс істеді. Аяқ киімдері өте сапалы тігілгендіктен болар, өнімдерімен алыс-жақын шетелге дейін танымал болды. Бірақ, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында көп кәсіпорындар сияқты ырғағынан жаңылып, ақырында жабылып тынған-ды. Тек 2005 жылы ғана бұл кәсіпорынның әлдеқашан суып қалған ошағына от жағылды. «Әрине, жұмысты қайтадан бастау оңайға түскен жоқ. Фабриканың есігінде құлып тұрған жылдары көптеген мамандар жан-жаққа кетіп қалды. Шынын айту керек, бұл кәсіпорында бұрын көбінесе орыс, неміс ағайындар жұмыс істейтін. Олардың көбісі көшіп кетті. Сондықтан ең алдымен маман дайындау ісін қолға алдық. Сосын өндіріске өзгеріс енгізу керек деп шештік. Жаңа заман, талап та басқаша ғой қазір... Әрбір түскен табысты тиімді пайдаланып, 3 жылдың ішінде құрал-жабдықтарды бірсыпыра жаңаладық. Нақтырақ айтсам, осы жылдар ішінде жаңадан 11 жабдық сатып алдық. Қазір қорғаныс, теміржол, шекара, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне аяқ киім, басқа да қажетті киімдер тігеміз. Сұраныс көп. Одан қала берді ер тоқым, жеңіл киіз, тағы да басқа заттар шығарамыз. Біздің өндірісте ешқандай қалдық қалмайды. Теріні де, жүнді де толық іске жаратамыз. Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында өнімдерімізді Ресейге шығаруға мүмкіндіктер мол», дейді «Ырыс Бақыт» ЖШС-нің бас директоры Кеңесхан Ахаев. Міне, жақында бұл былғары өңдеу фабрикасы жанынан қойдың жүнін жуып тазалайтын цех іске қосылды. Қазір кәсіпорында 250-дей адам жұмыс істеп жатыр. Жаңадан орнатылған құралдардың қуаттылығы бір мау­сымда осы төңіректегі елден жиналатын 600 тоннадай жүнді түгел жуып, толық өңдеуге мүмкіндік береді. Ал жуылған жүнге әлемдік нарықта сұраныс өте жоғары. Және жаңа қондырғылардың арқасында еңбек өнімділігі жоғары болып тұр. Өйткені, жартылай авто­маттандырылған. Кәсіпорын тәу­лік бойы тынымсыз жұмыс істейді. Сондай-ақ, құралдар жүн­ді таза жуады. Бұл сапалы тауар өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Қордай ауданының Жамбыл ауылында орналасқан бұл кәсіпорынның жұмысымен Кеңесхан Сәбденұлы кеңінен таныстырды. Жалпы алғанда, фабрикада мұнан өзге тағы 5 цех жұмыс істейді. Былғары өңдеу желісі де заманға лайық озық технологиялармен жабдықталған. Кәсіпорын жұмысшылары Түркиядан келген білікті мамандардан өз кәсіптерінің қыр-сырын үйреніп жатыр. Ал жұмысқа жаңадан келгендер биыл шетелде оқып, тәжірибе жинап қайтпақ. Бір ауылдың жандарын жұмыспен қамтып отырған бұл фабрика өнімдері Ресейден бөлек Англия, Қытай, Украина, Түркияға да жіберіледі. Бұл, әрине, кәсіпорын жұмысшыларының қолы алтын, ісмер, өз істерінің нағыз маманы екенін дәлелдесе керек. О баста 25-30 млн. теңгеден басталған бизнес бүгінде дамып, фабрика қазанында бүгінде 250 млн. теңге айналуда. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы, Қордай ауданы.