• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Шуақты шаңырақ

391 рет
көрсетілді

Алматыда соңғы алты жылда 30 жаңа балабақша ашылды Өткен жылы ғана газетімізде «Алматыда кейінгі бес жылдың ішінде 25 балабақша салынып, самаладай сәнді ғимараттар сәбилер­дің күлкісіне толды», деп қуана хабар­лаған едік. Осынау игі іс оңтүс­тік астанада жалғасын тауып тұр. Сол сияқты, тіл мәселесін балабақшадан бастау қажет деген сөзіміз нақты іс арқылы нәтижесін бере бастағанын айта кету қажет. Бүгінде қаладағы балабақшаларда орыс тілінде тәр­биеленіп жатқан балалардың саны 15 мың болса, қазақша тәрбие алатын балалардың саны 30 мыңның үстінде. Бүлдір­шіндердің 70 пайызы қазақ ба­ла­­бақ­шасына барып жүр. Қуа­нар­­­лығы, 7054 өзге ұлт өкілдері бал­а­ларын қазақша тәрбиелеуге беріп отыр. Таяуда Алматы шаһарының әкімі Ахметжан Есімов мектеп жасына дейінгі білім саласының жаңа нысандарын аралап көрді. Қала басшысы Алатау ауданы Ақбұлақ шағын ауданында орналасқан 120 орынды №95 балабақшада және мегаполистің Медеу ауданының аумағындағы 120 орынды №124 «Арнайы» (коррекциялы) ясли-бақшада болды. Әкім мектеп жасына дейінгі білім берудің вариативті түрін құрудың маңыздылығын атап өтті. Тәулік бойы жұмыс іс­тей­тін коррекциялық мекемелерді толықтай жергілікті бюджет қар­жы­ландырады. Бұларда 2-7 жас аралығындағы көзі нашар көретін және тілі мүкіс балалар тегін білім алады. Кішкентай кезінен ем алған мұндай балалардың 70 пайызының көзі мен сөйлеу мәнері қалыпқа келе­тіндігі анықталған. Қазіргі кезде Алматыда мектеп жасына дейінгі 9 коррекциялық балалар мекемелері жұмыс істейді. Қала әкімі мемлекет мін­деттеген балаларға мектеп жасына дейінгі білім беру ісіне айрықша назар аударылатындығын атап өтті. Мысалы, 2014 жыл «Алматы қаласында білімді дамыту жылы» деп жарияланды, соның арқасында өткен жылы 480 орынды 4 жаңа балабақша салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Саялы» шағын ауданында жалғыз басты аналар мен кезектесіп жұмыс істейтін ата-аналарды қолдау мақ­сатында қалада тұңғыш рет бес күн ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін 320 орынды балабақша мен «Үміт үйінде» арнайы топтар ашылды. Нәтижесінде, өткен жылы 800 орынды 5 балабақша іске қосылды. Әкім бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасады деп атап өтті. Алматыда соңғы алты жыл ішін­де 30 жаңа балабақша ашылды, жалға алғандардың меншігінде бол­ған 7 нысан қайтарылып алынды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Дәурен ИСАЕВ.