• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2015

Ескілікті әңгіме

580 рет
көрсетілді

Білмесе несін айтады... Шүйкедей ғана қара кемпір түйдегімен сөз төгеді. «Оспан қожа бабаға ел ағалары сәлем беруге барыпты. Сонда Оспан қожа: Сендер, осы маған келерде соқырға соғып барып келесіңдер ме? (Баймырзамен құрдас екен сондықтан солай атаған). Әуелі оған атбасын бұрып, сосын маған келмесеңдер жолдарың болмайды, депті де, әй, білмеймін, алдарыңда ауыр өмір тұр, дендерің сау, әрқайсыларыңның отбасың аман болсын, деп біраз үнсіз қалып барып, Торғайда 4 адам кешегі сахабалар заманында өмір сүрулері керек еді. Әттең, кеш туып қалған, қадіріне жетер кім бар. Байтұрсынның Ахметі, Иманқұлдың Әбдірахманы, Төкенің Смағұлы, Қозанның Мырзағалиы. Әттең, сабаздар өмірге кеш келіп қалды-ау», – дейді. Ақсақал, неге олай дедіңіз, енді не істейміз? дегенде: Не істейсіңдер, сендердің Аллаға әлдерің келмейді ғой. 70 жыл діннен айырыласыңдар, содан кейін ғана дінді қайтадан керек қыласыңдар, ол едәуір өмір ғой деп барып, олай дейтінім, түсіме әкем кірді. Қолымда әкемнің таяғын ұстап тұр екем. Таяқта 7 жерден қап-қара шор, бунақ барлығын көріп, әке, мына қаралардан таяғыңызды тазартып берейін дегенімде, әкем жоқ, біздің оған әліміз келмейді, Алла өзі солай қылған. 70 жыл ғой, 70 жыл деп айтты, дейді. Оспан қожа бабамыздың сол айтқаны айна-қатесіз болған жоқ па? Қандай әулие кісілер, біздің аталарымыз», деген бетін әжім айғыздаған қара кемпірдің аузына жиналған жұрт қарап қалған. Жүзіне қараймын. Бұрын кездестірмеген адамым. Бірақ сөз саптасы, адамға шалт қарайтын жанарындағы оты, әжім айқыштаған жүзіндегі әлдебір ішкі қуат өзіне тартады. Отырған орнымнан тұрып, қасына қалай жетіп барғанымды сезбеппін. Апа, көпшілік жерде көшелі әңгіме айтар қариялар азайған заманда сіздей адамды жолықтырғаныма қуаныштымын, қолыңызды тағы бір алып, дұрыстап амандасайын, танысайын, деп едім дегенімде, е, құлағыңның тесігі бар екен ғой. Мендей кемпірмен танысып не қыласың? Ал айтайын, Торғайда мерген Төкенің Қамбары дегенді естуің бар ма, соның қызымын, қырықмылтықтың кемпірімін, атым–Ғалия дегені. Ойыма өзімнің анам айтқан бір әңгіме сап ете қалды. Ол былай еді. Адамдар түрлі ғой. Кей жігіттер бар қара басын алып жүре алмай отбасына, маңайына зиянын тигізеді, енді біреуі басқаға емес, тек өзінің отбасына ғана жақсылық жасайды, ал үшінші біреудің саясы отбасынан артылып, туысқандарына шапағаты тиіп жатады. Тағы біреуіне бұл масштаб тар, ол аудан көлемінде ойлай алатын, соның намысын жыртып, қанатымен су сепкен қарлығаштай жүрген жерінде елдің абыройын асыратын азамат. Енді бір жігіт болса, оның ауқымы одан да кең. Көптің аузында, жалпақ жұрт қимыл қарекетіне қарап, әлдебір шаруаға «пәленшекең» бұл іске қайтер екен деп отырар, қамқорлығымен ел ағасына айналған, ақыл иесі, бедел иесі нағыз кісілікті адам. Оның үлкен лауазым иесі болуы да шарт емес. Бұдан да жоғары жүрек жылуы, жанашыр­лығы бүтіндей елге жететін, ұсақ бөліктерді емес тұтастықты ойлайтын азамат болады. Бұлар тым сирек келеді, ал енді бір жігіт, бір ғана халық емес, мысалға, түркі тілдестердің қамын ойлай алатын, нағыз марқасқаның өзі, бұл тіптен аз, ал соңғысы, адамзат игілігі үшін туған ғаламдық құндылықтарды қастерлейтін, сонысымен әлем аузына қараған тұлға. Жігіттер-ау, көздеріңді кеңірек ашсаң­дар­шы, аумақтарыңды кеңітсеңдерші. Көбіне бір ауыл, бір ғана рудың аясынан аспай жата­сың­дар. Масштабтарың қашан кеңейеді? Сендерге өз басымнан өткен бір әңгіме айтып берейін. Арқалық қаласында тұратын кезіміз. Бірде қонақта отырғанбыз. Шақырылған мейманның бірі – Төкенің Қамбары деген Торғай бойында аты бар, әрі жасы үлкен кісі. Дастарқан басында Қақаң маған бірнеше рет әзіл айтты. Жасының үлкендігін сыйлап, екі-үш әзілді басымнан асырған соң, төртіншіде Қақа, манадан бері бірнеше рет қағыттыңыз, жасыңыз үлкен ғой деп шыдап-ақ едім, бірақ болатын емессіз, мен осыны түсінбей отырмын, мәнісі қалай, дегенімде Төкенің Қамбары шырағым, Күләндам, бұл сөзіңді апаңа арнауың керек еді, сұрадың ғой айтайын, деді. «Баяғыда жас кезім Шақшақ Жәнібек батырдың тұқымы Қорғанбектің қызына үйлендім. Ол да бір дәурен екен. Содан үйден сыртқа шығып, бір ауылға түссем, үлкендері күйеу келді, кішілері жездем келді деп қарсы алады. Әңгіме айтылып, тамақ ішіліп болған соң кетейін деп қоштасып, орнымнан тұра берсем, отырған көрпем жабысып бірге көтеріледі. Балдызы құрғырлар көрпемді шалбарыма көктеп қойыпты. Енді бірде, басқа ауылға атбасын тіресем олар да жік-жапар болып қарсы алып жатады. Аузы күйген байғұс тұрмастан бұрын басқаларға байқатпай алдымен көрпем тігіліп қойған жоқ па деп қарап алып, ух аман шықтым ба, деп аттанайын десем әлгі қу балдыздар ер-тоқымымның астына мүжілген сүйек қойыпты, содан атым мөңкіп, тулап, жерге жалп ете түсем, бірде тіптен, бетімді сүртейін деп апаларың кестелеп берген орамалымды алып қалсам, арасынан сиырдың жас жапасы шыға келді. Ұялып жерге кіре жаздадым. Содан үйге келіп, жұбайыма айтшы, сен өзі қай ауылдың қызысың, қайда барсам да жезде деп бір ойыны қанбай жүрген балдыздар, әбден өлетін болдым ғой, деп кейідім. Сонда апаларың тұрып Қамбар-ай, айналдырған үш мың үй түтін Шақшаққа күйеу бола алмасаң Қорғанбектің қызында нең бар еді, деген болатын. Содан ғой шырағым, апаңның сол сөзінен кейін өзімнен кіші Шақшақ баласын балдыз көремін. Көңіліңе келсе ренжіме», деді. Енді мен ұялдым, Қақаңның алдында тар шеңберден шыға алмай жатқан балдызыңызды кешіре көріңіз, деп кешірім сұрадым. Солай қарақтарым, кеңірек қарап, көп атынан ойлай біліңдер, деген еді, сіз сол кісілердің көзі екенсіз ғой дегенімде, мейірлі шуағын төге айналайын, біледі екенсің ғой, менің анам, сендердің апаларың қандай еді. Менің ажарым әкеме тартып кеткен ғой, әйтпесе, анама ұқсасам айдай ақ жүзді, сұлу бедерлі болар едім, деп бауырына тарта сөйлеген апа маған 2-3 күн уақытыңды қи, қасымда бол, әңгімелесейік, деген. Мен демалысымның аяқталып қалғанын, ертең кететінімді айтып, ол кісіні Астанаға қонаққа шақырдым. Арада ай шамасы өткенде телефон аржағындағы Ғалия апаның қызымын деп таныстырған әйел ол кісінің ертең Қостанайдан Астанаға пойызға отыратынын жеткізді. Ғалия апа әңгімесін енді біздің үйде қона жата айтқан. – Қалқам, Анар, – дейді қонағым– осы күнгі 70-тен асты дегендердің әңгімесіне еш риза емеспін. Қостанайдағы бас имам Ертай қажы (қазір бұл дүниеде жоқ марқұм) мені өзі іздеп келіп, өкіл балам болды. Бір күні сол балам Қостанайдың игі жақсыларын қонаққа шақырыпты. Ондайда мені арнайы көлікпен келіп, алып кетеді. Содан отырып айтатын әңгімелеріне құлақ салсам, пәтерін қаншаға сатқаны, көлігінің бағасы дейсің бе, ылғи бір алған-берген, пайда тапқандары, анау-мынау, ұсақ-түйек, қиқым-сиқым. Біреуі тұрып, қазір әдемілеп оюлап жасалған астаулардың барлығын, үлкенінің бағасы қанша, орташасы қанша екенін айтып әңгіме сапырсын. Сөйтіп отырғанда Ертай ауыз үйге шығып кетіп еді, астау көтеріп, мынадай астау ма, деп келіп тұр. Теріме сыймай кеттім. Әй, дедім балама қарап, бастарыңа орамал тартасыңдар ма түге, манадан бері тыңдап отырмын, біреуіңнің аузыңнан есті әңгіме шықпайды, еркексіңдер ме, әлде бәріңе жаулық керек пе? О неғылғандары, анау-мынау өзін сыйлайтын қатын айтпайтын әңгімелерді сөз етіп, деп айғай салдым. Барлығы үнсіз қалып, арасынан біреуі апа, біз ескінің жақсы әңгімесін білмесек, немізді айтамыз, сіз айтыңыз, біз шамамыз келгенше құлағымызға құйып алайық, дегені. Қайырсыз дүние Нағашым Бірімжанның Қорғанбегі тумысы бөлек кісі болыпты. Ол кісінің әйелі Күлмай Тілеу төренің қызы екен. Ол әуелде Қорғанбектің ағасы Дәуренбектің айттырылған қалыңдығы болыпты. Дәуренбек атам дүниеден озып, Қорғанбек жылы өткен соң қалыңы төленген жесірін өзінің немере, шөбереден қосылатын туысына лайықтап отырғанын айтып төреге хабар салады. Сонда төренің қызы: «Маған немере, шөбере туыс керек емес, тек Қорғанбектің өзіне ғана тиемін», деп шарт қояды. Содан Күлмай әжемді Қорғанбек атам алады. Осы некеден тұңғышы Ахмет, (Мемлекеттік думаның депутаты болатын) одан кейін менің шешем Қазимаш, Жұмахан, Батырхан, Мұхтар туады. Әжем төренің қызы емес пе, мүсінім бұзылады деп бір де бір баласын өзі емізбепті. Анам айтатын, әжем жетісіне бір келіп, қасымызда отырып, әңгіме айтып, ойнатып кетеді. Саусағымызды бүгіп, апам қашан келеді деп санап отыратынбыз. Қорғанбек атам мен Күлмай әжем пәуескемен жүріп, ел аралағанда жұрт аяқтары шаң болып қалады деп түскен жерлеріне 40 кілем төсеп қояды екен. Әжем әрі сұлу, әрі әділ және өте қайырымды кісі болыпты. Ол кісінің өмірден өтуі де аңыз. Балаларының үлкені Ахмет оқуда, қалған 4 баласы елде өмір кешіп жатқанда Қорғанбек атам дүние салады. Сонда атамның қырқы берілгенде Күлмай әжем есіктің көзінде тұрып алыпты. «Маған ендігі жерде өмірдің керегі жоқ, осы кісінің қырқында енді мені жөнелтіңдер, маған өлім тілеңдер», деп екі көзінен парлап аққан жасы етегін жуып, қолын жайып тұрып алыпты. Сонда бір қыпшақтың шалы Күлмай, сен өйтіп ақымақтық жасама, сен анасың ғой, балаларыңа керексің, дегенде, жоқ-жоқ деп есікті керіп, бір адамды да шығармай тұрып алыпты. Халықтың батасының құдіреті қандай десеңдерші, сол күні түнде Күлмай әжем қайтыс болып, үйдің үлкені болып 18 жастағы бойжеткен менің анам қалады. Сонда Күлмай әжем 40 жаста екен. Анам айтатын, Қорғанбек атама Алаштар – Ахмет, Міржақыптар да, бәлшебектер – Амангелді мен Әлилер де келіп тұратын. Бірақ бір-бірімен ешқашан кездескен емес, ылғи түнде келіп, әкеммен ақылдасып кететін, сенің әкең Хакімбек Төкин де келетін, көрдім дейтін. Атам мен әжем анама «Зингер» мәшинесін алып беріп, тігуді де үйретіпті. Үйрен, осы сені асырайды, сендердің замандарың қиын болады, деп. Қорғанбек атам үйіне қажеттің барлығын Варшавадан алдырады екен де, нағашы атамның салтанатымен аяқ жетер жерде санаспайтын жан болмапты. Бірде ол Төртуыл Жанайдар Мейрамның қызын інісіне алып бермек болады. Құдасы түсіп, қалыңы төленіп, қызын Арқаның белді мырзасы, «қарадан шығып хан болған» дейтін Шақшақ Жәнібектің тұқымына ұзатуға сайланған бай қызының жасауын өзі көрмекші болыпты. Пәлен түйеге артылған бар жасауды алдынан өткізгенде сендер мені Қорғанбектің алдында әбден күлкіге қалдыра жаздапсыңдар, түйелердің үстіне жабылған кілемдері бірдей және ең қымбатынан болсын, бұйдаларын ақ жібектен қайтадан есіңдер деп, өзінің әбден көңілі толған соң барып, жасауын аттандырған екен. Сонда нағашы атамның алдынан мынау келіннің дүниесі еді, деп өткізбей ме, сол кезде Қорғанбек тұрып ойбой, Жанайдар ештеңе бітіре алмаған екен ғой, мынау кілемдердің барлығы жиылып, менің Варшавадан алдырған бір кілеміме тұрмады ғой, депті. Шешем айтады Күлмай әжем қайтыс болған соң бізге Барша дейтін әжем бас-көз болып қалды да, сол кісі Қазимаш, енді сен үйдің үлкені болып қалдың, енді Батырханды үйлендір, деді. Содан 15 жастағы Батырхан ағаны үйлендіреді де, ертеңіне Барша әжем отырып, мына Батырхан өзі қолымен көмсін, Қорғанбекжаннан қалған дүниені жер астына жасыруымыз керек. Сендердің қолдарыңда қалдырмай, ертең мына үкімет тартып алады деген соң, не қыларымды білмей жылап едім, әжем, жәрайды, сен жылама, жігіттермен өзім сөйлесемін деп, 3 жігітке Бөбекей бөгетінің жанынан жер қаздырды. Олар әже, кісі бойы және қол созым етіп қаздық, жарайды ма деп сұрады. Жетеді деп, ішінен менің жасауыма керек деп біршама қалдырып, одан кейін Қорғанбек атаның патшадан алған екі медалін беріп, мынаны қысылғанда ғана жұмсарсың деп қолыма ұстатып, қалғанын үлкен туырлыққа орап, 4 жігіт әрең көтеріп, орға салып, бетін көмдірді дейді. Жаңа үкімет келгесін біздің тұқым жаппай қудалауға ұшырап, елде НКВД-да жұмыс істейтін Қамбарға күйеуге шыққан мен ғана қалдым, деп жылайтын анам. Содан араға көп жыл салып, алапат қуғын басылды-ау деген бір заманда Батырхан нағашым елге қайтып көшіп келді. Бір күні жұмыстан келсем анам ебіл-дебіл жылап отыр. Шошып кеттім, тез күйеуің машинасын қыздырсын, бауырым көшіп келіпті, дейді. Анар-ау, сондағы екі ересек адамның жылап көріскені, күні бүгін көз алдымда. Жүйе-жүйелері босап, бір-бірінен хабар ала-алмай, қуғынның неше атасын көрген екі бауыр солықтарын біраз баса алмады ғой. Сай-сүйегің сырқырайды, бастарынан дәурені ұшса да кісілік қалыптарынан танбаған қайран анам, қайран нағашым. Үйге келгесін, күйеуім отырып апа, сіз айтатын Батырхан аға осы кісі ме, барып айтсаңызшы, анау көмілген дүниені өкіметке өткізсек, соның 25 пайызы бәрімізге молынан жетеді, деген соң нағашыма бардық. Анам ақырын сөйлейтін, асықпай бабымен Батырхан-ау, мына балам сол дүниені қажетке жаратсақ қайтеді дейді дегенінде нағашым, қос қолын бірдей көтеріп апа, атамаңыз, ол қайырсыз дүние, ертеңгі күннен үміттіміз ғой, одан бүлдіргі алып оңбаймыз, қозғамаңыз, деді. Төке қалай Төке болған немесе батаның қасиеті – Әй, Шақшақтың қызы (маған айтады) менің нағашы атам ғана керемет деп жүрме, өз атам Төке де осал болмаған. Бері қара, дұрыстап тыңдап ал, – дейді апа. – Менің Төке атамның Төке болғаны батаның арқасы. Төкенің әкесі Баймырза 13-ке келген жылы жаугершілікте Төкенің ағасы қалмақтың бір батырын түйреп өлтіріпті. Қалың қалмақ жиылып, кек алмаққа жер қайысқан қолмен Торғай топырағын тапап кетердей төніп, алдымен жекпе-жекке шақырады. Сонда 13 жастағы Баймырза сенің екі балаң жетім қалады ғой, мен шығайын, батаңды бер деп ағасына қиылып тұрып алады. Әлі кішкентайсың дегенге болмай, сауытты киіп, қалмаққа қарай аттанайын дегенде, арғын-қыпшақтың батагөй ақсақалдары батасын беріпті. Сонда Баймырза ортаға шыға келгенде қалмақтың ең үлкен ақсақалы қойыңдар, қан төкпеңдер, ана қазақтың қаршадай ұлының екі иығында аузынан от жалындаған қос жолбарыс отыр. Текке қантөгіс болмасын, келісімге келейік, дегенде тоқтамапты. Жасы үлкен қалмақ батыры кезекті бірінші алып, көздегенде Баймырзаға оқ дарымайды. Содан Баймырза жеңіп, қалмақтар райынан қайтып, мойындайды. Сол Баймырза батырдың сауын екі-ақ тор шолақ биесі бар екен, бірақ үйіне қанша адам келсе де қымызы таусылмайтын көрінеді. Содан сендердің Мұса аталарың Баймырзаны сынамаққа қасына 50 адам ертіп оның үйіне түседі. Қымыз тасып жүрген кісі 50 адамға бір қотарғанда саба сарқылып, қылжиып қалады. Баймырза тағы қымыз әкел дегенде тасып жүрген жігіт, мына шал не дейді, жаңа ғана сарқып әкелдім емес пе деп сабаның қасына келсе саба тік тұрып, аузынан көбігі ағып тұр дейді. Пісіп-пісіп алып келеді. Не керек, Мұсаның 50 адамы тегіс қымызға қанады. Сонда сенің атаң тұрып, болмайды екен, бұған Қыдыр дарыған, бақ қонған екен, сенбей келіп едім, менікі бекер екен депті. Содан әлгі қымыз тасыған жігіт бұл сабаның не құдіреті бар деп ішіне үңілмей ме, сонда бір көзі ағып түсіпті. Содан сол кісі соқыр Садық атанып кетіпті. Енді жоғарыда Оспан қожа айтқан Баймырза батыр атам 88-ге келіп, уақыты таянғанда ел-жұрты келіп жылап бойыңдағы қасиетіңді, артыңдағы бізді кімге қалдырасың, батаңды кімге бересің, дегенде жылап отырып, Сүттібайдан туған ана жабағының арасында жатқан жаманды әкеліңдер, деп тыраңдап жатқан Төкеге батасын беріп, халқымды саған тапсырдым депті. Оу, мынау кішкентай емес пе, дегендерге, реті осы болды, 17 жылдан кейін бәріңді жиып осы ел етеді, оған дейін берекелерің болмайды, депті. Төке 17-ге келгенше Сүттібай әкесінен 9 рет енші алыпты. Бірақ, алған малды сол заматта таратып жібереді. Содан 9-шы рет барғанында әкесі бұлай болмайды, сен осы малдың бірін сойып, бата ал. Әйтпесе, жұрт болмайсың депті. Оны ескерер Төке бар ма, тағы таратады. Сонда бір жанашыр туысы, досы, соңғы қалған қойды ұстап тұрып, қой, сен осы малды сойып бата ал дейді. Ә, сол бар екен ғой, сен мына малды соя бер, мен жолға шығайын, қазір алдымнан кім жолықса содан бата сұраймын деп шауып кетеді. Қара жолдың үстіне шықса, үш аттылы келе жатыр екен. Ол уақытта бата тілеуші жол үстіне тізесін бүгіп, қолын жайып отырады. Шалмен бірге келе жатқан екі жігіт, кіп-кішкентай қара баланың үлкеннің жолын кес-кестеп, рұқсатсыз отырып алғанын жаратпай, қамшысын үйіріп, шық былай, неге жолды бөгейсің демей ме. Сонда шал тоқтатып, үйің қайда, баста деп Төкемен еріп оның ауылына келеді. «Жалаңаш бағың басыңнан кетпесін, халқыңның қалаулысы, еліңнің елеулісі бол, дастарқаның жиылмасын», деп бата береді. Бұл бата берген торғайлық 7-ші ауылдық, заманында би болған Шарабастың Құлжабайы. Дуалы ауыз кісі екен. Сол бата алған соң 2-3 күн өткенде Бірімжан бүкіл елді жиып жатыр. Бір арғынның, бір қыпшақтың екі қызы далаға тезек теруге шыққанда шөмекейдің Шөже атты батыры масқаралап, сол қыздардан елдеріңде Шөже батырдан кек алатын ұл туған жоқ, деп хабар айтыпты. Қыздардың шешелері жылап, бүйірлерін таянып, дауыс қылып, сендердің аталарыңа келіп, Шөжені тірідей әкелдірсеңіздер Би-аға ауызына ұялмастан с... едім, ішім қанап барады деп зар жылайды. Содан менің нағашыларым, сендердің аталарың балағында биті бар деген жігіттерді түгел жинап ау, халқым, қалай сендердің ұйқыларың келеді, қалай тамақтарыңнан ас өтеді, ұл боп туған қайсың барсың қане, Шөжені тірідей байлап алдыма әкелсеңдер арманым болмас еді, депті дейді. Атағы жер жарған Шөжеге қарай беттеуге біреуі баспай, арғын-қыпшақ жер шұқып отырып қалады. Сонда шынашақтай Төке мен барамын, батаңызды беріңіз, дегенінде отырғандар, тегіс күліп, мына бейшараны ажал тартып тұрған шығар депті. Төкені қолдап Құлжан суырылып, мен барамын серік болып дегенде күлген халықты тоқтатқан Бірімжан атаң аруақ қолдаса, бата алса осы алып келеді, дейді. Сөйтіп бүкіл жиылған халық пен Бірімжан ата екеуіне бата береді енді не сұрайсың деген екен. Қалай әкелесің дейді. 12 құлаш арқан мен Құлжанға қоса тағы бір балуан жігіт қосыңыз, басқа ештеңе керегі жоқ, дейді менің атам. Келсе Шөже батыр шаң тиеді деп үйін жеке тігіп, оңаша ордасында жатыр екен. Ассалаумағалейкөм, деп кіріп келген жігітті менсінбей аяғын ұсынғанында Төке тұзақтап дайындап келген арқанды аяғына салып жіберіп, сырттағы 2 жігітке «тарт» дейді. Шөже оңай берісе ме, екі босағаны екі қолымен ұстап шықпауға әрекет жасағанда шаңырақ құлап ортасына түскенде, тақымы мықты Құлжан тартып кетеді. Үшінші жігіт, Төке-ау сені қайтіп тастаймыз, қыршын кетесің ғой, деп қайырыла бергенде, қатын болмасаң тарт, еш жерге тоқтамастан тура елге, елге деп айқай салыпты. Өзі атына жетіп қаша бергенде артынан Шөжені алып кетті деп хабар жеткен аттылы шөмекей тегіс шабады. Аруақ қолдаса, ештеңе түк емес, атам алға қараса сол елдің түйелері суға құлап келе жатыр екен. Төке атам шөмекейлерді алдап, оңға, солға екі жарылыңдар, қапталға алып қоршаңдар деп айқайлағанда, өз түйелері өздеріне әскер болып көрінген қуғыншы шамамыз келмейді, мынау топтың қарасы үлкен деп кейін қашыпты. Шөжені сол бойымен Бірімжан атаңның алдына әкелгенде, баяғы қатын ұялмастан келіп Шөженің аузына дәрет сындырыпты. Намыстан Шөже батыр өзін жарып жіберіпті. Төке осыдан кейін ел аузына ілігеді, ал өз әкем Қамбар да осал болмаған, ол бір ауыз сөзімен ел құрметіне бөленген. Қалай дейсің ғой? Оны да айтайын. Нағашым саған айтпасам жиен ел болмайды дерсің деп күлген апа әңгімесін әрі жалғады. 1917 жылы біздің ел Алаш, бәлшебек болып екі жарылды емес пе, сонда 16 адамды қамап мыңбасы Хакімбек Төкинді таба алмайды. Алмасов Омар Алаштың комиссары Хакімбекті тауып берген адамға бір үйір жылқы беремін дегенде баяғы Шөжеге аттанғанда серік болған аталас туысы Құлжанның баласы Шайхы ұстап береді. Хакімбекті әкеліп 17-ші етіп түрмеге кіргізіп жібергенде Тынымның Омары өз бармаған қыршып алыпты. Әттеген-ай, енді тегіс өлдік қой деп, сонда бармақ жерде шоршып жатыпты. Бәлшебек жеңіп, баяғы ұстап берген Шайхыны алып келіп, арғын, қыпшақ жиналып, Қамбардан енді бұған не істейсің, кегіңді ал, кесімін өзің айт дегенде әкем біршама уақыт үнсіз төмен қарап отырып қалып, артынан басын көтеріп халыққа қарап, бұл кісіге аға керек болмағасын ұстап берген шығар, ал маған аға керек, дегенінде жиналған халық «аруақ, аруақ» деп тегіс жылапты. Соның ертеңіне менің әкем Қамбар, Төкенің Қамбары атанып, өле-өлгенше құрметпен өтті. Қол жетпес қыз – Қазима Анам бала болып, жер басып жүгіріп ойнамапты. Мектепке күймемен алып барып, алып келеді екен. Сонда күйменің ішінде отырып шымылдығынан сығалап, далаға қарап, жалаңаяқ шауып жүрген балаларға қатты қызығатынмын. Бар асылды бойыма тағып, болыскей (польский Торғай қазақтары ертеде Варшавадан алдырған заттарды солай атаған) керуетте жатып, күтушілер ас әкеліп, тамағымды беріп, киімімді кигізетін дейтін қайран апам. Кейін қандай қымбат таптырмайтын мата ғой деп алып келсем де, ұстап көріп, «нашар ғой» дейтін менің анам. Кейуананың айтар әңгімесі таусылар емес. 15 жасында өжеттігінің арқасында құрбысын зорлыққа бермей аман алып қалғаны, қарша­дай болып, соғыс уақытында Орқаш көлінен алын­ған тұзға айырбасталған 6 қап астықты Шұбалаңға жеткізгені, Құлжан-Төкенің әңгіме­­лері дейсіз бе, Аққошқар Сайдалы бидің аталарымен достығы жайлы айтқан есті сөздерін тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді... Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы.