• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Әдебиет 07 Желтоқсан, 2024

Жәңгір хан және Махамбеттің өлеңі

180 рет
көрсетілді

XIX ғасырда өмір сүрген ақын Махамбет Өтемісұлының Жәңгір ханға «Хан емессің, қасқырсың» деп басталатын екі шумақ өлеңіне жаңа ой қажет. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері хандар туралы, соның арасында Жәңгір Бөкейұлын тануға арналған зерттеулер, танытуға лайық мақалалар мен драмалық шығарма жарық көрді.

Тарихшы ғалымдардың «Қазақ хан­дығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құл­дырауы» атты ең­бегінде: «Бөкей Ордасы тарихында Жәңгір ханның билік еткен кезеңі не­ғұрлым елеулі із қалдырды. Жәңгір хан өз заманының асқан білімді, озық ойлы реформаторы болды», деп жазыл­ған. Мұны мойындаудың өзі – еліміздің тәуелсіздік алуымен қол жеткен жетістік. Кеңес заманында хандар туралы жақ­сы сөз айтқызбайтын. Мойындасаң да, мойындамасаң да, әр дәуірдің кигі­зер өз кепеші бар-ау. Санаңа әбден шегелеп тастаған соң, басқаша ойлауға мұрша да болмады. Айта алатындар «халық жауы» атанып, атылып кеткен. Бірақ әр дәуірдің Әлиханы, Ахметі, Міржақып пен Халелі, аз болса да, олармен үзеңгілес мықты аға буын болды. Әр заманның «сұрқылтайлары» да бар. Сұрқылтай тек хан сарайын­да ғана болмайды. Заманның желі қа­лай соқса, соны әндететін пенделер кез­деспей қоймай­ды. Осындай өмір тол­қындарында Махам­бет Жәңгірге «хан емес­сің, қасқырсың» ­деп айтты деген екі шу­мақ санаға сіңіріл­ді. Енді тәуелсіз ел­дің азаматы ретінде ойлан­сақ, 1836–1838 жылдардағы көтері­ліс кезінде шық­қан өлеңдерден басқа ханға дәл осылай айтудың мәнін ашатын жағдай, негіз бар ма? Жәңгір хан ұрыс кезінде Махамбет екеуі беттескен деуге келмейді. Сондықтан осы екі шумақтың өзіне жаңа көзқарас керек.

Біздің зерттеудің нәтижесі бойынша, «Хан емессің, қасқырсың» деген өлең Махамбеттің төл туындысы емес. Дәлел ретінде 1908 жылғы «Мұрат ақынның Ғұмар Қазиұғылына айтқаны», 1910 жылғы «Шайыр, яки қазақ ақындары­ның басты жырларында» және Ығыл­ман Шөрекұлы айтуынан жазып алып, 1925 жылы Халел Досмұхамедұлы жа­риялаған Махамбет шығармалары­ның арасында «Хан емессің, қасқырсың» жоқ. Бұл басылымдарға кеңестік идео­ло­гия­ның салқыны тимеген. Халел Дос­мұхамедұлының өзі 1925 жылы Ығыл­ман Шөрековпен кездескенінде, ауыл ақсақалдарының талқысына салған. Сондай-ақ Халел Досмұхамедұлы Қазақ­станның батыс аймағын аз араламаған. Демек ол жарыққа шығарған жинақта Махамбет ақынның өлеңдері мен тол­ғаулары әбден талқыдан өткен.

«Ханың жаман» дегенді санасына әбден сіңіріп тастаған заманда оның жақсылығын айтудың өзі қауіпті еді. Ханның жақсылығы да бар еді дегенді айту қылмыспен тең болған. Ал біз жаңа көзқарас қажет деп отырған өлең сол заманда пайда болды. Оның үстіне Ма­хамбеттің өлеңі деген қолжазба да жоқ.

Міне, қараңыз, 2001 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Махамбет» атты жинақта осы өлеңге қатысты тү­сі­нікте: «1962, 1985 жылғы басылымдар бойын­ша. Бұл өлең ақынның 1939 жыл­ғы жинағына енген. Одан бері жария­ланып келеді. Өлеңді Қажым Жұмалиев 1938 жылы Батыс Қазақстан облысы­ның Казталовка ауданында тұратын әдеби мұраларды жинаушы Мұрат Хұсниев­тен жазып алған», делінген.

Ендеше, 1939 жылғы басылымнан бері жарияланып келеді деп, тек соған арқа сүйеу ғылыми тәсіл емес. Ғылымда алғашқы басылымдар маңызды. 1908 және 1910 жылғы басылымдар уақыт жағынан бірінші болғанынан ғана емес, кеңестік биліктің идеологиялық сойылы тимеген заманның таза өнімдері еді. Ал кеңестік биліктің алғашқы кезеңін­де кітап шығарып үлгерген Халел Досмұ­хамедұлы жазықсыз «халық жауы» атанды. Әсіре белсенділер ол жариялаған шығармалардан ұлтшылдық көргісі келді. Қазақтың ақыл-ойы болған ар­дақты тұлғалар теріс саясаттың құрбаны болғаннан соң, халықтың Махамбет Жәңгір ханға солай айтты дегенді шығар­масқа амалы да қалмағандай.

Екіншіден, ғылыми орталықтардағы қолжазба қорымен жақсы таныс маман­дар кейбір жағдайларда адам факторының болатынын біледі.

Қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі – ауыз әдебиеті, бір жағынан, мақтаныш сияқты көрінгенімен, таразының екінші басы бар. Ол ауызша таралды дегеннің біразына бөтеннің қол сұғуына, араласуына да жол ашты. Бұл тек көп нұс­қалықты тудырып қана қойған жоқ, атақты ақындардың атынан өз «шығар­маларын» да телуіне мүмкін берді. Айтыстарды жинап жүр­ген кезім­нен Алматыдағы Орталық ғылы­ми кітапхананың қолжазба қорынан бір сұрғылт тартқан көк дәптердің артқы мұқабасына жазылған ақпарат есімде қалды. Тек, әттең, сол кезде екі ақынның айтысын іздеу мақсат болғандықтан, бұл «айтыстың» дерегін жазып алмағаны­ма әлі өкінемін. «Айтыстың» дегенді тырнақшаға алуымның мәні жоқ емес. Сол дәптердегі ақпаратта: «Бұл екеуі – менің құрдастарым, солардың атынан мен осылай айтыс түрінде шығардым», – делінген. Бұл «айтыстың» «ақындары» бірі – әйел, бірі – еркек. Дәптерге жаз­ған адам құрдастары атынан өзі шығар­ған болып шықты.

1958 жылы Қажым Жұмалиевтің «Қа­зақ эпосы мен әдебиет тарихының мәсе­ле­лері» атты еңбегінде: «Ақын жырларын мазмұнына қарап, үш топқа бөлуге болады. Бipiншici – Ордада жүргендегі өлеңдері. Олар сан жағынан өте аз. Бұл ақынның Орда маңындағы дәуренi ұзақ созылмағанын байқатады. Бұл кезеңдегі өлеңдерінен «Арғымақ, сенi сақтады», «Орай да борай қар жауса», «Хан емессің, қасқырсың», «Он екi төбет, шұнақ құл», «Есiл ердi» атауға болады», дегенінде хан ордасында жүрген өлеңдері аз екеніне назар аударамыз.

Махамбет Хан ордасында қанша уақыт болды? «Не болса да, Махамбет 1834 жылы елге келгеннен кейін Зұлқар­найынға ерiп, Орынборға қайта қоймаған сияқты. Ол 1835 жылдың шамасында Ордадан кеткен түрі бар», – деп жазды Әбіш Кекілбайұлы «Шандоз» зерттеуінің 222-бетінде.

Махамбет Өтемісұлының акаде­мия­­лық жинағын 2003 жылы жарыққа шы­ғарған Асқар Егеубаев түзген жылнама бойынша, ақынның Орынборда оқуда жүрген Жәңгір ханның баласы Зұлқарнайынның қасында кетеші бол­ған уақыты – 1824–1828 жылдар.

Ал Әбіш Кекілбайұлы мен Әнес Сарайдың зерттеуінде ақынның хан ба­ласының қасында болуы 1831–1834 (1835) жылдарға сәйкес келеді. Мұны нақ­ты­лау маңызды. Себебі ақынның сөз болып отырған өлеңі Хан ордасында жүр­ген кезінде айтылған деген түсінік орны­ғып қалды.

Қажым Жұмалиевтің ақын шығар­мал­арын кезеңдерге бөлуін Әбіш Кекіл­­байұлы да басшылыққа алғаны бай­қа­лады. Бірақ тағы да әлі ойланатын жағдай бар.

Махамбеттің 1829–1831 жылдары Калмыков абақтысына түсуіне Жәңгір ханның қатысы жоқ. Бұл жағдайдың орын алу себебін В.Ф.Шахматовтың кіта­бына сүйене отырып, Әбіш Кекіл­байұлы Хиуадан келе жатқан жолында болған оқиғамен байланыстырады. Ал абақтыда оба ауруы шығып, Махамбет қаш­қанда, оның ақталуына пәрмен бер­генін әскери граф П.Сухтелен екенін де В.Ф.Шахматовтың дерегіне сүйеніп жазған.

Қош делік. Сол кездегі халықпен салыстырғанда, Махамбеттің орысша да, мұсылманшылық білімі артық екенін білген хан қасына тартқысы келеді. Со­лайша Махамбет Зұлқарнайынның қа­сында болу мүмкіндігін түсіндіреді.

Ханзаданың оқуға барған уақыты ­1833 жыл, ханның таққа отыруы 1824 жыл ­екені тарихи фактілер, сонда бір аймақта ­өмір сүрген хан ақынды түрмеден шыққанға дейін білмеген бе? Бір аймақта тұратын адамдар үшін бұл уақыт тым көп сияқты. Махамбет нақты қай жылдан бастап Хан ордасында болды деген сұрақты әлі нақтылау керек. Махамбет­тің Жәңгірге «Хан емессің, қасқыр­сың» дегенді айтуын, әйтеуір ханның ордасында жүрген кезі деу әлі аздық етеді. Махамбеттің хан көзінде «оңбаған» бо­лып көрінуі – Исатайдың жағына шығып, өзі­не қарсы топқа қосылуы. Хан Махам­бет­ті Исатайдан бөліп алғысы келген, бұл мүмкін болмаған соң, Исатайды ажыратып алуға әрекет еткен. Жәңгір, қалай болса да, бірі – басшы, бірі қосшы болып жүрген байланыс шынжырын үзгісі келгені байқалады.

Әбіш Кекілбайұлы «Шандоздың» 305-бетінде Махамбеттің Баймағам­бет­ке айтқан сөздерін жеңілістері үшін ыза­ланып айтқанын түсінуге болады десін, ­ал «Хан емессің, қасқырсың» дегенді неге ­айтты деп, өзі де сұрақ қойған. Бұл сұраққа жауап ретінде «Он екі төбет, шұнақ хан» өлеңін ұсынады. Бұл екі өлеңді ақынның Хан ордадан кетердегі сөздері ретінде қабылдайды. Сонда да алдыңғы өлеңнің шығуына нақты жағ­дай қайда? Оның үстіне «Он екі төбет, шұнақ хан» өлеңі де 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне алғаш жарияланға­ны­на назар аудару керек. Демек «Хан емес­сің, қасқырсың» өлеңінің шығу жағдайы ­әлі нақтыланған жоқ деуге болады.

Қ.Жұмалиев 1948 жылы жарық көр­ген «Махамбет» кітабында осы өлеңге екі жерде түсінік жазған. Бірі кітап­тың 27-бетінде: «Хан сарайының жаршы­сы етуге жанталасып, Жәңгір Махам­бет­ті қалайда, өз жағына тартуға әрекет жасап, әлек болып жүргенде, ақын оған...» деп жазыпты. Сонда хан Махамбетті өзінің қасына тартқысы келгенінде, ақын­ның «қасқырсың», «шаянсың», т.б. сөздер ­айтуы қисынға келе ме?

Ал осы кітаптың 86-бетіндегі түсінікте: «Бұл өлең Махамбеттің хан ордасында болған кезінде шығарылған. Бір топта Жәңгір Махамбетке: «Мен қандай ханмын?», дейді. Ханның елге жасаған жауыздығына шақ шыдап жүрген Махамбет тізесін бүкпестен, осы өлеңді айтып салады», деп жазған. Шынына қалғанда, билеушінің қатардағы адамнан: «Мен қандаймын?», деп сұрап, жауап алуы фольклорда ғана шығар. Мы­салы, Шерниязға Баймағамбеттің әуелі мақ­татып, сосын «Енді жаманда» деп, өзін, әйелін, қызын сынататыны еске түседі. Бұл халықтың өкілін идеали­зациялаудың бір тәсілі болса керек.

Әбіш Кекілбайұлы да, Әнес Сарай да Қажым Жұмалиевтің 1948 жылы жарық көрген «Махамбет» кітабын білмеді деуге болмайды. Бірақ Қажым Жұмалиевтің «Хан емессің, қасқырсың» деп басталатын өлеңнің шығу тарихын түсіндіруіне тоқталмаған.

Әбіш Кекілбайұлының 1836–1838 жылдардағы көтеріліске байланысты оқиғаларды зерттегенде, Жәңгір ханмен ащыласу деген сөз қолданысы бар. Осы сөзді біз де ойласақ, Жәңгір мен Исатай­дың ащыласуы Торғын өзені бойында­ғы ханның таққа отыруының онжыл­дық салтанатындағы бәйгенің жүлдесіне байланысты қатты ушыққаны Ығылман Шөрековтің «Исатай–Махам­бет» жырынан белгілі. Жәңгір ханның Махамбетпен ащыласуының бір ұшы Исатаймен осы қастасуынан басталса, бұған дейін Хан ордасында жүрген ақын «қасқырсың», «шаянсың» дегенді қалай айтады? Хан баласының қасында ары кетсе, екі жыл болса, бұл 1834 жыл де­сек,­ көтеріліс 1836 жылы басталса, кетер­ жылы ай­­туына дәлел болуы керек емес пе?

Егер ханмен ащыласу Махамбетпен де болса, онда осындай сөздерді айтуына мүмкіндік болар еді. Дәл мұндай ащыласу байқалмайды.

«Өтемістің де, Махамбеттің де жеке бастарына ханның тырнағы қатты тиген ештеңесі жоқ еді. Біреуі Айшуақтың көрнекті билерінің бірі болды. Біреуі Жәңгірдің ордасында отырды» деп, «Шандоздың» 300-бетінде жазды. «Бірақ бәрібір, хан-сұлтандарға екеуінің де жұлдыздары қарсы болды» дегенмен ғылымы дамыған елде әр өлеңнің шы­ғуы, айтылған жағдайы дәлелмен түсінікті ­болуы керек.

Әбіш Кекілбайұлы «Шандозда» хан мен ақынның жүз шайысып қалуы­ның бip себебі – қыз деп болжам ұсын­ған. Махамбет Ұлтуғанды ханмен қаста­сып жүріп алған, яғни қыздарын хан-сұл­тандарға ұзатып дәндеген бай Манаптың ауылы ақынды өздеріне тең көрмеген.

Ал хан «Саған да билiк керек пе?» десе, бұл сөздің шығу себебін Әбіш Кекіл­байұлы ашып айтпаған. Тек «Ма­хам­­­бет ханның жүргізiп отырған сая­­саты жөнінде көңілге тиер сөз айтқан сияқ­ты» деумен шектелген, яғни «Хан емессің, қасқырсың» өлеңімен кесімді байланыстырмаған.

Әбіш Кекілбайұлы «Шандоз» кіта­бының 221-222-беттерінде А.Ф.Ряза­нов дерегіне сүйеніп, «1837 жылғы 13 жел­тоқсанда Орынбор губернаторына жаз­ған хатында: «(Исатайдың) ең жақын және ең бipiншi үзеңгілесi, осы ереуiлге ең бipiншi дем беруші Махамбет Өтемісов тәртібі нашар адам. Бip кезде Орынбор­да сәби ұлым Зұлқарнайдың қасында болғаны бар. Мен оны оңбағандығы­на бола, қуып жібердім», – деген сөзін келтіреді.

Губернатор уезд старшындығына бекiтпесе де, Махамбет рубасы старшын болады. Бұл пайымдаудан байқай­тынымыз, «Хан емессің, қасқырсың» деген сөздер туралы ой жоқ. Махамбеттің «жаман адам» болып көрінуі – Исатайға қосылып, халықтың жағына шыққаны.

Хан ордасында жүргенде, дәл осы өлеңдегі сөздерді айтса, 1834 жылы Жәңгір хан Махамбетті старшындық­қа ұсынбас еді. Уезд старшыны етіп бекіт­педі деп, Жәңгірге біз сөз етіп отыр­ған өлеңді бағыттауы да мүмкін емес. Старшындықты Әбіш Кекілбайұлы, «бәрібір, ханның жетістіріп, қарық қыл­мағаны» деп есептейді. Мүмкін, дегенмен хан мен Исатайдың ащыласуындай жағдай нақты әлі анықталған жоқ деп ойлаймыз.

Махамбет Нәдір ханның тұқымы болған соң, оның Жәңгір ханға қалай айтса да, рухы жетеді десек те, дәл сондай сөз айтуға нақты себеп болатын жағдай керек. Ал ол жағдай не екенін ешкім дөп басып айтқан жоқ.

Енді әдебиет айдынын шолып көрсек, Марғасқа жыраудың мына толғауы белгілі екенін ойлауымыз керек.

XVII ғасырда өмip сүрген Марғасқа жырау:

«Ей, Қатағанның хан Тұрсын,

Кiм арамды ант ұрсын,

Жазықсыз елді еңipeтiп,

Жер тәңірісіп жатырсың.

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың.

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалы жеткен пақырсың».

Демек «Хан емессің, қасқырсың» деген қаңқа сөздің Махамбетке телінудің жолын фольклордағы көшпелі сюжеттер болатын жағдайымен қабылдауға болады. Махамбетке телінетін:

«Хан емессің, қасқырсың,

Хас албасты басқырсың.

Достарың келiп табалап,

Дұшпаның сенi басқа ұрсын

Хан емессің, ылаңсың,

Қара шұбар жылансың.

Хан емессің аярсың,

Айыр құйрық шаянсың»,–

деген өлеңнің құрылысы, ұйқас құрау­дың тәсілінде еліктеушілік байқалады. Бұл кейінгі заман ақынының өз «шығар­машылығы» деуге келеді.

Себебі аңызды тарихи құжат ретін­де қабылдау дұрыс болмайтыны сияқ­ты, ауызша жиналған өлеңдерге де сыни оймен қарауымыз керек. Ғылы­ми дәйек жоқ, фольклорда көшпелі сюжеттер болатынын білгендіктен, Махамбет Өтемісұлының бұл өлеңі­не жаңа көзқарас керек деген тұжырым ұсынамыз. Ақынның өзінен немесе сол кездегі замандастарынан, көз­көр­гендерден қалған қолжазба жоқ бол­ғандықтан, кеңес кезінде «жиналған» өлең бойынша біржақты кесім айту дұрыс болмайды.

Қазақ даласында алғашқы мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин деп жазатындар әлі бар. Білім ордасы дегенді білгенімізге небәрі 120 жыл ғана ма? Шынына қалғанда, Жәңгір ханның училищесі деп аталатын алғашқы мектеп 1841 жылы 6 желтоқсанда Хан ордасында қолдануға берілгенде, Ыбы­рай Алтынсарин өмірге енді келген еді. Осы­ны ескермейтіндер бар.

Жәңгір ханның мектебі туралы ­ауыз­­­ша айтылғанға сенбесек, «Исто­рия Букеев­ского ханства. 1801–1852 гг.» құ­жат­тар жинағында екі ақпаратты кө­­руге болады: бірі – 1842 жылы Хан став­­­­касындағы училищеге мұғалім етіп Сад­риддин Аминов­ты алу туралы және 1845 жылғы қарашаның 13-і күні Жә­ңгір учи­лищесіне қатысты айтылған.

Темірболат Мақымов пен Өтебай Құспанов 2000 жылы Орал қаласынан «Жәңгір мектебі – білім бастауы» атты кітап шығарды, көзге жұқалау көрін­генімен, салмағы зор. Мұнда «Қазақ балалары үшін арнайы ашылған ал­ғаш­қы мемлекеттік мектептер» тарауында II Екатерина 1789 жылдың ­28 ақпанындағы шешімімен Орын­бор қаласының Айырбас ауласы мешіті жа­нынан ашылған мектеп болғанын, 1808 жылы барлығы 12 қазақ баласы оқығанын, ке­йін оның жабылғаны туралы ақпарат бер­ген. Орынбор өлкесінде қазақ балалары­на оқуға рұқсат етілген бірінші оқу орны – 1825 жылы ашылған Неплюев кадет корпусы болғанын да жазды. Ал Жәңгір Қазақстан жерінде бірін­ші мектепті 1841 жылы ашқанын, осыдан 9 жылдан кейін 1850 жылы Орын­борда Шекаралық комиссия жанынан екінші қазақ мектебі ашылғанын жазды.

Жәңгір училищесі деп аталған мектепте ислам діні оқуынан басқа негізгі пәндер: орыс тілі, арифметика, география, Ресей тарихының қысқаша курсы, арнайы курс ретінде шешекке қарсы егу ережелері, кітап түптеу, жер өлшеу бойынша білім берді. Сонау жылдар­дан тамыр тартқан тарихы бар мектеп әр жылдары түрлі атаумен жаңғырса да, халыққа білім беруін тоқтатқан жоқ. 1920 жылы 4 кластық қалалық училище негізінде Бөкей халық ағарту институты болып қайта құрылды. Бүгінде Ордада Жәңгір салған училище 1999 жылғы 9 желтоқсаннан бастап Жәңгірхан атындағы орта мектеп деп аталады.

Қорыта айтқанда, «Хан емессің, қас­қырсың», мүмкін, тіпті «Он екі төбет, шұнақ хан» өлеңі де кеңестік саясат­тың ықпалымен адам факторы дейтін түсінікпен қабылдануы керек деп ойлаймыз.

 

Риза Әлмұхан,

Қазақ ұлттық өнер университетінің аға ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы

 

Астана