Кейбір ата-ана дегдар баланы тәрбиелеу ғажайып бір әдістемелер немесе ерекше әдіс-тәсілдер арқылы болады деп ойлайды екен. Шынтуайтында, олай емес. Бәрі де қарапайым нәрседен басталады.
Мұхтар Әуезов «Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Өмірі мен творчествосы» атты зерттеу мақаласында және ақынның 100 жылдық мерейтойына арналған «Абайдың өмірі мен еңбегі» деп аталар баяндамасында ойшылдың парасатына, әлеуметтік істері мен ақындығына ықпал еткен «үш арна» туралы жазады (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы». 2014 ж. 44-том: Баяндамалар, пікірлер, сөздер, лекциялар, зерттеулер. 1950–1960 ж.ж., 320 бет. 14-бет; 27-том, 117-бет).
Ұлттық құндылық
Кез келген ғұмыр бәйгесінде жауырынымызды жерге тигізбес асыл бөгенайымыз, тағдырберді жаратылыстық ортамызбен үйлесім табуымыз, дүние дидарын тануымыздың алғашқы баспалдағы ұлттық құндылықта жатыр.
Әуезов бұл туралы «Халықтың өзі жасаған, ауыздан-ауызға тараған, баспа жүзінде сақталып келген қазақтың бағзы замандағы халық мәдениетінің бай мұрасы» дей отырып, Абай ұлттың осы «асыл қазынасын толық пайдаланғанын» және «жаңа түр енгізіп, жаңа бағыт беріп» болмысын, ақыл-ойын, шығармашылық мүмкіндігін байытқанын айтады. Әуелгі арна ретінде атай отырып, бала Абайға зор әсер еткен «асыл қазынаға» теңейді (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы». 2014 ж. 27-том: Мақалалар, зерттеулер, пьеса. 1943–1946. – 448 бет. 117-б).
Бүгінде замандастар арасында ұлттық құндылық десе, ұлттық киім киіп жүру деп ұғатын түсінік бар. Алайда үстінде шапаны, басында тақиясы бар кісі қазақ бола қалмайды. Тіпті қазақша сарнап тұрса да. Себебі мәдениетін, мінезін, тарихын танымай, ойлау формасын түсінбей, болмысын сіңірмей, танымынан хабардар болмай толыққанды қазақ болу қиын. Бұл – кез келген ұлтқа, мәдениетке қатысты айтуға болатын шындық.
Келесі екі «қайнар бұлақ» осы ұлттық құндылықтарға түр беріп, жаңа бағыт нұсқап, дамытатын, шырайын ашатын құндылықтарды алуға септігін тигізеді. Енді соларға тоқталайық.
Шығыс мәдениеті
Көп адам Шығыс десе мұсылман әлемі деп ойлайды. Шынтуайтында, олай емес. Шығыс мәдениетінде мұсылманшылықтың көп үлес алатыны шындық болса да, бұл ұғым «мұсылман» ұғымынан кең категория. Мұхтар Әуезов Абайдың діни көзқарасы жайында сөз қозғағанда «Дін жөнінде жазған өлеңдерінде де ақын соқыр сезімге берілмейді. Абай – дін мәселесінде рационалист. Ол Құдайды барша халық таныды деп танымайды, өз ақылына, өз миына салып тануды көздейді» дейді. Бүгінде қоғамда тағдыршыл, ақыретшіл, әсірешариғатшыл кейіпте дін ұстануға сын көзімен қарайтын адамның көп екені белгілі. Мұндай орынды сын Абайда да, Шәкәрімде де, Әлиханда да болған. Яғни бізге дейін де болған, бізден кейін де болуы керек заңды үрдіс. Біздің даланың сыни ойлау жүйесі, адами құндылықтары тар өрісті емес екенінің тарихи тәжірибесі. Ол сақталуға тиіс. Дәл қазір қазақ қоғамында ұлттың бұл тарихи тәжірибесі жаңғырып жатыр. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ақыт және Алаш зиялыларының сөздік қорында, таяз ойлы, ішін сұлулағанның орнына сыртын сәндеген адамдарға қарата қолданатын «сыртымен сопысыну» деген атау болған. Қалай болғанда да, біз Шығыс мәдениетінің ішіндеміз. Сол үшін де мұсылманшылықты көлденең көк аттыны тыңдап, дүрмекке ермей, әрбір ақпаратты сынмен, жүрек сүзгісі, ақыл дүрбісімен қабылдап, жан-жақты біліммен, сергек санамен ұстанған абзал.
Аталған арна барша Шығыс халықтарының бай мәдени, тарихи, әдеби мұрасымен қатар, олардың адамдық болмысындағы озық өнегелерді қамтуға тиіс. Тілдес, бауырлас, діндес халықтармен бірге, жапондардың ғылым сүйгіштігі, корейдің биязы мінезі, қытайдың еңбекқорлығы ХІХ ғасырдағы кез келген адамға артық етпес. Бала тәрбиесінде де осыны ескерген ата-ана сан соғады деп ойламаймын.
Батыс мәдениеті
Баланың жан дүниесін байытатын келесі арна осы. Мұхтар Әуезов мұны Абай өмірімен байланыстырып, сол кездің саяси ыңғайына жығыла отырып «орыс мәдениеті, Еуропа мәдениеті» дегенімен, Батыс мәдениеті бұлармен ғана шектелмейді. Онда Шығыстан өңге халықтардың барлығы бар. Ақыл-ой таласы қиян-кескі жүріп жатқан мына заманда баламыздың бәсі биік болуы үшін кез келген халықтың, әсіресе ойы өркендеп, парасаты биіктеп, технологиясы дәурендеп тұрған елдердің жақсы жақтарын алу неге жаман болсын?
Біз әлемдік құндылықтармен қазір санаспасақ, ертең кеш болары сөзсіз. Бұл өмір салты, тұрмыс дағдысы, адамдық келбет, кісілік өлшем, ұстаным сияқты өмірге әр беретін кез келген құндылыққа қатысты. Осының ішінде өте-мөте іскерлік, ғылым-техника саласында Батыстан алатынымыз аз емес.
Абайды Абай қылған бұл арналар біздің баламызды адам қылмауы мүмкін емес. Әуелі ата-аналардың өзі сіңіріп, құрығанда құлағы түрік – хабардар жүріп, болмаса сырттай біліп, талаптанып, баласын білетін кісілердің алдына беріп, ізденіс жасаса, «кімнің баласы?» дегенде ұялмайтын бала болатынына сенім мол.
Бірақ соңғы екеуі алдыңғы біріншісіз балаға сіңірілгені дұрыс емес. Қазақты, қасиетті топырағымыз бен елдігімізді, ұлттық мүмкіндігімізді менсінбейтін, қадір-қасиетімен санаспайтын, құндылық деп есептемейтін, көкірегімен там соққан рухани алкеуде болады. Ал мұндайлардың қолына билік пен байлық тимесін деңіз. Сол үшін Шығыс пен Батыс мәдениетін игеруде балада ұлттық сүзгінің болуы өте маңызды.
Бірде шетел көріп келген бір жігіт кивиді қабығымен жеп отырғанын байқаған достары күлісіп, қылжаққа айналдырып, себебін сұраса, «Мен барған елде кивиді қабығымен жейді екен» деп уәж айтқан ғой. Әпенділіктің шегі болушы ма еді? Шетелдің жақсы жақтарын үйрену дегенді «кивиді қабығымен жеу» деп түсінетін таным бала тәрбиесіне қасірет әкелуі мүмкін. Өйткені объекті – жеміс емес, жаны күрделі, өмірі жауапкершілікке толы адам тағдыры. Мұндайда Көкбай Жанатайұлы естелігінде жазатын Абайдың нені оқыса да, жүрек сүзгісінен, көңіл таразысынан өткізбей қабыл алмайтын сергек мінезі керек.
Оразбек Сапарханұлы
журналист, психолог