Шахталары мен кен байыту фабрикасы Хромтау ауданының Көктау елді мекенінде орналасқан Ақтөбе мыс компаниясында вахталық әдіспен 2500-ге жуық адам еңбек етеді. Еңбеккерлердің көпшілігі – Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындары.
Мыс өндірісінің бас кен байытушысы Айнұр Жұмағұлқызы Бижанова жақында өндірісте цифрлық басқару дағдыларын енгізудегі жаңашылдығы, қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін көтерудегі ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігі жоғары бағаланып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қырық жастағы кен байытушының еңбек өтілі – 16 жыл. Ол Ақтөбе қаласындағы №30 қазақ орта мектебін бітірген соң, Ресейдегі ең танымал техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеу болат және қорытпалар институтына түсіп, оны үздік аяқтап, 2008 жылы Ақтөбе мыс компаниясына флотатор болып орналасты. Жер астынан алынған кен ұсақталып, сұрыпталып, қажетті мөлшерде ұнтаққа айналады. Бөлшектердің минералдардан бөлінуін жеңілдететін жұмысты флотатор басқарады. Ол кеннен пайдалы қазбаларды айыратын жабдықтарды іске қосып, ондағы қысым, температура, реагенттер мөлшері, көбіктің биіктігін анықтайды. Сондықтан да түсті металдар өндірісінде химиялық заттармен жұмыс істейтін флотатор қызметі ерекше жауапкершілікті қажет етеді. Маман химиялық реагенттердің мөлшерін дұрыс таңдай білумен қатар, олардың қоспадағы мөлшерін дәл теңдестіруге де жауапты. Екінші жағынан, кен айыратын техникалық жабдықтарды басқаратын болған соң, өндірістегі қауіпсіздік ережелерін де қатаң сақтауға міндетті.
24 жасында жаңадан ашылған компаниядағы аса қиын жұмыстың тізгінін қолға алған Айнұр қара жұмыстан қаймықпай, табандылықпен еңбек етті. Бір қарағанда қыз балаға алыстағы кеніште бес күндік вахталық жұмыспен қатынап істеу, фабрикадағы шаң-тозаңды жұту оңай емес. Соған қарамастан, таңдаған мамандығына деген құрметі Айнұрды өндірістегі қиындықтарды жеңе білуге үйретті. Бірер жылдан соң, осы компанияның №2 кен байыту фабрикасына технолог, одан бас технолог болып ауысты. Түсті металдар өндірісіндегі жауапты жұмыс тізгініндегі жас маманға басқа компаниялардан да ұсыныс түсе бастады.
Айнұр Жұмағұлқызы 2015 жылы еліміздегі ірі тау-кен компанияларының бірі – «Kaz Minerals PLC» корпорациясының құрамына кіретін «ҚазМинералс Боршакөл» компаниясына ауысты. Боршакөл кен орны – Павлодар облысының Ақсу қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан еліміздегі ірі мыс кен орындарының бірі. Бұл жерде мыс өндіру 2016 жылы басталды. 2020 жылы ол «ERG» компаниясына ауысып, үш жылдан соң қайтадан Ақтөбе мыс компаниясына бас кен байытушы болып келді.
Айнұр қазір тұрмыста, екі баласы бар. Ері де осы компанияның кен байыту фабрикасында еңбек етеді. Бес күндік жұмыста жүргенде кішкентай балаларын ата-анасы қарайды.
А.Бижанова үнемі ізденіс үстінде жүргенді жақсы көреді. Кеншінің бейнетті жұмысын өте жақсы білетін маман қол еңбегін жеңілдету үшін өндіріске жаңашылдық енгізу қажеттігін назарға ұстап, осы мақсатта басшылыққа ұсыныстар білдіріп жүр.
«Флотацияның негізгі кезеңдері – кенді ұсақтау, сұрыптау. Бұл бөлшектердің минералдардан бөлінуін жеңілдетеді. Кен байыту ісі – физикалық-химиялық үдерістерге негізделген өте күрделі сала. Кеншілердің жұмысын жеңілдетіп, өндірісті оңтайландыру мақсатында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС басшылығы өндіріске цифрлық көмекші енгізу жобасын қолға алды. Біз бұл жұмысты №1 байыту фабрикасында жүзеге асырмақшымыз. Қазір қайта жарақтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы жылдың шілдесінен осы жердегі барлық технологиялық үдерісті цифрлық көмекші басқаратын болады», дейді Айнұр Жұмағұлқызы.
Отбасы мен кен өндіру ісіндегі жұмысын қатар алып жүрген батыр қыздың алдағы күнге жобалары өте көп. Қазірде әлем елдерінің қалдықсыз өндірістегі тәжірибелерін зерттеуге, меңгеруге ден қойып, ерекше ықылас танытып жүр.
Ақтөбе облысы