• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Желтоқсан, 2024

Жемқорлыққа қарсы күрес саясаты түбегейлі өзгерді

666 рет
көрсетілді

Адамзат өмірінде көлемді қаражат айналымға түскен күннен бастап жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы күрес толастаған жоқ. Біздің елімізде де мемлекет және қоғам болып сыбайластықтың тамырын үзуде ауқымды және жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бұл саладағы қызметтің көтерер жүгі де ауыр, жауапкершілігі де мол. Себебі жемқорлыққа жол берген мемлекеттің дамудың даңғыл жолына түсуі – екіталай. Сондықтан агенттіктің атқарып отырған тиімді жұмысы, осы індетке қарсы тегеурінді күресі айрықша рөл атқарады.

Осыдан 20 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып жарияланды. 2003 жылы 1 қарашада Мексиканың Мерида қаласындағы саяси конференцияда ұйымның Бас Ассамблеясы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы конвенция қа­был­дады. Ондағы мақсат – жем­қорлықтың алдын алу және жою. Бұл құжат жемқорлықтың алдын алу шараларын, сондай-ақ оны­мен күресудегі халықаралық ынты­мақтастықтың механизмін қарастырады.

Жемқорлық – адамзат пен қоғам­ның дамуын тежейтін жал­пыға ортақ індет. Онымен күресу тек құзырлы органдардың емес, барлық қоғам өкілінің бас­ты міндеті болу қажет. Себебі мемлекетіміздің дамыған елдер қатарына еніп, бәсекелестікке қабілетті болуына, халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сапасының артуына тікелей байланысты. Сондықтан бұл күн тек мереке ретінде ғана емес, жемқорлыққа қарсы мінез-құлық пен төзбеу­ші­лік­ті қалыптастыруда, оған қарсы саясатты насихаттауда ерек­ше маңызға ие күн болып қала береді.

Биыл 9 желтоқсан Халық­ара­лық сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес күні агенттік үшін айрықша сипатқа ие. Себебі осы жылдан бастап алғаш рет 18 қара­ша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні болып аталып өтті.

Бұл күнді агенттігіміздің тари­хын­дағы маңызды оқиғамен бай­ланыс­тырамыз. 2014 жылы дәл осы күні заңнамада алғаш рет «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары» деген ұғым пайда болды. Әртүрлі уақыт кезеңдерінде жемқорлыққа қарсы күрес функция­сын басқа ведомстволар – ішкі істер органдары, мемлекеттік тергеу комитеті, қаржы полициясы атқарды. Әрине, жемқорлыққа қарсы күрес барлық уақытта жүргізілді. 1992 жылы Президенттің «Ұйым­дас­қан қылмыс пен сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрестi кү­шей­ту жөнiндегi шаралар туралы» жарлығы қабылданды, 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң күшіне енді. Салада әр­түрлі мемлекеттік бағдар­ла­ма қолға алынды.

Бірақ тиімділікті арттыру үшін тек жемқорлық мәселе­ле­рімен айналысатын тәуелсіз органның жұмыс істеуі қажет болды. Осылайша, 2014 жылғы 18 қарашадан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ең тиімді моделін іздеу тарихы бас­талды. Бастапқыда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлт­тық бюросы құрылды. Бұл бюро тек жедел-тергеу бөлімше­ле­рінен тұрды және басты назар жұмыстың қылмыстық-құқықтық әдістеріне аударылды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тәсіл қысқа мерзімді ғана нәтиже берді. Яғни мақсат еткен жемқорлықтың себеп­тері мен жағдайларын ке­шенді түрде жою мүмкін болмады. Себебі қылмыстық жаза тек қыл­мыс жасалып болғаннан кейін, көбіне қаражат жымқырылған кезде ғана қолданылады. Сондықтан жемқорлық көріністерінің алдын алу үшін мақсатты әрі жүйелі про­фи­лактиканың қажеттілігі туын­дады.

Жемқорлықтың алдын алуға жеткіліксіз назар аудару 2015 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тура­лы» жаңа заңда көзделген әлеуетті толық ашуға мүмкіндік бермеді. Сол кезде 2019 жылы Президент жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі құрылды. Дәл осы сәттен бастап алғаш рет агенттік Прези­дент­ке тікелей есеп беретін тәуел­сіз құқық қорғау органына айналды.

Агенттік дамыған бірқатар елдің тәжірибесіне сүйене отырып, тиімді алдын алуды, қоғам­мен әріптестікті және қыл­мыс­тық-құқықтық шараларды үйлес­ті­реді. Мемлекет дамуының басым бағыты – жемқорлыққа қарсы кү­ресті жандандырып, оның түп­кі­лікті жойылуына дейін ымырасыз жүргізу болды. Мемлекет басшысының агенттік алдына қойған осы нақты тапсырмасы агент­тіктің стратегиялық мақса­ты­на айналды.

Бүгінде ел басшылығының жем­қорлықты жоюда қойған мін­деттерін шешуге қабілетті, кәсіби орган құрылды. Біздің миссиямыз – Президенттің «жем­қорлық – індет, онымен күресу – міндет» деген сөздеріне негіз­дел­ген. Бұл орайда сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясатты жү­зе­ге асыруда бағдарламалық тәсілдің маңызы зор. 2022 жылы бес жылдық кезеңге арналған Тұжырымдама қабылданып, барлық жұмыс ба­ғытында прогрессивті және жүйелі шаралар қамтылған. Агент­тік жемқорлыққа қарсы осы сая­сат­тың негізгі орындаушысы ре­тінде тұжырымдамада көздел­ген барлық міндеттің орындалуын үйлестіріп отыр.

Біздің жұмыстағы басты ба­ғыт­­тарының бірі және бүгінге дейін маңызды болып қалатыны – нормативтік базаны жетілдіру. Бұл болмаса, жемқорлықпен тиімді күресу мүмкін емес. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы заңнама тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап енгізіліп, өзгертіліп отырды. Алайда озық новеллаларды енгізудің ең белсенді кезеңі кейінгі бес жылға тиесілі. Мысалы, құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы қалпына келтірілді. Құқықтық олқылықтар оларды әзірлеу сатысында жойылады. Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынады және квазимемлекеттік секторға жол жабылды.

Сонымен қатар сыбайлас жем­қорлық қылмыстар үшін санк­циялар, әсіресе құқық қорғау органдары қызметкерлері, судьялар, парақорлар мен парақор­лық­тағы делдалдар үшін барынша қатайтылды. Қатаң және аса ауыр жемқорлық бойынша қылмыстар үшін сотталғандар шартты түр­де босатыла алмайды. Құқық қор­­ғау органдарына сыбайлас жем­қорлық туралы хабарлаған аза­­мат­тарға төлемдер артты. Олар қылмыстың ауырлығына байланысты параның немесе келтірілген зиян­ның 10%-ына дейін алуға құ­­қылы. Ең жоғары сыйақы шамамен 15 млн теңгені құрады.

Бұған қоса жемқорлық туралы хабарлаған азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаумен қатар, негізсіз жұмыстан босатылудан қорғау шаралары қабылданды. Мем­лекеттiк қызметшiлердiң негiз­сiз баю үшін жауап­кер­шiлiгiн, яғни шенеунiктiң шығыс­тары оның табысына сәйкес келмеген жағдайда, фискалдық және мансаптық санкцияларды қол­дану­ды көздейтiн заңнамалық түзетулердi қабылдау маңызды қадам болды. 2022 жылы Прези­дент экономиканы демонополизациялау және олиго­полиялармен күрес жүргізу бағытында бағдар алды.

Мемлекет басшысы олигар­хия­лық топтар экономикалық ресурс­тарды бір қолда шоғыр­лан­дырғанын айрықша атап өтті. Бұл көптеген жемқор­лық схемасы мен заңсыз байыту әдіс­те­рінің пайда болуына ықпал етіп келген еді. Былтыр құқық үстемдігін және әлеуметтік әділет­тілікті қамтамасыз ету мақ­са­тында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Мұндай заңды мемлекет те, қоғам да көптен күткен еді. Бұл ел халқына заңсыз алынған табыс пен мүлікті қайтару үдерісіне айтарлықтай серпін берді.

Біздің агенттікте қаржылық тергеулер жүргізу үшін арнайы бөлімше құрылды. Кейінгі үш жылда біз 1 трлн 100 млрд теңге­ден аса мүліктік активтер мен қа­ражатты қайтаруды қамта­ма­сыз еттік. Бұл өткен он жылмен салыстырғанда, үш есе көп. Жал­пы активтерді қайтару – БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының негізгі қағи­дат­тарының бірін іске асыру болды. Былтыр біз оның қабыл­данғанына 20 жыл толуын атап өттік және Қазақстан конвен­ция­ның ережелерін ұлттық заңнамаға ен­гізуде де белсенді жұмыс жүр­гізіп жатыр.

Заңнамалық шаралармен қатар агенттіктің жұмысындағы тәсілдерді түбегейлі өзгерту барысында маңызды нәтижелерге қол жеткізе алдық. Біз статистикалық көрсеткіштер қуудан бас тарттық. Жұмыстың басты критерийлері – халықтың әл-ауқатын жақсар­ту және азаматтардың қажеттілік­терін қанағаттандыру. Сондықтан халықтың пікірі сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет жұмысын жоспарлауда басты дереккөз болып отыр.

2019 жылы құрылған Пре­вен­ция қызметі профилак­ти­калық жұмысты күшейтті. Бірін­ші кезектегі міндет – барлық әлеуметтік маңызды салада жем­қор­лықтың алдын алуға бағыт­тал­ды. Егер арамшөпті тамырынан жұлып, жерді уақтылы әрі сапалы өңдесе, олар өспейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес те дәл осылай. Егер оған қажетті жағдайлар сақталса, жемқорлармен өмір бойы күресу керек. Сондықтан алдын алу негізінен жемқорлықтың түпкі себептерін қылмыстық әдістерді қолданбай жоюға бағытталған. Нормативтік базаны, мемлекеттік органдардың функцияларын зерделей, әлеуметтік желілерде келіп түскен шағымдар мен үнқатуларды талдай отырып, біз түрлі салаларда жемқорлық тәуекелдерін анықтаймыз. Тал­даулар нәтижелерін біз кеңінен жариялап, қоғамдастыққа жеткі­земіз. Мәселен, ауыл шаруа­шы­лығын субсидиялау, энергетика, Алматының таулы аймақтары, мұғалімдердің еңбекақысы, ғы­лым, денсаулық сақтау, спорт са­ла­ларындағы жемқорлық тәуе­кел­дері туралы талдауларды оқыр­ман жақсы біледі деп ойлаймын.

Әр талдауға сәйкес біз мем­ле­кеттік органдарға нақты ұсынымдар әзірлейміз және анықталған тәуекелдердің жо­йылуын бақылауда ұстаймыз. Бұл ретте кейбір салалардағы ұсы­нымдардың орындалуы «Ulttyq Jobalar» ақпараттық жүйесі арқы­лы Президент Әкімшілігінің онлайн-бақылауында болады. Алдын алу саласындағы ма­ңызды бағыттардың бірі – сыбай­лас жемқорлыққа қарсы мәде­ниетті қалыптастыру. Бұл тұрғыда қо­ғамда адалдықты, парасатты, арды барынша насихаттау өзекті екенін айт­қан жөн. Дана ұлы Абай қара сөзінде: «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет өзі іздеп тапса, адамды бұзбайды һәм берік болады», дейді. Классик-жазушы Мұхтар Әуезов «Ар сақтаған – қасиет» деп айтқаны белгілі. Біз өз жұмысымызда осы негізгі құндылықтарға сүйенеміз және азаматтарды жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруға тартамыз.

Мемлекет басшысы атап өткендей, әділетті қоғам әрбір салада жауапкершілік пен парасат бірінші орынға қойылғанда ғана орнығады. Сондықтан қазір агенттік жұмысының үлкен бөлігі ауқымды сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және оқу-ағартуға тиесілі. Барлық мақсатты топ арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізу жоспары Үкі­мет деңгейінде бекітілді. 2 миллионнан аса балалар, жастар, мемлекеттік қызметшілер, квази­мемлекеттік және жеке ұйым­дардың қызметкерлері қамтылды.

Жемқорлыққа қарсы құнды­лық­тар парасат тұрғысынан әр жас ерекшелігі мен жеке тұлғаның қалыптасу кезеңдеріне байланыс­ты енгізіліп келеді. Бұл мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы оқу пәндерінде көрініс тапты. БҰҰ бастама жасаған GRACE жобасының стандарттары мен материалдары кеңінен пайдаланылып жатыр. Бұған қоса Академиялық адалдық лигасы жұмыс істейді. Азаматтар заң консультациясын ала алатын «Адалдық саға­ты» және «Халық заңгері» сияқ­ты жыл сайынғы акциялары танымалдылыққа ие болды. Әсіресе жастар арасында ерекше танымал болған «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» қозғалысына 2,5 мыңға жуық адам тартылды. Олардың көмегімен мемлекеттік сатып алу мониторингінде 15 млрд теңгеден аса қаражатқа бағаның негізсіз көтерілмеуі қамтамасыз етілді. Біздіңше, қабылданған шаралар жаңа ұрпақтың жемқор­лыққа қарсы мықты иммунитетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кетерлігі, біз сыбайлас жемқорлықты қатаң санкциялар арқылы жеңуге тырысқан Қытайдың тәжірибесін көріп отырмыз. Ал Финляндияда сыбайлас жемқорлық үшін арнайы қылмыстық баптар жоқ. Біздің ойымызша және шетелдік әріптестердің тәжірибесіне сүйенсек, ең тиімді модель – бұл сендіру және мәжбүрлеу шараларын үндестіру. Жемқорлықпен күресудегі жарқын мысалдардың бірі – Сингапурдың сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясы. Бұл – профилактикалық шаралармен қатар қатаң заңдарды қамти отырып жүзеге асатын жұмыс. Экономист Роберт Клитгард оны «екіжүзділік + мүмкіндік – бақылау» деп анықтай келе, сыбайлас жемқорлықты түсінудің ең қарапайым формуласын ұсынды. Яғни мемлекет есебінен байып кетуге ұмтылатын, қолы таза емес шенеуніктердің бәрібір болаты­нын айтады. Сондықтан заңда өмір сүргісі келмейтіндер үшін жемқорлық мүмкіндігін мүлде жою керек, ал бұл үшін сыбайлас жемқорлықтағы осал қатынастарда адами факторларды жою маңызды. «Жасырын жолдарды», әсіресе күнделікті өмірде жоюдың негізгі тәсілдерінің бірі – бұл цифрландыру.

Цифрлық технологиялар арқа­сында осы күні мобильді теле­фон арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 90%-дан астамы «құрылғылардан тыс» қолжетімді. «Электрондық үкімет» экожүйесін құру ше­неуніктермен байланыстарды едәуір қысқартты. Цифрлық шешімдерді өзіміздің талда­малық жұмыстарымызда да қол­­данамыз. Қызметкерлер ка­бинет­терінен шықпай-ақ ақпа­раттық жүйелерді пайдаланып, жемқорлық тәуекелдердін анық­тайды әрі талдайды.

Жымқырудың ең көп зиян келтіретінін атап айту маңызды. Кейбір шенеуніктер пара алады, ақшаны үдерістердің жеткілікті айқын болмауын пайдалана отырып заңсыз шығарады. Бұл орайда цифрлық теңге арқылы «ақшаны бояу» тетігін енгізу мүмкін жүйелі шешім болуы мүмкін. Осы әр транзакцияға ерекше «Цифрлық із» тағайындау арқылы ақша ағындарын қадағалауға негізделген, бұл операциялардың барлық тізбегін бақылауға мүм­кіндік береді.

Бүгінде Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен агенттік Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, осы тәсілді әлеуметтік маңызды және сыбайлас жемқорлыққа шалдық­қан салалар – жол құрылысы, ауыл шаруашылығын субсидиялау және несие беруде бақылау сынағынан өтіп жатыр. Осылайша, жемқорлыққа қарсы саясаттың профилактикалық әсері нақты уақыт аралығын ескере отырып, алдын алу сияқты, сондай-ақ қылмыстық шараларды кешенді қолдану арқылы айқындалады. Бастысы, олар пәрменді болуға және біртұтас мақсат – азамат­тар­дың әл-ауқаты үшін сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталуға тиіс.

Сыбайлас жемқорлық – байыр­ғы құбылыс. Сондықтан әлемде онымен күресудің көптеген әдісі бұрыннан ойлап табылған және сынап байқалған.

Біз үшін бүгінгі күннің ерекше­лік­терін ескере отырып, осы әдістерді бейімдеу, дұрыс енгізу және жетілдіру маңызды. Ал БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конценциясы – бүкіл әлемде мойындалған сыбайлас жем­қорлыққа қарсы құралдар жазылған негізгі құжаттардың бірі. Қазақстан бұл құжатты 2008 жылы ратификациялады, содан бері оның нормаларын жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі бас­қармасының белсенді көмегі­мен іске асырылып келе жатқанын айта кеткен жөн. Биыл біз кезекті бастамалар пакетін әзірлеп, Пар­ламентке енгіздік, соның ішінде пара беру уәделері мен ұсыныстарын қылмыс деп тану, заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейту, жемқорлардың жария тізімін енгізу, мемлекеттік қыз­метте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын реттеуді жетілдіру және басқа да шаралар көзделген.

Сондай-ақ Қазақстан 2004 жылдан бастап Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін ЭЫДҰ-ның Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы желісінің Ыстанбұл іс-қимыл жоспарының қаты­су­шысы болды. Ал биыл қыр­күйекте мониторингтің 5-кезеңі шеңберінде ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмысына оң баға берді. Бұл – еліміздің осы ұйымға кіру жолындағы маңызды қадамы. Еліміз – 2020 жылдан бастап Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес жөнін­дегі мемлекеттер тобының (ГРЕКО) мүшесі. Біз халықаралық құқық қорғау желілері – БҰҰ жанындағы GlobE, Эгмонт, CARIN және ARIN тобымен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып келеміз. Өйткені екіжақты ынты­мақтастық та маңызды рөл атқарады. Бүгінде агенттік шетел­дік сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволармен және ұйымдармен 13 меморандум жасады. Олардың арасында Гонконг, Қатар, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Фран­ция және тағы басқалары бар.

Халықаралық байланыс­тарды дамыту Қазақстанның актив­­терді қайтаруды және сыбай­лас жемқорлық үшін бері­­летін жазаның бұлтарт­пас­тығын қамтамасыз етудегі мүм­кіндік­терін кеңейтеді. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру – тұрақты үдеріс. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы  кү­рес­те алдыңғы қатарлы елдер дең­гейіне жету үшін әлі де көп жұмыс істеу керек екенін мо­йын­дауымыз қажет. Бастысы Пре­зидентіміздің мемлекеттік сая­сатының негізгі аспектісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз және оған түбегейлі қарсы іс-қимыл болып қала береді.

Өткенге көз жүгіртсек, елдегі осы жағымсыз үдерісті жою жағдайы әлдеқайда жақсарды деп айтуға болады. Бұл – мемлекеттік аппарат пен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің тиімді нәтижесі. Әлем елдерінде сыбайлас жемқорлықты бағалайтын әртүрлі индекс бар. Мәселен, сыбайлас жемқорлықты бағалау индексінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған максимум – 39 балға қол жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағыты бойынша заң үстемдігі индексінде 59-орынға дейін көтерілдік.

Дүниежүзілік банктің зерт­теуіне сәйкес, Қазақстанның сыбай­лас жемқорлықты бақылау индексіндегі көрсеткіштері іс жүзінде 2,5 есе жақсарды. Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстардың тиімділігі өз кезегінде экономиканың тұрақты дамуына және әлеуметтік әл-ауқатқа әсер етеді. Нәтижесінде, кейінгі 5 жылда елдің ІЖӨ 182-ден 259 млрд АҚШ долларына дейін айтарлықтай өсті, әлеуметтік ілгерілеу индексіндегі позициялар – 69-дан 63-ке дейін, сондай-ақ Бақыт индексіндегі позициялар – 60-тан 44-ке дейін жақсарды.

Тарихта алғаш рет Moody's агенттігі мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес салаларындағы ілгерілеу есебінен бізге «тұ­рақты» деген баға берді және Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін жоғарылатты. Алайда халықаралық рейтингтер – біз үшін ең маңызды көрсеткіш емес. Біз үшін Конституциялық жоғары құндылықтар болып табылатын адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары басты назарда қалады. Осы құнды­лықтарды қорғау және халқымыздың әл-ауқатын арттыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте барлық қажетті шараны қабылдаймыз. Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және тәртіп» қағидаты біздің агенттіктің барлық қызметкеріне, еріктілерімізге, қоғам қайраткерлеріне және елдегі сыбайлас жемқорлықтан азат, өркендеген мемлекет ретінде көргісі келетін жандарға арналған идеологиялық нұсқау болатынына сенімдімін.

 

Асхат ЖҰМАҒАЛИ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы