• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 07 Желтоқсан, 2024

Кешенді тәсілдер азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеді

114 рет
көрсетілді

Сенатта азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне арналған парламенттік тыңдау өтті. Онда қатысушылар саланы дамытуға қатысты өзекті түйткілдерді талқылады, сондай-ақ ұсыныстарын білдіріп, мүдделі тараптармен алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгіледі.

Тыңдау барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі екені айтылды. Қазіргі таңда Қазақстан егістік жерлер мен жайы­лымдар бойынша әлемде 6-орын алады. Сондай-ақ еліміз бидай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы ондығына және ұн экспорты бойынша көшбасшылар қатарына кіреді.

Осы ретте кейінгі бес жылда ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге жуық өскенін атап өткен жөн. Тамақ өнімдерін өндіру саласы да дәйекті түрде дамып келеді. Бұл бағыт өңдеу өнеркәсібінің шамамен 14 па­йызын құрайды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, айтарлықтай әлеуетіміз бола тұра еліміздің ауыл шаруашылығы саласында түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2028 жылы елімізде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді міндет етіп жүктеді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері­нің бірінші форумында Мемле­кет басшысы аграрлық саланы одан әрі дамытудың стратегия­­лық бағыттарын да белгілеп берді. Шын мәнінде, бұл саладағы әлеуетіміз зор екені белгілі. Алайда осындай артықшылықтарға қарамастан, бүгінде ауыл шаруашылығы секторында бірқатар өзекті мәселе бар», деді спикер.

М.Әшімбаев айтуынша, өнім­ділікті арттыру – аталған саланың маңызды басымдықтарының бірі.

Жалпы, ауыл шаруашылығы­ның дамуына тұсау болып отыр­ған кедергілердің қатарында техни­калық жабдықтаудың жеткі­лік­сіздігі, заманауи инновация­лық технологияларды тиісті дең­гейде пайдаланбау, тұрақты өткізу нарықтарының болмауы, агроғылымның кенжелеп қалуы сияқты өзекті мәселелер бар. Сондықтан проблемаларды оңтайлы шешіп, аграрлық сектордағы жағдайды жақсарту үшін мемлекеттің, бизнестің және ғылымның кешенді тәсілі мен бірлескен күш-жігері қажет.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласын субсидиялау және агро­секторды қаржыландырудың тиімді тектіктерін қалыптас­тыру керек. Сондай-ақ тұрақты өт­кізу нарықтарын қамтамасыз ету, дәстүрлі нарықтарымыздағы позициямызды сақтап, оны одан әрі нығайту, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және агроғылымды дамыту мәселелеріне де баса мән берген жөн. Алдымызда осындай ауқымды міндеттер тұр. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тың әрі тиімді шешімдер әзірлеудің маңызы зор. Бұл жұмыстар мүдделі тараптардың кешенді және бірлескен күш-жігерін талап етеді», деді М.Әшімбаев.

Парламенттік тыңдауда сенаторлар ғалымдармен, сарапшылармен, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар және бизнес өкілдерімен бір­лесіп, қолжетімді азық-түлік жүйесін қалыптастыруға қатыс­ты мәселелерді талқылады. Қоғам­дық тамақтану орындарында, әсіресе мектеп асханаларын­да азық-түліктің сапасы мен қауіп­сіздігіне, азық-түлік бағасының қолжетім­ділігіне және жеткізу саласындағы өңірлердегі теңгерімсіздіктерді жоюға қатысты түйткілдерге де ерекше назар аударылды.

Іс-шараға қатысушылар отан­дық өнім үлесін ұлғайтудың, импортқа тәуелділікті төмендетудің және жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызына айрықша тоқталды. Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі азық-түліктің физикалық қол­жетімділігін ғана емес, оны сатып алудың экономикалық мүм­кін­дігін, жеткізудің тұрақтылығын және тиімді пайдалану мәселе­лерін де қамтитыны айтылды. Климат­тың өзгеруі, экономика­лық тұрақсыздық және халық санының өсуі сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі орнықты даму мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі элементіне айналып отырғаны да сөз болды.

Сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілет­тілігін арттырудың маңызды екеніне баса мән берді. Сондай-ақ талқылау кезінде жеке инвестиция­ларды тарту, ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғырту және тұрақты өткізу нарықтарын қамтамасыз ету арқылы ғана азық-түлік қауіпсіздігі саласында елеулі табыстарға қол жеткізуге болатыны қозғалды.

Іс-шарада Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі Айдар­бек Сапаров, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің, Сауда және инте­грация министрлігінің өкілдері, БҰҰ Азық-түлік және ауыл ша­руашылығы ұйымының (FAO) Еуропа мен Орталық Азия­дағы өңірлік бөлімшесінің азық-түлік қа­уіпсіздігі және тамақтану жөнін­дегі сарапшысы Анико Немет, Ұлт­тық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының, «KazFoodProducts» агроөнеркәсіптік холдингінің басшылық өкілдері және тағы басқа қатысушылар баяндама жасады. Тыңдау кезінде айтылған барлық ұсыныс зерделеніп, арнайы әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады.

Парламенттік тыңдау аясында ұйымдастырылған көрмеде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және органикалық егіншілік саласындағы озық үлгілер көпшілік назарына ұсынылды. Осы орайда бүгінде Ұлттық аграрлық-ғылыми орталық ғылыми шешімдерді енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айта кеткен жөн. Қазақстанда 2015 жылдан бас­тап өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын және қайта өңдеу­ді қамтитын 686 ғылыми әзірлеме дайындалған. АӨК-ті цифрландыру аясында мал шаруашылығында, егіншілікте, өсімдіктерді қорғау бағыттарында есепке алу, мониторинг жүргізу және шешім қабылдау жүйесі де әзірленген.