Петропавлда құтқарушылар екі күн бойы еденде жатып қалған зейнеткерге көмек көрсетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қарияның немересі әжесімен байланыса алмағандықтан, алаңдап, құтқарушыларға жүгінген. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары пәтердің есігі жабық болғандықтан, альпинистік құралдарды қолданып, терезе арқылы ішке кірді», деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылар зейнеткерді дәліздегі еденде жатқан жерінен тапты. Әйел құлап, өздігінен тұра алмаған. Оған оқиға орнына келген жедел жәрдем дәрігерлері медициналық көмек көрсетті.
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарға егде жастағы туыстарымен үнемі байланыста болып, күтпеген жағдайлар туындағанда дереу хабарласуға кеңес береді.