Қарағанды қаласында «Сұңқар» спорт клубының ұйымдастыруымен республикалық ашық турнир өтті. Онда 2011–2016 жылғы жасөспірімдер қатысып, бақ сынасты. 11 салмақ дәрежесімен 160-қа жуық былғары қолғап шебері өнерін ортаға салды.
Жас өрендер арасынан Нұрасыл Қуандық 26 кг салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. Ол өзінің алғашқы турнирінде-ақ чемпион атанып, бапкерлерін разы етті. Нұрасыл Жәлелұлы «Жауынгер» спорт клубында жаттығады. Бапкері – кәсіпқой боксшы, бокстан спорт шебері Нұрслан Сабыров. Балдырған боксшы финалдық сындағы қарсыласын жылдам әрі жойқын соққыларымен бірден есеңгіретіп тастады. Оның бапкері екінші раундта жекпе-жекті тоқтатты.
«Турнир жоғары деңгейде өтті. Нұрасылдың клубқа ауысқанына жарты жыл болды. Жаттығудан қалмайды. Рингте өзін жақсы ұстайды. Біз айтқан тактиканы бүгін шебер орындап, топ жарды. Талмай еңбектеніп, осы бетінен таймаса алар асуы әлі алда. Оның солақай екенін атап өту керек. Сол қолының соққылары жойқын. Өте шапшаң қимылдайды. Нұрасылдан басқа клубымыздың тағы екі тәрбиеленушісі чемпион атанса, бесеуі екінші, екеуі үшінші орынға ие болды», дейді бапкер Н.Сабыров.
Турнирді ұйымдастырушы тарап «Үздік боксшы», «Жеңіске деген ынтасы үшін», «Үздік техникасы үшін», «Ең кіші қатысушы» аталымдары бойынша сыйлықтар тағайындаған екен. Нұрасыл өзінің ешкімге ұқсамайтын бокстасу тәсілімен «Үздік техникасы үшін» аталымын жеңіп алды.
«Боксқа 4-5 жасымнан қызыға бастадым. Бұған дейін жүзу, акробатика, кикбокс, ММА, ушу-саньда, футбол сынды спорт түрлеріне қатыстым. Кейін 11 жасымда әкем GGG спорт кешеніне апарып, жаттықтырушы Ержан Мүсәпіровтің тәрбиесіне берді. Онда жарты жылдай дайындалып, «Жауынгер» клубына ауыстым. Алғашқы жарысымда чемпион болғаныма қуаныштымын. Бапкерім Нұрслан ағайға рақметімді айтамын», дейді Нұрасыл.
Қарағанды облысы