• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 10 Желтоқсан, 2024

Мектеп асханасына мән берсек...

78 рет
көрсетілді

Балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігінен бөлек олардың дұрыс тамақтануы да еліміздегі әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі. Өскелең ұрпақтың саулығын ойлаудан туған бұл бастаманы жүзеге асыруда ең алдымен сапаға, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына мән беру қажет. Баланың мектеп асханасынан қарын тойдырғанын қанағат тұтпай, оның не ішіп, не жеп жүргенін үлкендер де қадағалағаны жөн.

Қаралғаны – 9 млрд теңге

Мектеп баласының тамағынан мемлекет ақша аяп жатқан жоқ. Жыл сайын әр облыс бюд­жетінен қаржы бөлініп, мектеп асханаларында кәсіпкерлер ыстық ас ұйымдастырып ке­леді. Мысалы, былтыр Қызылорда облысында бұған 8,7 млрд теңге бөлінсе, биыл қа­ралғаны 9 млрд. Азық-түлік бағасының кө­т­ерілетіні ескеріліп, бұл қаржының жыл с­а­йын 10-12 пайызға өсіп отыратыны тағы бар.

Облыстық білім басқармасының мәліме­тінше, биыл бірінші жарты­жыл­дықта 87 331 бала, оның ішінде әлеу­меттік осал топқа жататын 35 067, бастауыш сыныптардағы 52 264 оқушы тегін тамақпен қамтылған. Үкіметтің №320 қаулысындағы 15-қосымшаға сәйкес білім беру ұйымдарындағы ас мәзірінің нормалары балалардың жас ерекшелігіне қарай бөлініп, бірреттік тамақтану құны аймақта орта есеппен 580 теңге болып отыр. Білім ошақтары асханаларында Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша біріңғай стандарттар» әдістемелік ұсынымдарына сәйкес төрт апталық мәзір жасалған. Дегенмен, аймақта асханасы жоқ мектептер де бар. Жалпы, облыс­тағы 297 мектептің 290-ында ыстық ас бе­р­ілсе, жетеуінде буфеттік құрғақ тамақ ұйым­дас­ты­рылған. Бұлардың қатарына мектеп-интер­наттар кірмейді.

2024-2025 оқу жылында аймақтағы 204 мек­тепте ыстық тамақ ұйымдастыру үшін 2,4 млрд теңгелік конкурсты облыстық мем­­­лекеттік сатып алу басқармасы өткізді. Осы­­­ған дейін тек Астана қала­сын­да қол­да­ныл­­­ған бұл бастаманың көз­дегені – білім беру ұйымының басшысы мен кәсіпкер ара­­­сын­да сыбайлас жемқорлықты болдыр­мау.

 

Бақылау нәтижесі не көрсетті?

Жалпы, осы бағытта мониторингке қатысқандар мектеп асханасына тұрақ­ты бақылау жасайтын бракераждық комис­сия­ның өз деңгейінде жұмыс істемей отыр­ған­дығын айтады. Балаларды тамақпен қамтуды үйлестіру бойынша анықталған олқылықтар да бар. Былтырғы желтоқсан айынан бастап прокуратура ұсынысымен 262 мектеп асханасы жоспардан тыс тексеріліпті. Оның барысында күн сайын ас блогінде аспаздың нақты ас мәзіріне сәйкес да­йын астың тәуліктік сынамасын 48 сағатқа толық қалдырмауы, ас дайын­дайтын кастрюльдерге белгі соғыл­мауы, ас дайындау цехында қол кептіргіштің жоқ­тығы, тез бұзылатын тағамдардың және дайын аспаздық өнімдер сапасы жайлы ақ­п­а­раттың органолептикалық бағалау жур­на­лында талапқа сай толтырылмауы секілді кемшіліктер анықталған. Азық-түлік қой­ма­сында тағам өнімдерінің тәртіпке сай сақталмайтындығы да бел­гілі болыпты. Облыстағы санитарлық-эпиде­мио­ло­гиялық бақылау департа­менті басшының орын­­басары Ерлан Ұзақбаевтың айтуынша сани­тария­лық қағидалар талаптарын бұзғандарға 166 хат­тама толтырылып, айып­пұл салынған.

«Бүгінгі күні анықталған бұзушы­лықтардың барлығы жойылды. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық сала­маттылығын қамтамасыз етіп, тағамнан уланудың алдын алу мақсатында облыстық білім, денсаулық сақтау басқармалары мен Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету депар­таменті жұмысшы топтар құрып, оқу жылының басында бар­лық білім беру ұйымдарында ақпараттық түсін­дірме жұмыстарын жүргізді. Біздің депар­тамент пен аумақтық басқармалар маман­дары мектептегі асхана қызметкерлері мен мейірбикелер арасында тағамнан улану­дың алдын алу, дұрыс тамақтануды ұйым­дастыру, қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын санитариялық-эпидемио­логия­лық талаптар, тағамдар­ды өңдеу, сақтау талап­тары бойынша ақпараттық түсіндірме жүр­гізіп, әдіс­теме­лік-тәжірибелік көмектер көр­сетілді», дей­ді департамент басшысының орын­басары.

Облыстық білім басқармасының есебін­де биылғы қыркүйек-қазан айла­­рында ведомство­аралық сарап­та­ма­лық топ өңірдегі 284 мек­тепті және бір сүзіп шыққаны айтылады. Оның қоры­тынды­сында кәсіпкерлер мен мек­теп­тердегі браке­раж­дық комиссия жұ­мы­сын­дағы кемші­лік­тер әлі де қайталанып отыр­ғаны белгілі болыпты. Облыс орталығындағы №187,198,233,268 және 282 мектептерде азық-түлік өнім­де­рінің жарам­дылық мер­зімі көрсетілген тізім бол­маған. Тағы 3 білім оша­ғында кәсіп­кер­лердің тыйым салынған өнім­дерді сау­да­лап келгені анықталған. Тіпті сани­тар­лық-эпидемиологиялық бақылау қоры­тын­дысын алмаған мектеп асханалары да аз емес.

 

 Кәсіпкердің көздегені не?

Осыдан сәл бұрын «Әділдік және өркен­деу» қоғамдық қоры мектептерде берілетін ас сапасына байланысты әлеуметтік сауал жүргізіп еді. Қор сайтындағы мәлімет­тер­ге сүйенсек, мемлекеттік мектептерде оқи­тын балалар ата-аналарының тек 53 пайы­зының ғана білім ошағындағы тамақ­тан­дыру сапасына көңілі толатыны белгілі болып отыр. Елдің әр аймағынан 10 мың ата-ана жа­уап берген сауалнамаға қатысу­шы­лардың 20 пайыздан астамы берілетін тамақ мөлшері тым аз деп санайды екен.

Мектептегі тамақ сапасына көңілі тола­тындардың үлесі мынадай: ата-аналардың 45% мектеп асханаларында берілетін тамақ­тың сапасын жақсы, ал 8% өте жақсы деп ба­ға­­­лаған. Жиырма бес пайызы қана­ғат­та­нар­­лық деген баға берсе, 10%-ы өте нашар деген.

Балалары қала мектебінде оқитын ата-аналардың 37% ғана тамақ сапасын жақ­сы депті, бұл көрсеткіш ауыл мектеп­терінде 60%. Қала мектебінің асханасында берілетін астың сапасын 17% ата-ана «дәмсіз, нәрсіз» десе, мұндай бағаны ауылдық жердегі қана­ғатшыл әке-шешенің тек 7% ғана беріпті.

Мақаланы дайындау барысында біраз кәсіпкермен хабарластық. Көпшілігі­нің айтатыны – 565-580 теңге аралығын­дағы қаржының аздығы. Мектеп асханаларында Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттар» әдістемелік ұсынымдарына өзгеріс енгізілсе дейтіндер де аз емес. Олардың айтуынша, ірі қалаларда бала басына бөлінген қаржы 800 теңгеден асатын көрінеді. Астанада бұдан бөлек коммуналдық шығындар мен тасымалға қосымша қаржы қаралады екен. Ал жергілікті кәсіпкерлер ыстық тамақтан бөлек, ұн өнімдерін пісіріп сатып тапқан қаржысын жұмысшылардың айлығына, коммуналдық шығындарға жұмсап отыр екен. Тексерушілердің тым көптігін айтқандар да кездесті. Бірақ неге екені қайдам, телефон арқылы тілдескенде іркіл­мегендер осы ойларын баспасөз бетіне шығарудан үзілді-кесілді бас тартты.

Арал ауданындағы бірнеше мектепте ыстық тамақ дайындайтын кәсіпкер Свет­лана Қалмағамбетова 41 адамды жұмыс­пен қамтып отыр. Ол асхана жұмысын ұйым­дастыру үшін мектептерде бар жағдай жасал­ғанын айтады.

«Дайындаған асымыз балалардың да, ата-аналардың да көңілінен шығады. Біз үшін елдің бағасы мен ұсыныс-пікірлерінің орны бөлек. Осыдан да жақында қала мек­теп­терінің бірінде ата-аналармен кездесу өткіздік. Онда баланың ас талғамы жөнінде ашық пікірлестік. Барлық талапты сақтап, жұмыс істеп отырмыз. Бағасына келсек, әрине, шама-шарқымызша жеткізуге тырысып жатырмыз. Бірақ баланың күндік жейтін еті мен ішетін сүтінің құнынан қаржының жетіс­пейтінін білуге болады. Азық-түлікті өзіміз келісімге отырған кәсіпкерлерден аламыз. Балаларды тамақтандыруға бөлін­ген уақыт өте аз. Соны ұзартса деген тіле­гіміз бар. Сосын ас мәзіріне сүт пен сүт өнім­дері көбірек енгізілсе», дейді кәсіпкер.

 

Осы қаржыны ұқсата алмай отырмыз

Бұл – еліміздегі Адам құқықтары жөнін­дегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Дәурен Шәріпбаевтың пікірі. Мысалы, биылға бөлінген 9 млрд тең­геге облыс аума­ғын­да 59 кәсіпкер жұ­мыс істеп отыр. Бұл бір кәсіп­кер бірнеше мек­тепті қамтып отыр деген сөз. Қаржы аз, кәсіп тиімсіз болса осылай жасар ма еді?

«Тәртіп бойынша тендерден ұтқан кәсіпкер тағы 3 жыл келісім негізінде жұмыс істей алады. Облыстық мемле­кет­тік сатып алу басқармасы биылға қаралған ақша­дан 2,4 млрд теңгелік конкурсты өткізді. Қалған 6,6 млрды жаңағыдай келісім арқылы кетіп отыр. Былтыр тексергенде солардың көп­шілігінен кемшілік байқалған. Акт жасап, келісімді біржақты бұзуға осының өзі жетіп жатыр еді. Менің ойымша, мұның алдын алу үшін ешқандай заңға өзгеріс енгізудің керегі жоқ. Мектеп басшылары, ондағы асханаға тұрақты бақылау жасайтын бракераждық комиссия таза жұмыс істеуі керек. Оны білім басқармасы тұрақты қадағалап отырғаны жөн. Осылай жасаса, бәрі бірден шешімін табады», дейді Дәурен Сақтапбергенұлы.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығының талаптары да сақталмай отырғанын айтады. Онда тамақтанатын оқушы санына байланысты асханада неше аспаздың қызмет көрсететіні нақты белгіленген. Ал бізде тендерге ұсынылған құжаттардан бір адамның бірнеше мектепке «қызмет көрсететінін» байқайсыз. Оның бір мезетте бәріне қалай үлгеріп жүргені ешкімді ойландырып отырған жоқ.

«Қазақ тағамтану академиясының Ұлт­тық салауатты тағамтану орталығы ұсын­ған ас мәзірін өзгертуге болмас. Бірақ соның ішінен баланың тәбетіне қарай дайындауға болады ғой. Мысалы, балалар арасында «WhatsApp» арқылы сауал жүргізіп, соның негізінде бала тәбетіне қарай ас әзір­ленсе ата-ана тарапынан «балам мектеп та­мағын ішпейді» деген арыз да азаяр еді. Осы­лай еткенде күнделікті оқушы ауыз да тимейтін асты дайындаудан тыйылып, қар­жыны да үнемдер едік. Мұның бәрін ұйымдастыру мектеп дирек­торының қолында. Осы мәселеге байла­­нысты отырыстарда облыстық білім басқа­р­масы өкілдері мониторинг қоры­тын­дысын тізбелеп шығады, ал шара қолдануға құлықсыз. Тіпті осы бағытта сараптама да жасал­­маған. Осының салдарынан талапқа бағын­­баған кәсіпкер еш алаңсыз жұмыс істеп отыр», дейді ол.

Бір кәсіпкердің 4-5 мектепке қызмет көрсетуінің қауіпті тұстары да бар. Мысалы, жуырда Маңғыстау облысында жүздеген бала астан уланып, арты үлкен шуға ұлас­қа­нын көрдік. Айтқан жерден аулақ, егер осындай жағдай қайталана қалса, тамақтан ұшынғандар қатарында бірнеше білім ошағы оқушылары табылары талассыз.

Бала үшін кім болса да барын беретіні белгілі. Бірақ облыс бюджетінен бөлінген қыруар қаржының әр тиыны есепте болуы керек. Бұл мектеп асханасына дұрыстап мән беретін кездің әлдеқашан жеткенін көрсетеді.

 

Қызылорда