• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Туризм 10 Желтоқсан, 2024

Туризм саласы тұрақты дамып келеді

85 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде туризм саласын жаңғыртуға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық экономикаға кірігуге бағытталған жүйелі іс-шаралар кешені жүзеге асырылып келеді. Аталған сала мемлекеттік қолдаудың, инвестиция тарту мен халықаралық аренада ілгерілетудің арқасында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр.

Primeminister.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Оның ішінде шетел­дік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты. Бұл көрсет­кіштер атқарылып жат­қан жұмыстың тиімділігі мен турис­тік бағыт ретінде елімізге қызығу­шы­лық­тың артып келе жатқанын айғақ­тайды.

Саланың экономикалық көр­сет­кіші де көңіл тоғайтады. Ор­на­ластыру нысандарының жал­пы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд тең­­гені құрады. Орналастыру нысан­дарының саны 306-ға өсіп, 4315-ке жетті, ал олардың сыйым­дылығы 18 мың төсек-орынға дейін артып, 226 мыңды құра­ды. Бұл еліміздің ішкі және халық­аралық туристерді қабыл­дауға дайын­дығын едәуір арттыруға мүм­­кіндік береді.

Туризмге салынған инвестиция көлемі қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға артып, 668,1 млрд теңгені құрады. Негізгі жобалар қатарында алдын ала құны 194 млрд теңгені құрайтын Астана туристік ауданы бар, ол 2 мың­ға жуық жұмыс орнын ашып, толық іске қосылғанда жыл сайын 10 млрд теңге салық аударымдарын түсіреді. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарланған. Екінші жоба – Маңғыстау облысындағы Каспий Ривьерасы, онда Премьер-ми­нистрдің қатысуымен туризм бойынша халықаралық ауқымда форум өтті. Жоба жаға­жай демалыс орны, гольф қонақүйі, виллалар кешені, аквапарк және ойын-сауық орталығы сияқты бірнеше бастама аясында «Жылы жағажай» аумағын кешенді иге­руді қамтиды. Жоба­ның жалпы бағалау құны 137,4 млрд тең­гені құрайды, ал жос­пар­лан­ған іске асыру мерзімі – 2024–2026 жылдар.

Биыл мемлекеттік қолдауға мақұл­данған өтінімдер көлемі 3 есеге артты. Тек 2024 жылдың өзінде 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2,1 млрд теңге мақұлданды.

Халықаралық ынтымақ­тас­тық­қа ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылды «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» деп жариялау атал­­ған салаға серпін берер ма­ңыз­ды қадам болды. Қытайдың ірі қа­лаларында 30-дан астам іс-шара өтті.

Сондай-ақ Дүниежүзілік көшпе­лі­лер ойын­да­рының Астанада өтуі халықаралық аренада маңызды оқиғаға айналды. Ойындарға 89 елден 2 700 қатысушы жиналды. «Астана – Арена» және «Қазанат» ипподромы сияқты спорт нысандарын қайта жаңарту қаланың инфрақұрылымын жақсартты.

2024 жылдың соңына дейін жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын 119 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр, бұл 1 319 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Негізгі бастамалар қатарына Түркістандағы «Medina Palace» қонақүйінің құрылысы мен жаңа қонақүй ны­сандарын қосу арқылы «Ақсу – Жабағылы» шипажайын жаң­ғырту кіреді.

Ел өңірлерінде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында глэм­пинг алаң­дары мен қонақүйлер құру арқылы 10 мың ауыл тұрғы­нын қосымша жұмыспен қамтамасыз ете­тін агротуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ұлттық парктер аумақ­тарындағы инфра­құ­ры­лымды дамытуға ар­налған қонақүйлерді жіктеу жүйе­сін жаңарту және жергілік­ті атқа­ру­шы органдар өкілет­тік­терін кеңей­ту жоспарланған.

Ақмола облысында биылғы 9 ай қорытындысы бойынша өңірге келген туристер легі 1 млн-нан астам туристке жетті, оның ішінде 404,7 мың адамға орналастыру орындары қызмет көрсетті. Бурабай курорттық аймағына 932 мың адам келді. Туризм саласынан бюджетке түсетін салықтық түсім мөлшері 3,1 млрд теңгені, өсім 30%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі 23,1 млрд теңгені құрап отыр.

Алматы облысында 2024 жыл­дың 9 айында туристер саны 384,1 мың адам­ды құрады, бұл 2023 жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 19%-ға көп (322,3 мың адам). Негізгі капи­тал­ға салынған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгені құрады. Туристік саланы да­мытудың 2023–2029 жыл­дарға арналған бекі­тілген тұжы­рымдамасы шеңберінде Түрген шатқалынан Қаске­лең шатқалына дейін тау шаңғысы базаларын құру мен жаңғыртуды қамтитын кешенді жоспар әзірленіп жатыр.

Алматы қаласында 9 айдың қорытын­дысына сәйкес, 2024 жылы туристердің жалпы саны 14%-ға (2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда) өсіп, 1,7 млн адамға жетті. Шетелдік турис­тер саны 24%-ға өсіп, 507,5 мың адамға жетті. Ішкі туристер саны 1,2 млн адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­­мен са­лыс­тырғанда 1,1%-ға артық. Турис­тер легінің артуы негізгі ка­пи­­талға инвестицияның ұл­ғаюы­мен қатар жүреді. 2024 жыл­дың 10 айында 29,3% өсіммен 86,6 млрд ­теңге инвестиция тартылды. Туризмнен түскен салық тү­сімдері 76,9 млрд теңгені құ­рады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе­ге жоғары. Қа­­ла­­­ның туризм сала­­сында 83,1 мың адам жұмыспен қам­тылған. 2024 жылы Алматыда жеке қаражат есебінен 25 туристік нысан ашылды, атап айтқанда, 15 қонақүй, 4 глэмпинг алаңы, 4 жатақхана және 2 қонақүй. Сондай-ақ жеке инвестиция есе­­бінен 2027 жылға дейін 339,5 млрд теңгеге қонақүй құрылысы бо­йынша 30 жобаны аяқтау және 125 млрд теңгеге 29 туристік нысан салу жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстан облысын­да 2023 жылдың 9 айымен салыс­тыр­ғанда өңірге келу­шілер са­ны­ның 18%-ға артқаны байқа­лады. Туризм саласында 2024–2026 жылдарға жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын 14 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тар­тылған инвестиция көлемі 14,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 47%-ға артық.

Жетісу облысында туризм сала­сын дамыту 5 негізгі бағыт: Алакөл және Балқаш көлдері, «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Ала­тау» ұлттық парктері, сон­дай-ақ Жоңғар Алатауы тау сілемі әлеуетіне негізделген. 2024 жылғы 9 айда туристік нысан­дарға 253 мыңнан астам адам келген, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артық. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі биыл 9,4 млрд теңгені құрады. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмысы аяқталды, «Тал­ды­қорған – Үшарал» автомо­биль жол­дарының (313,5 шақы­рым) асфальт­­­­­­­бетон жабыны қам­та­масыз етілді, «Тальго» жүрдек пойызы іске қосыл­ды.

Қарағанды облысында туризм саласында көр­се­тілген қызмет көлемі – 7 млрд теңге немесе өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішімен са­лыс­тырғанда – 75%. Салаға құ­йылған инвестиция 17,4 млрд тең­гені құрады. Жыл басынан бері жалпы құны 4,1 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске қосылып, 23 жұмыс орны ашылды.

Қызылорда облысы 116,6 мың турист қабыл­дады. Туризм саласына құйылған инвестиция көлемі – 26,1 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 40,5%-ға артық.

Маңғыстау облысында 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айла­рындағы ресми дерекке сәй­кес облысқа 367,4 мың турист келген, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 13%-ға артық. Өңірде көрсетілген туристік қыз­меттердің жалпы құны 15,2 млрд теңгеге жетіп, 34,7%-ға өсті. Туризм саласына құ­йыл­­ған инвестиция көлемі – 6,6 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәй­кес кезеңі­­мен салыстырғанда 50%-ға артық.

2024 жылы жалпы инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылды, бұл 80 жұ­мыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Ұлытау облысында орналастыру орын­да­­­рын­да қызмет көрсетілген ту­рис­­­­­тер саны 21,2 мыңнан асты, оның ішінде 732-ден астамы – шетелдік турист. ­­Орналастыру орындарында көр­­сетілген қызметтер өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 23,5%-ға артып, 497,9 млн теңгеден асты. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі – 2 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда 50,6%-ға артық. Сонымен қатар 1 млрд теңге сомасына 3 қонақүй кешені іске қосылды. 2025 жылы жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын екі қонақүйді пайдалануға беру, тарихи орындар бойынша жеңіл инфрақұрылым мен далалық навигация орнату жоспарлануда. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 2025 жылы Тасбұлақ бұлағы аумағын абаттандыру және Сәтбаев қаласынан Жошы хан және Домбауыл кешеніне дейін құны 12,5 млрд теңгені құ­рай­тын тас жолын салу жұ­мыс­тары да қарастырылған.