• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сараптама 11 Желтоқсан, 2024

Сауалнама нәтижесі сенім ұялатады

59 рет
көрсетілді

Азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы ортақ түсінік алдағы мақсаттың айқындалуына септігін тигізеді. Кейінгі бірер жылда жүр­гі­зілген саяси өзгерістер еліміздегі 20 миллион халықтың әртүрлі тобына белгілі бір деңгейде әсер еткені белгілі. Әйтсе де Президент жанын­дағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауал­нама мемлекеттің стратегиялық даму бағыты мен Президенттің баста­ма­ларына сенім артатынын көрсетіп отыр.

Институт биыл ­те­­­­ле­­фон арқылы ­1 200 және аймақ­та­­ғы 8 000 адамның арасында әлеу­­­меттік сауалнама жүр­гіз­ген. Қоғамдық пікірді зерттеу бөлі­мінің басшысы Салтанат Ермаханованың айтуынша, «Қоғамдық келбет» айдарының аясында жүргізілген әлеуметтік зерттеуде респонденттерге «Осы жылды қандай көңіл күймен шығарып салып жатырсыз?», «Алдағы жылдан не күтесіз?», «Еліміз дұрыс бағытта дамып жатыр ма?», «Қазақстан халқының ортақ құндылығы қандай?» деген секілді бірнеше сұрақ қойылған. Нәтижесінде, сауалнамаға қатысушылар өзі мен отбасына әлемдегі және еліміздегі өзгерістер оң өзгеріс әкелгенін жеткізген. Яғни олар­дың көпшілігі жеке өміріне қана­ғаттанатынын көрсетеді. Атап айт­қанда, респонденттердің 52,3 пайызы бұл жыл өзі мен отбасы үшін жалпы жақсы өткенін айтса, 7,3 пайызы өте қиын өткенін жасырмаған. «Биыл Қазақстан үшін қалай өтті?» деген сауалға олардың 38,7 пайызы «жалпы жақсы», 13 пайызы «өте қиын» деп жауап қайтарған. Сон­дай-ақ әлем үшін «2024 жыл жалпы жақсы болды» деп санайтындардың үлесі 34,1 пайыз болса, өте қиын екенін 24,2 пайыз қатысушы белгілеп кеткен.

Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, ел халқының 66,2%-ы 2024 жылды жақсы көңіл күймен және опти­мистік көзқараспен аяқтап жат­қа­нын көрсеткен. Ал 22,5 пайызы ерек­ше тол­қуды сезінбейтінін және жағымсыз эмо­циялар да жоқ екенін білдірсе, қалған 8,9 пайы­зы көбіне нашар көңіл күйде, пессимистік ойлармен шыға­рып салып жатқанын жеткі­зеді. Көрші елдер мен Таяу Шығыстағы әскери қақты­ғыс­тар сияқты жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ел тұр­­­ғын­дары жеке тұлғалық дең­гейде өткен жылға оң баға берген екен.

Алайда жылды ел мен әлем деңгейінде бағалауда едәуір ерекшелік бар. Мате­риал­дық деңгейі жоғары топтар мен жас­тар жақсы көңіл күйде өткізіп жатқанын жеткізсе, ауыл тұр­ғындары, зейнеткерлер, табысы орташа және төмен респонденттер қиындықтар туралы жиі айтады. Сонымен қатар кәсіби-техникалық білімі бар және мате­риал­дық деңгейі жоғары респонденттер ұлт­тық деңгейде оң баға бер­генін де атап өткен дұрыс.

Бұған қоса телефон арқылы қатысқан респонденттердің арасында 31, 3 пайы­зы бұл жылды «ойлағаннан да жақсы болды» деп санаса, 39,3 пайызы «жалпы ойлағандай», ал 27,1 па­йызы «ойлағаннан нашар» деп көрсетіпті. Ал келер жылдан не күтетіні туралы сауалға жауап берген респонденттердің 52 па­йызы жыл өте табысты боларына сенімді, 5,3 пайызы «нашар болуы мүмкін» екенін, 5,8 па­йызы жауап беруге қиналатынын белгілеген.

Қоғамдық пікірді зерт­теу бөлімінің бас сарапшысы Гүл­­­­наз Қасымова сауалнамаға қатыс­­­­­­­­қан аймақтағы 8 000 респондент­тің жауабы да әртүрлі еке­­нін айтады. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанның саяси­ даму бағытын респонденттердің 77,7 па­йызы оң бағалаған. Бұл көрсеткіш мемлекет бас­шы­лығының ішкі және сыртқы сая­си шешім­дері тұр­ғындар тарапынан ма­құлдауға ие болғанын көр­сетеді. Бірақ Қазақстан дұрыс бағытта дамып келе жатқанын жастар жиі атап өткен. Оның ішінде елдің саяси даму бағы­тын Қызылорда, Маңғыстау мен Шымкент қаласының тұр­­ғындары жиі атап өтіпті. Олар­д­ың арасында 45,6 пайызы елі­міз өте дұрыс бағытта келе жат­қанын, 5,9 па­йызы жауап беруге қиналатынын белгілеген.

Саяси сенім – мемлекет тұ­рақты­лы­ғының бас­ты себебі. Бұл орайда билік ұсын­ған өз­герістерді қолдау мен Пре­зи­дентке деген сенім дең­гейінің артуы – оң көрсеткіш. Айталық, са­уалнама Мемлекет басшысына деген сенім деңгейінің жоғары екенін айғақтап отыр. Респонденттердің 80,5 пайызы, яғни тұрақты түрде Президентке сенім білдірген. Алайда әлеу­меттік топтар арасындағы жауап беру де әртүрлі. Жастар арасында бұл көрсеткіш 86,4 пайыз­ға, ал қазақтар арасында 82,2 пайызға жетеді. Әйел­дер мен ауқатты топтар да сенім­ділік­тің жоғары деңгейін көрсетеді. Азамат­тардың тұрақты сенімі көпбалалы отбасы­ларды қолдау, әйелдердің құқы­ғын қорғау­ға бағытталған шаралар, саяси реформалардың, әлеуметтік қол­даудың және экономикалық шара­лар­дың нәти­жесімен байланысты болуы мүмкін.

Тамыз айында жүргізілген сауалнамада қатысушылардың 74,8 пайызы Президенттің бас­тамасына сенім артса, 22,1 пайы­зы сенбейтінін көрсеткен. Ал қыркүйекте жүргізілген дәл осындай сауалнамада 74 пайыз респондент Президенке сенім білдірсе, 21,4 пайыз адам сенім білдіре алмайтынын айтқан. Сондай-ақ қарашадағы сауал­намада Прези­дентке деген сенім­нің деңгейі өскен. Айталық, сауалнамаға қатысушылардың 80,5 пайызы Президентке сенім білдірсе, 17,8 пайызының сенім білдіруге қинал­ғанын көруге болады.

Сонымен қатар Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас ғылыми қызмет­кері Айгүл Заби­ро­ваның айтуынша, тұр­ғын­­­­дар­дың көпшілігі өз елін азаматтық біре­гейлік негізінде біртұтас ұлт ретінде қабыл­дайды екен. Мысалы, респонденттер арасында жүргізілген «Біртұтас ел ретін­де не біріктіреді?» деген сауалға 46 пайызы – Қазақстан төлқұжатын басты бірік­тіруші фактор, 39,9 пайызы – ата-баба­ларының ортақ тарихы, ал 32% пайы­зы бір ғана ортақ тіл болу керек деген нұсқа­ларды атап өтеді. Ал 21,8 пайызы елдің мақтаныш сезімі, патриотизм­ді атаса, 21,3 пайызы – ортақ құндылықтар мен нормалар, 13,6 пайызы – бір этностық топтың мүшесі, 13 пайызы – ортақ дін, 1,6 пайызы «әзірге біртұтас ел жоқ» дегенді алға тартады. Демек бұл да елімізде ұлтқа бөлінушілік аз екенін көрсетеді.

Халықтың негізгі құнды­лықтарының ішінде отбасы, жұмыс, достары тұр. Жас­тар бос уақытын да маңызды басым­дық ретінде атап өтеді. Дінді құндылық ретінде көр­сеткендердің көбі – орта жас­тағы адамдар. Ал саясат құн­дылықтар жүйесінде үлкен маңызға ие емес. Яғни қандай құндылықтардың маңызды еке­нін білуге арналған сұраққа аймақтағы 8 мың адамның жауа­бында 99,6 пайызы – отба­сы, 92,9 пайызы – жұмыс, 92,4 пайы­зы – достар, 87,5 пайызы – бос уақыт, 74,3 па­йызы – дін, 53,8 пайызы саяси құн­ды­лықты «негізгі» деп атап көрсеткен.

Қоғамдық зерттеулердің нәтижесі барлық жағынан тек жағымды болмаса да, бұл жыл тұрғындардың ойынша табыс­ты жыл болды деп бағаланады. Өйткені халық арасында оптимизм сақталып тұр. Олар­дың арасында Мемлекет басшы­сы­ның жұмысын жоғары бағалап, елдің стра­тегиялық бағытын қолдаудың көбін көру­ге болады. Демек отбасы мен сенім сияқ­ты ұлттық бірегейлік пен құндылық бағ­дар­лары қоғамның одан әрі дамуы мен нығаюына негіз боларына сенім мол.