• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Желтоқсан, 2024

Таунхаус тарту етілді

58 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспана мәселесін шешуді Үкіметке тапсырған еді. Сол тапсырма негізінде жер-жерлерде мұқтаж жандарға үй, пәтерлердің кілті табысталып жатыр. Жақында Ақсу-Аюлы ауылындағы 60 отбасы баспаналы болды.

Биыл Шет ауданында тұрғын үй құры­лысы қарқынды жүрді, аудан ор­та­­лығының іргесінен жаңа шағын аудан бой көтерді. Соның нәтижесінде 60 от­басы жаңа баспанаға қол жеткізді. Оның ішінде бір бөлігі таунхаус тұрғыны болып шыға келді. Бюджет қаржысына салынған 24 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй мен 36 пәтерлі таунхаус кілті иелеріне салтанатты жағдайда табыс етілді. Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров қуаныш иелерін қоныстойымен арнайы құттықтады.

– Әрбір тұрғынның басты мәселесі – бас­паналы болу. Ел Президенті осыған ерекше назар аударып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеді. Тапсырма негізінде, облыс әкім­дігінің қолдауымен ауданымызда жаңа тұр­ғын үйлер құрылысы жос­парға сәйкес, жүйе­лі жүргізіліп келеді. Ал­дағы уақытта Ақа­дыр кентін­де 42 пәтер, Ақжал кентінде 8 пәтер пай­да­ланы­луға беріледі. Тәуелсіздік күніне орай тағы да кезекте тұрғандарға үйдің кіл­тін табыстаймыз, – деді Мұхит Сайлауұлы.

Мұнымен қоса, аудандағы төрт бірдей елді мекенде әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасы санатында тұрғандарды тұрғын үймен қамтама­сыз ету мақсатында республикалық «Самұрық Қазына» АҚ-нан бірінші нарықтағы жалпы саны 170 таунхаус және жер үйлер сатып алуға қаражат бөлінген, бұл бағыттағы жұмыстар да қалыпты жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде мемлекеттік бағдарла­мамен баспаналы болғандар аудан әкім­­дігіне риза­шы­­лығын білдірді. Жал­ғыз­­басты ана Алма Тәжібаеваның үй кезе­­гінде тұрғанына 15 жыл болған екен, ен­ді таунхаустың тұрғы­ны. Өз үйі апат­ты жағдайда болған соң жер­гі­лік­ті әкім­дік алдымен уақытша тұруға үй бер­ді. Енді, міне, үш бөлмелі үйге қол жеткізіп отыр.

Нұргүл Ибрахимованың да үй ке­зегіне тіркелгеніне 10 жылдай уақыт болыпты. «Сабыр түбі – сары алтын», деп күтіп жүрдім. Екі бөлмелі үйдің кілтін алып, қуанышқа кенеліп қалдық. Енді біз жаңа шағын ауданның тұрғынымыз»,  деді Нұргүл.

Ерлі-зайыпты Ерлан-Гүлден Мұс­тафиндер де өз шаңырағын ұзақ күткен­дердің бірі. Олар «қоныстойды қыс бойы атап өтетін болдық», дейді мерейленіп.

Ақсу-Аюлының іргесінен бой көтер­ген жаңа шағын аудан тұрғындарының арманы орындалып, шаңырақ шатты­ғын тойлауға күн кезегіне тұрып жатыр. Өйткені құдайы көрші болған олар қазақ салтымен бір-біріне ерулік беруге қызу кірісіп кетті.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы,

Ақсу-Аюлы ауылы