• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Желтоқсан, 2024

Татьяна ТАРСКАЯ: «Жолшыбай» рөлдер болған жоқ

147 рет
көрсетілді

Жаңа қойылымдарды жібермейтін алматылықтар үшін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Татьяна Тарскаяның есімі бөтен емес. Өнерде жолы болған, отандық сахнада өзіндік орны бар, талай актриса тек армандап өткен рөлдер бұйырған тұлғаны танымайтындар кемде-кем десек те болады.

Расында да талантты ак­тер­­лық жұптан туған, сах­наның ар жағында өс­кен Татьяна Тарская­ның өзі де тура 55 жылын сахна өне­рі­­не сыйлаған тұлға. Жасы 85-ке келсе ­де Алматыдағы аты аңызға айнал­ған Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса жарты ғасырда театрдың алтын қорына енген жүзден астам рөл сомдапты. Дәл осы күндері де Татьяна Николаевна «Над кукушкиным гнездом», «Сац. Хроника одной репетиции», «Мой дедушка был вишней», «Гарольд и Мод», «Примадонны» спектакльдерінде өнер көрсетіп жүр.

Татьяна Тарскаяның есімі өнер майталманы ретінде «Қазақ­стан энциклопедиясы» мен «Қазақ­станның Алтын кітабына» енгі­зілсе, мемлекеттік наградалары мен «Жыл актрисасы» атағы – сіңірген еңбегі мен талантының мойындалғаны.

– Мен актерлердің отбасында өмірге келіппін, – деп бастады әңгімесін Татьяна Николаевна. – Шыр етіп дүние есігін ашқанымда ата-анам Грозный театрының сахнасында өнер көрсетіп жүрген, ал мен, емізулі нәресте, сахна артында жатып, бүкіл рухын бо­йыма сіңіріп өстім. Жиі көшіп-қонатынбыз. Грозныйдан кейін ата-анам Свердловскіде жұмыс істеді. Соғыс басталғанда, театрдың жартылай жертөлесінде тұрдық. Үстелге шығып алып, терезеге қа­рап, тек қана ары-бері жүріп бара жатқан аяқтарды көретінім еміс-еміс есімде. Аяқтар, аяқтар, кішкентай және үлкен аяқтар... Бірақ үстімізде театр бар екенін білетінмін. Ригаға көшкен кезімізде анам Жас көрермендер театрында, ал әкем орыс драма театрында жұмыс істей бастады.

Айтқандай, Татьяна Тарская­ның анасы – Виктория Топоркова – Латвия КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, шағын, сүйкімді актриса болғандықтан, сахнада Күлбике, Түймеқыз, Қызыл телпек сынды рөлдер бұйырған екен. Әкесі Николай Тарский-Артеменко болса – сымбатты, шашы қара, көгілдір көзді, еңселі, сол кездегі әйгілі киноактер Дружниковқа ұқсаған.

– Анам Рига Жас көрермендер театрында «Қар ханшайымы» спек­таклінде Герданы ойнап жүр­ген­де, мектептің бастауыш сыныпта­рында оқитын едім. Герданы қа­рақ­шылар ұстап алғанда өлер­дей­ қорқып, орындықтың астына құ­лап, еңірегенім есімде және бұл шын Герда екендігіне сендім, тіпті аяп, жаным ашып кетті. Осындай тол­­қулы сәттер жан-дүниемде те­рең із қал­дырып, тағдырыма, ма­ман­­­­дық таңдауыма да әсер етсе керек.

Татьяна Николаев­на бірден актриса атана салмаған, себебі бұған әке-шешесі қарсы болады. Ригада мектеп бітірген­нен ке­йін Құрылыс институтында оқып жүрсе де, театрға деген сүйіс­пен­шілігі бұрынғыдан да күшейе түс­кендіктен, ешкімге айтпай, жасырын емтихан тапсырып, Рига ­театр студиясына қабылданады. Осы оқу­ды бітіргеннен кейін Та­тья­на Воронеждегі экспериментал­­ды театрды бетке алады. Ал екі жылдан кейін Алматыдағы орыс Жас көрермендер театрынан шақырту алғаны бүгінгідей көз алдында. Бұл – 1968 жылдың қыркүйегі болатын, міне, содан бері актриса Тарская табан аудар­май төл театрына адал болып келеді.

– Менің жолым болды, – дейді Татьяна Николаевна, – Өмір бо­йы өнер адамдарының немесе оны жақсы көретін, түсінетін жан­дардың арасында келе жатырмын.

Өзімді соғыстан кейінгі кезең­нің, алпысыншы жылдардың буынына жатқызамын. Ол кездегілер мүлдем басқа еді. Осы дәуірдің адамдары қиын-қыстау кезеңдер мен күйзелістен кейін сұлулық пен өнерге, шығармашылыққа жан-тәнімен ұмтылып, оны жүрегімен қабылдады.

Актерлік тұрғыдағы тағды­рым өте сәтті өрілді. Менде «жолшыбай» рөлдер болған жоқ, мен үшін әрбір рөл, тіпті кішкентай рөлдің өзі маңызды еді. Білесіз бе, талантты режиссердің қойылымдарында ойнаған кезде, ештеңені өзгерткіңіз келмейді. Театрда өз орнымда, өз ортамда жүргенімді түсін­дім, кез келген актрисаға бұйыра бермейтін, армандап қана өтетін рөлдерді ойнап келе жатырмын. Сол үшін театрыма өте ризамын! – дейді Татьяна Тарская.

Ақиқатында, актрисаның сах­налық қоржыны қомақты, маң­­дайына жолы болғыштық жа­зыл­ған ба дерсіз. Сонымен, 80-жыл­дардың І жартысында театр Әлия Молдағұлова туралы қойы­лымды сахналағанда Татьяна Тарская басты рөлді сомдайды.

Қойылымға Жазу­шы­лар ода­ғы­ның ақсақалдары келді. Көріп бол­ғаннан кейін олар: «Бұл біз­дің Әлия!», депті. Актри­са Тен­несси Уильямстың «Сынық қа­нат періште» қойылымында Аман­да Уингфилд сияқты үлкен, сал­мақты рөлді ойнап, осы еңбегі үшін 2000 жылы заманауи драматургия фестивалінде «Үздік актриса» дипломына ие болады. Ол «Мадмуазель де Бель Иль», «Бәрімен оңашада», «Вирджиния Вульфтан қорықпаймын» қойы­лымдарында, «Екі ханшайым бол­майды» спектаклінде Мария Стюартты, «Сац» қойылымында Наталия Сац сияқты талай рөл­дерді ойнап келеді.

– Менің ерекше бір сүйікті рө­лім болды. Режиссер Евгений Пра­солов маған жақсы көретін жазушым Федор Достоевскийдің «Қор болғандар мен қорланған­дар» шығармасының желісімен сахналанған Неллидің бейнесін сеніп тапсырды. Сол кезде бақыттан төбем көкке бір елі жетпей жүрді десем де болғандай. Өйткені бұл рөл туралы тіпті, армандап та көр­меген едім. Жас кезімде таңға дейін ұйықтамай, осы повесті көрпе астында жатып, шам жарығы­мен оқып, кейіпкерлердің тағдыры­на егіліп жылаушы едім. Рөлдер таратылғаннан кейін Прасолов маған келіп: «Мен сізге басты кейіпкер Наташаны емес, Неллидің рөлін бергеніме ренжіп жүрген жоқсыз ба?», – деп сұрағанда мен: «О не дегеніңіз! Нелли – арманым емес пе? Бұл менің сүйікті Достоевскийім ғой», деп жауап бердім. Осы қойылымнан кейін көрермендер маған енді Мәскеуге бару қажеттігін жазып жатты.

Татьяна Тарская өзінің тамаша мансап жолында талай талантты режиссерлердің қойылымдарында ойнаса, өнер жолындағы ұстаздары да шеберлігін жоғары бағалап, ең күрделі және әр алуан рөлдерді сеніп тапсырды. Дегенмен, осындай жарқын естеліктердің арасында актриса үшін ерекше қымбатты режиссер бар.

– Режиссер Борис Преобра­женскийдің маған тигізген ықпалы орасан. Меніңше, бойымдағы ак­терлік жаңа қырларымды осы режиссер ашты, адам табиғатын зерт­теу үдерісін одан сайын жақ­сы көре түстім, образ, кейіп­керлеріммен бұрынғыдан да тиянақ­ты­рақ жұ­мыс істей бастадым. Мен үшін бұл жарқын, жемісті шы­ғарма­шы­лық кезеңге айналды. Борис Нико­лаевич театрды және актерлерді қалай жақсы көрді десеңізші – оған әртістердің тынысы ашылып, өз рөлдерінен жаңа дүние тапқанын көру маңызды болатын. Кімнің болса да рөлді керемет ойнап шыққанын әрқашан мақтан тұтып, театр мен өнерге деген сүйіспеншілігімен бәрімізді шабыттандыратын. Әрине, өзімді осы режиссердің актрисасы деп есептеймін.

Жоғарыда атап өткендей, дәл осы күндері Татьяна Тарскаяны «Гарольд и Мод», «Примадонны», «Пушкин live» және «Над кукуш­киным гнездом», «Мой дедушка был вишней» сияқты бірқатар тамаша қойылымнан көруге бола­ды. Бірақ оның барлық жұ­мы­сы­ның ішінде режиссер Галина Пьянованың 2023 жылы қойған «Сац. Хроника одной репетиции» қойылымы ерекше орын алады, онда Татьяна Николаевна театрдың негізін қалаушы Наталия Ильинична Сацтың бейнесін сон­шалықты тереңдікпен сомдайды.

Тағы бір қызығы, осы жел­тоқсан айында актрисаның мерей­­тойына орай Сац театры «Та­тьяна Тарская. Тағдырыңды ойнап шығу» атты қайталанбас өмір­баяндық спектаклін ұсынғалы отыр. Байырғы актриса осы қойы­лымда жаңа буынның экстремал­ды жанры – стендап-шоуда өзін сынап көрмек. Қойылымның әрбір сөзі мен оқиғасын тоқыған шынайылық, тереңдік пен адамға деген сүйіспеншілік Татьяна Тарская үшін әлі де үлкен мәнге ие екендігін паш етіп, көрермендер­ге актрисаның шығармашылық ғұмырына сүңгуіне мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ